Мыңға жуық қару тәркіленді
Мыңға жуық  қару тәркіленді
305
оқылды
Қаңтардың басындағы  дүрбелең кезінде қолды болған қару-жарақ әлі толық табылып, тәркіленген жоқ. Дегенмен  қолын­дағы қаруды өз еркімен тапсырған азаматтар да бар.  Жалпы,  күні бүгінге дейін қолды болған 967 дана қару табылды. ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов арнайы бри­фингте ұрланған қаруларды із­дестіру шаралары жалғасып жат­қанын айтты. Оның сөзіне қара­ғанда, 967 қару мен 19 мың­нан ас­там оқ-дәрі табылып, тәр­кіле­ніп­ті. Тіпті, кейбір азаматтар бір емес, бірнеше қаруды ұрлап кет­ке­ні белгілі болды. «Мысалы, Талдықорғанда 5 қаң­тарда жаппай тәртіпсіздік­терге белсенді қатысқан, қала­лық По­ли­ция басқармасының ғима­ратынан 7 Макаров тапан­ша­сы мен 1 Калашников авто­матын ұрла­ған осы қаланың үш тұрғыны ұсталды. Ұрланған қару тәркі­ленді. Күдікті адамдар сот санк­ция­сымен қамауға алынды. Жам­был облы­сында Тараз қаласының тұрғыны ұсталды. Оның га­ражында 4 авто­мат, 8 жарақат­тайтын тапанша, 1 газды тапанша, олардың оқсал­ғыш­тары, 945 бір­лік оқ-дәрі және суық қару та­бы­лып алынды», – деді  С.Әділов. Оның айтуына қарағанда, тауып алған қаруларды ерікті түр­де тапсырған азаматтар әкім­шілік те, қылмыстық та жауап­кер­ші­лік­ке тартылмайды екен. Сондықтан по­лиция офицері азаматтарды қару­ды ерікті түрде тапсыруға ша­қырды. Бірақ ұр­ланған мүлікті із­дестіру жалғаса бермек. Қазірдің өзінде біршама мүлік табылыпты. Атап айтқанда, жедел із кесу мен тергеудің нәти­жесінде азаматтар мен бизнес субъектілерінің жалпы сомасы 110 млн теңгеге бағала­на­тын ұр­лан­ған мүлкі, оның ішінде 10 авто­машина, 301 дана тұрмыс­тық техника, 188 дана зергерлік бұ­йым, 250 ұялы телефон, 16 млн тең­ге, 472 дана киім табылыпты. Ал тонау мен ұрлық істегендердің бірқатары бұрын істі болған аза­мат­тар екені белгілі болған. Кү­дік­ті адамдардың өмір салты мен жеке басын зерделеу олар­дың үш­тен бірі немесе 113-і бұ­рын сот­талған адамдар болып шықты. Соның ішінде кісі өлтіру, зорлау, қарақшылық үшін сот­тал­ғандар басым. Ал 8-і ұрлық, тонау сияқты қылмыстар үшін республикалық іздестіруде бо­лыпты.