Обырға шалдыққан бала көбейді
Обырға шалдыққан бала көбейді
480
оқылды
Қатерлі ісік  – ел атын атауға қорқа­тын дерттің бірі. Денсаулық сақтау саласы үшін де мәселеге айналған ауру. Обыр бойынша диспансерлік есепте тұрған адам­ның саны елде 100 мыңдап (2021 жылы 180 мыңнан аса) саналады. Енді бұл ауру ересектерді қойып, балалардың арасынан жиі анықталатын болды.  

Сандар адам шошытады

Қазақстанда жыл сайын орта есеппен 14 жасқа дейінгі 400-ден астам бала қатерлі ісікке шалды­ғады екен. Жағдай жақсы емес, оның үстіне соңғы уақытта бұл көр­сеткіш өсіп бара жатыр. Мәсе­лен,  2021 жылы бұл қорқынышты диагноз 591 баладан табылған. Оның 40 пайызынан «ақ қан» белгісі шыққан. Шамаласақ  600-дің айналасына жуықтап тұр. Әр жыл сайын 124 бала дертін жеңе алмай, көз жұмады. Негізі, ауру анықтал­ған­нан кейін 90 пайызында айығуға мүмкіндік болады. Соңғы бесжыл­дықтың көлемінде балалар обырына қатысты статистика шошытып жүр. 2018 жылы 610 бүлдіршіннен қатерлі ісік  табылғанда жағамызды ұстағанбыз. Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстанда соңғы 7 жылда бала­лар­дың қатерлі ісікке шалдығу дең­гейі тұрақты деген пікірде. Жағ­дайды ақтағысы келе ме, әйтеуір біздегі көрсеткіш салыстырмалы түрде басқа елдерден төмен екенін алға тартады. Қазақстанда 100 мың бала­да 14-15 жағдай тіркеледі. Көрші Ресейде 100 мыңға шаққанда 19 жағдай. Аса бір үлкен айырма­шылық жоқ. Келешекте бейжай қарайтын болсақ, асып түсуіміз де мүмкін. Осы күні елімізде әртүрлі онкологиялық және гематология­лық ауруға шалдыққан әртүрлі маман үнемі бақылап отыратын 4 621 бала бар. Әсіресе, Алматының үлесі тым басым, обыр дертімен есепте 2 300 бала тұр. Жыл басталмай жатып-ақ Нұр-Сұлтан қаласы­ның Денсаулық сақтау басқармасы бүлдіршіндердің қатерлі ісігі белең алып тұрғанын жария етті. Өйткені елордада жыл сайын 38 баладан осы дерт анықталады. Бұл ауруға шалдыққан балаларды емдеумен 2013 жылдан бері екі республикалық клиника айналысады. Олар – Алматы қаласындағы Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығы мен астана­дағы University Medical Center ұжымдық қоры. Бұдан басқа, көп­бейінді облыстық балалар ста­ционар­ларының базасында онко­логиялық және гематологиялық бейіндегі науқастарға арналған бөлімшелер бар. Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институты да дертті анықтап, ем тағайындауға күш салып жүр. Институтта әр пациент 1,5 ай көле­мінде ем қабылдайды. Ол үшін әлемде санаулы данасы бар томотерапия жасайтын құрылғы қолданылады. Кейін бала оңалса да 5 жыл бойы дәрігер бақылауында жүруге мәжбүр. Жылына тек осы мекемеде 2 мыңнан астам жеткіншек химия және сәулелі терапиядан өтеді. 18 жасқа дейінгілердің ең көп шалдығатыны – гемобластоз бен мидың қатерлі ісігі. Жиі қойылатын диагноз қатарында бүйрек пен сүйектің де қатерлі ісігі тіркелген. Біз сөйлескен Қазақ онкология және радиология ҒЗИ-дің басқарма төрайымы Диляра Қайдарова осыны айтып отыр. – Тағайындалған ем-дом шаралары заманауи құрал-жабдықпен жасалса да ауыр өтеді. Осы жайт ата-аналардың жанына батады. Ең әуелі балаларда қатерлі ісіктің бар-жоғын ерте анықтау бәрінен маңызды. Әрбір ата-ана ай сайын перзентін емханаға апарып, скрининг жасатуы қажет. Сонда ертерек дерттің алдын алуға болар еді. Қай ауруды алсаңыз да уақыт рөл ойнайды, – деді Қайдарова.

Себеп сан түрлі. Дәрігер тапшы

Кейде баланың әлсірегенін, денесінің себепсіз сәл көгеріп, іскенін ұсақ нәрсеге балап, көңіл бөлмей кететін кездер бары жасырын емес. Онкологтер осындай ұсақ нәрсені де ескеру қажетін жиі айтып жүр. Тексеруге апарған күннің өзінде білікті маман бар ма? Денсаулық сақтау министрлігі республикада барлығы 81 балалар онкологі бар екенін жеткізді. Оның біразы елорда мен Алматы секілді үлкен қалаларда жиналған болса, өзге облыстарда бар болғаны 2-3 маманнан жүруі мүмкін. Бұдан  да басқа  мәселе көп. Мысалы, елдегі мамандар балалар обыры кө­беюінің нақты бір себебін дөп басып айта алмай отыр. Әрине, жорамалдар жетерлік. Экология, жүкті кезінде әйелдің депрессияға түсуі, туабітті деген сияқты себептерді тізе беруге болады. Алайда ауруда қай себептің үлесі қанша пайыз? Жауап жоқ. Осы тұста балалар онкологі Жарылқасын Амантаевтың пікірін сұраған едік. – Ересек адамның өзінен осы диагноз анықталса, дәрігерге науқас пен оның жақындарына жағдайды айту ауыр болады. Ал ауру баланың бойынан шыққан кездегі халімізді бағамдай беріңіз. Қиын екенін жеткізе алмаймыз. Ата-анасына айту бір бөлек, балаға жағдайды түсіндіре алмайсыз. Сөйлесу қиын, көп бүлдіршін дертті жеңгісі келмейді. Енді себебіне келейік. Түрлі дәйекті алға тартамыз, бірақ маман ретінде «басты себебі мынау» деп дөп баса алмаймыз. Шынымен, көбінде туғаннан пайда болады. Расын айтайық, бұл дерт балалар арасында бұрыннан көп. Алайда анықтал­май қалатын. Себебі диагностика жағы әлсіз болды. Беріге дейін кейбір аудандарда УЗИ аппараты­ның өзі тапшы болған. Сондықтан ауру көбейген жоқ, анықталғандары көбейді деген жөн шығар, – дейді маман.

Түйін:  

Елде балаларда қатерлі ісікті I, II сатысында анықтау деңгейі 2015 жылы 29 пайыз болған. Былтыр бұл көрсеткіш 52 пайызға жетті. Демек, әлі де дамытуды қажет етеді. Дерттің дер кезінде анықталғаны жақсы. Кейін сауығу да оң әсерін тигізеді. Әйтеуір елде бұл аурумен күресте қолайлы жағдай жасалған десе болады. Емдеу шараларының барлық түрі балалар үшін тегін.