Дәрігерлерді кім қорғайды? – Депутаттар ана мен бала өлімі көп тіркелген үш өңірдің біріне барды
Дәрігерлерді кім қорғайды? – Депутаттар ана мен бала өлімі көп тіркелген үш өңірдің біріне барды
406
оқылды
Мәжіліс депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракциясының мүшелері Ғалымжан Елеуов, Сергей Симонов, Аманғали Бердалин Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығының ұжымымен кездесті. Кездесу барысында медицина қызметкерлерін әлеуметтік қорғау және ана мен сәби өлімінің алдын алу мәселелері талқыланды. Атап айтқанда, 2020 жылы Қазақстандағы ана өлімі 3 есеге жуық өскен болатын. Ақтөбе облысы ең нашар көрсеткіш көрсеткен үш өңірдің қатарына кірді. Осы орайда, елімізде нәресте мен ана өлімінің деңгейі артқанын өзекті мәселе ретінде Ғалымжан Елеуов өзінің депутаттық сауалында көтерді. Депутаттар жаңа орталықтың көмегімен, сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының акушерлік-гинекологиялық көмекті ұйымдастырудағы дұрыс тәсілімен жағдайды оңалтуға болатынына сенімді. – Өздеріңіз білетіндей, өңірде сәби өлімінің артуы байқалады. Негізгі себептердің бірі – мерзімінен бұрын босану. Жаңа облыстық перинаталдық орталық бұл мәселені қолға алып үлгерді. Мұнда жақсы жабдықталған реанимация бөлімі – дене салмағы өте төмен, бір килограмнан аз туылған нәрестелерді күту мүмкіндігі пайда болды, – деді Мәжіліс депутаты Ғ.Елеуов. Ақтөбе облыстық перинаталдық орталығы «Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асырудағы «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты Жол картасы аясында былтырғы жылдың желтоқсанында ашылды. Орталық әйелдердің неғұрлым ауыр контингентіне, оның ішінде жүкті, босанатын, босанған әйелдерге, сондай-ақ жаңа туған балаларға көмек көрсетуге арналған. Мұнда бедеулікті диагностикалау мен емдеуді жүргізуге, жүктілікті сақтауға және босануға көмек көрсетіледі. Перинаталдық орталықта тәулігіне шамамен 25-30 сәби дүниеге келеді. Жылына 7 мыңға жуық ана босанады. Жаңа медициналық мекемеде барлығы 190 төсек-орын бар, консультативтік-диагностикалық орталық 120 адамға арналған. Барлық медициналық жабдықтар заманауи перинаталдық технологиялардың талаптарына сай. Атап айтқанда, әрбір операциялық және реанимациялық бөлме медициналық газды орталықтан беретін консольмен, наркозды-тыныс алу аппараттарымен және ана мен жаңа туған сәбидің жағдайын бақылайтын мониторлармен жабдықталған. Медициналық көмек көрсетуге және жаңа туған сәбиді күтуге арналған бөлмелер, ауаны залалсыздандыратын желдеткіш жүйесі де бар. Медицина қызметкерлері депутаттарға дәрігерлердің әлеуметтік қорғалуы төмен деңгейде екенін жеткізді. Олардың пікірінше, дәрігердің қоғамдағы беделінің төмендеу тенденциясы қайтымсыз болып қалмауы үшін оларды әлеуметтік қорғаудың қолжетімді жолдарын, қорғау субъектілері арасындағы функцияларды бөлуді және оны жүзеге асырудың нақты шараларын анықтау қажет. Осыған байланысты, депутат Ғ.Елеуов өткен жылы №30 жеке тараумен қабылданған медицина және фармацевтика қызметкерлерінің мәртебесін көрсететін «Денсаулық сақтау кодексі» үлкен жетістік екенін атап өтті. Мәжілісменнің айтуынша, құжат заң шығарушы медицина қызметкерлерінің құқықтары мен міндеттерін, әлеуметтік кепілдіктер мен әлеуметтік қорғауды белгіледі. Объективті негіз қаланды, бірақ бұл нормаларды халықаралық тәжірибені ескере отырып қарастыру керек.