Жынысын ауыстырып, жеңіске жеткен
Жынысын ауыстырып, жеңіске жеткен
736
оқылды
Замана ағымына сай спорт индустриясы өзгеріп отырады. Спорт ережелері, Олимпиада тізіміндегі спорт түрлері, басқалары сан құбылғанын көріп келеміз. Соңғы жылдары жынысын ауыстырған трансгендер спорт­шылардың мәселесі шықты. Өмірінің бел ортасына дейін ер азамат болып, кейін әйелдер жарысына қатысатындар көбейді. Алайда бұл әділет заңына қарсы емес пе? Әлемде трансгендерлердің көбейген шағы 1972 жылмен тұспа-тұс келеді.  Дәл осы жылы бөтен ағзаны қондырған кезде иммунитеттің қарсылығын басатын «циклоспорин» дәрісі пайда болды. Осы препараттың арқасында талай операциялар сәтті өтіп, бұрын ағзаның жаңа органды қабылдамауынан жапа шеккен трансгендерлер еркінше ота жасата беруге мүмкіндік алған. Кейбір мемлекеттердің жыныс ауыстыруға заңды түрде рұқсат бере баста­ғаны да осы тұс. Сол елдердің алғашқысы Швеция екенін айта кеткен жөн. Ал Қазақ­станда жыныс ауыстыру 2009 жылдан бастап заңдастырылды. Бір анығы, әлемде қанша трансгендерлер бар екені туралы нақты статистика жоқ. Өйт­кені көбіне аталған санаттағы адамдар өз ерек­шеліктерін көрсетпеуді қалайды. Плас­тикалық хирургтарға жасалған өтініштердің санын және кейбір сауалнамалардан алынған мәліметтерді ескере отырып, әлеумет­танушылар олардың санын шамамен болжап, 112 миллионға жуықтайтынын айтқан. Әйел бола тұра өзін еркек сезінетіндер немесе еркек болып дүниеге келгенімен, әйелдерше өмір сүретіндердің бірқатары ерте кездерден-ақ спорттың бірнеше түрінде бақ сынаған. Оларға қатысты даулы оқиғалар да жетіп артылады. Әсіресе, Олимпиада ойындары және басқа да жоғары деңгейдегі спорттық жарыстар кезінде трансгендерге қатысты бір емес, бірнеше рет шу шықты. Оның ішінде әйелдер арасында жарысқа түскен ер азаматтарға қа­тыс­ты айтылған шағымдар мен айыптаулардың санында есеп жоқ. Алдымен солардың ең алғашқыларының біріне тоқталайық. 1949 жылы Лондонда әйелдер арасында өткен жарыста 100 м және 200 м қашықтықта жеңіске жеткен нидерландтық жеңіл атлет Фукье Диллема бір жылдан соң спорттан өмір бойына шеттетілді. Жеңімпаз спортшы 1950 жылдың тамызында міндетті жыныстық хроматин сынамасын тапсырудан бас тартып, оның 200 метрдегі 24,1 секундтық ұлттық рекорды да күшін жойды. Мұнан соң әйелдер спортында жеңіске жеткен спортшыларға қатысты күмән көбейді. Кейін араға бірнеше жыл салып, 1966 жылы жеңіл атлетикадан Еуропа чемпионы болған бірнеше әйел тест тапсырды. Нәти­жесінде,олардың бірнешеуінің ер адам екені белгілі болды. Бұл оқиға да жарысты ұйымдастырушыларға үлкен сын болды. Ал нақты Олимпиадалық ойындарда спортшы­ның жынысын медициналық тексерістер арқылы анықтау 1968 жылдан бастап қолға алынды. 1960-70 жылдары жеңіл атлетикадан бөлек, теннис спортында да ер азаматтардың әйелдер арасында өтетін турнирге қатысуы жиілеп кетті. Соның салдарынан көп жа- рыстарда әділетсіздік салтанат құрды. Мұның соңы үлкен жанжалға ұласты. Ісі сотқа дейін барған трансгендерлер арасындағы алғашқы беделді тенисшілердің бірі Рене Ричардс болды. Ол 1975 жылы жынысын ауыстырғаннан кейін араға бір жыл салып әйелдер арасындағы турнирлерде ойнай бастады. Оның жарыстағы көрсеткен нәтижесіне қарсыластары наразы­лық танытты. Кейін теннисшіден жарысты ұйымдастырушылар турнир алдында адамның жыныстық хромосомаларын анықтайтын тесттен өтуін сұрайтын болды. Бірақ Ричардс тест тапсырудан бас тартты. Содан соң оған US Open және өзге де турнирлерге қатысуға тыйым салынды. 1977 жылы Рене өзінің азаматтық құқығы бұзылғанын айтып, сотқа бірнеше рет шағым түсірді. Көп өтпей Нью-Йорк Жоғарғы сотының судьясы спортшының денесінен алынған сынақтан соң Ричардсты заңды түрде әйел деп таныды. Даулы мәселеде жеңіске жеткен 43 жастағы Рене мұнан кейін де теннистен әйелдер арасында өткен ашық чемпионаттарға қатысты. Алайда оған тағыл­ған айыптау аз болмады. Халықаралық жеңіл атлетика федерация­ларының қауымдастығы 1992 жылы барлық спортшыларға қатысты жыныстық скринингті тоқтатты. Бірақ күмән туған жағдайда жарысқа қатысушының жынысын анықтап, тексерді. Ал 1996 жылы Халықаралық Олимпиада комитеті дүниежүзілік конференция барысында «Олимпиада ойындары кезінде гендерлік растау процесін тоқтату туралы» қаулы қабылдады. Араға 7 жыл салып ХОК  жыны­сы бойынша трансген­дерлердің Олим­пиа­даға қатысуына рұқсат берді. Осылайша, бұған дейін халықаралық спорттық бәсеке­лерде басы талай мәрте дауға қалған трансгендерлерге уақыт өте келе бірқатар жеңілдіктер жасалды. 2015 жылғы нұсқауларға сәйкес, трансгендер әйелдерге өздерінің жынысын заңды түрде танудың қажеті жоқ екені, бірақ тестостерон деңгейін шектеуі тиіс екені айтылды. 2020 жылғы Токиодағы жазғы Олимпиада ойындарына қатысқан бірінші трансгендер әйел жаңа зеландиялық ауыр атлет Лорел Хаббард төртжылдықтың басты додасында жүлде алмаса да, оның өнері, өмірі көптің талқысына түсті. 35 жасына дейін ер адам ретінде өмір сүрген Лорел 2012 жылы жынысын ауыстырған. Әйел ретінде алғаш рет 2017 жылы халықаралық ауыр атлетика жарыстарына қатыса бастаған. Сол жылы Хаббард әлем чемпионатында әйелдер арасында ауыр салмақтағы күміс медальді жеңіп алды, ал 2018 жылы ол британдық Достастық ойындарына қатысты. Бірақ жарақатына байланысты сәтті өнер көрсете алмады. Мельбурндегі Australian International және Australian Open 2017-де ол +90 келі салмақтағы атлеттер арасында серпе көтеруде 123 келіні және  жұлқа көтеруде 145 келіні бағындырып, алтын медальді жеңіп алды. Осылайша, ол Жаңа Зеландиядағы халықаралық ауыр атлетика титулын жеңіп алған алғашқы транс әйел атанды. Жарыстан соң Хаббардты сынаушылар көбейді. Ол жарыстарға қатысуға қойы­латын талаптарға сай болса да, оның бәсеке­лестері Лорелдің жеңісін әділетсіз деп бағалады. Спортшылармен қатар Аустралия ауыр атлетика федерациясының атқарушы директоры Майкл Уилан да Хаббардты жеңімпаз деп есептемейтінін айтты. Аздаған жарақатынан соң Хаббард 2019 жылы Самоадағы Тынық мұхиты ойындарында екі алтын медаль жеңіп алды. Мұнан соң спортшы Самоа төрағасы Лоау Соламаламало Кенети Сио мен Самоа премьер-министрі Туилаеп Айоно Саилеле Малиелегаойдың да сынына ұшырады. Араға бір жыл салып, Римде өткен 2020 жылғы әлем чемпионатында Лорел Хаббард әйелдер арасында +87 кг салмақ дәрежесінде тағы да алтын медальді мойнына тақты. Бұл кезде де трансгендер спортшыға қарсы тараптар шабуыл жасады. Белгілі блогер Аршат Ораз да трансген­дерлердің жарыстарға қатысуы әйелдер спортына жасалған үлкен соққы деп есептейді. – Трансгендерлердің әйелдер арасында өтетін жарысқа қатысуы әділетті емес. Өйткені жынысын ауыстырса да, олардың денедегі тестостероны өзгермейді. Мұндай биология­лық артықшылық әлбетте әйелдермен жарысқан кезде басымдық береді. Яғни, өз құ­қықтарын алға тартқанымен, екінші жақ­тан әйелдер құқығын бұзып жатады. Сон­дықтан трансгендер спортшылар әйелдер жарысына қатыстырылмауы керек. Жарыстан бөлек шешінетін, жуынатын бөлмеде де қыздар трансгендер адамды көруден ыңғай­сызданады екен. Психологиялық мәселелері де бар. Спортшыларға кері әсер етуі мүмкін. Жыныс­тық ориентация – әркімнің өз таңдауы, әлбетте. Бірақ спортқа араласпағаны жөн. Бәлкім, алдағы уақытта мұндай спортшыларға бөлек жарыстар ұйымдастырылатын шығар, – дейді ол. Көптеген спорт мамандары мен сарапшылар әйелдер арасында трансгендер­лердің сынға түсуі ақыл-ойға қонымсыз деп сын айтқанымен, әлемдік спортта бұл үрдіс белең ала бастады. Дегенмен алдағы уақытта трансгендер спортшыларға қатысты шешім әлі сан мәрте өзгеруі мүмкін.