Қорғансыз кітапханашының күні
Қорғансыз кітапханашының күні
© коллаж: Елдар Қаба
2,167
оқылды
Мәдениет министрлігі жаңа мереке ұсынды. Елде «22 қазан – Кітапханашы күні» деген кәсіби мереке пайда болмақ. Алайда кітапханашылардың мейрам­дататын жағдайы жоқ. Жалақысы төмен, мәртебесі техникалық персоналға тең. Сонымен бірге олар жүк түсіруші, сұрыптаушы, курьер, сан алуан бұқаралық іс-шараларды ұйымдастырушы, баспасөз хатшысы секілді ақысы төленбейтін қызметтерді қоса атқаруға мәжбүр.

Жұпыны жағдай имиджді ойлатпайды

Мәдениет және спорт минис­трлігі «Қазақстандағы мерекелік күндердің тізбесін бекіту туралы» 2017 жылғы 31 қазандағы №689 қау­лыға толықтыру енгізетін Үкі­меттің жаңа қаулысының жобасын әзірлеп, қоғам талқысына шығарды. Премьер-Министр Әлихан Сма­йыловқа түсіндірме жазбасында Мә­дениет және спорт министрі Дәу­рен Абаев бұл бастама вице-пре­мьер Ералы Тоғжановтың 2021 жыл­ғы 5 тамызда берген тапсырма­сына сәйкес көтеріліп отырғанын жазды. Бұған қоса, 2021 жылғы 24 тамызда Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова №270 бұйрығымен «Қазақстанда кітапханаларға оқырмандарды тарту және кітап оқуды насихаттау жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарын» бекітіпті. Соның 67-тармағында кітапханашылардың төл мерекесін белгілеу көзделген екен. «Жобаның мақсаты – кітап­ханашы мамандығының имиджін көтеру және оны кәсіби аренада ын­таландыру», – дейді Д.Абаев. Бұл кәсіптің беделі де, маман­дық иелерінің ынта-ықыласы да жалақы өспей, көтерілмейді. Мы­салы, ауыл мектептерінде мұғалім­дер өз жалақысына 25% үстемеақы алады. Ал «ауылдық үстемеден» еден жуушы, күзетші секілді тех­никалық персоналмен бірге кітап­ханашылар да қағылған. Көкшетау тұрғыны Диана 30 жылдық өтілі бар анасының мектеп кітапханашысы болып қызмет атқаратынын айтады. Білімі – жоғары. «Салықтары мен жарналарын шегергенде қолына алатын жала­қысы – 85 мың теңге. Бұл маман­дарға мемлекет неге сонша аз тө­лейді? Ертеден қара кешке дейін еңбек етеді, мектептегі түрлі іс-ша­раларды ұйымдастыру соған жүк­телген. Бүкіл мектептің кітап қоры – соның мойнында. Ол да оқушы­лармен жұмыс істейді. Бірақ педа­гогтердің еңбегі жоғары бағаланады. «Неге жоғарыға шағымданбай­сыздар?» десем, қорқады. Әрі одан нәтиже шықпасына сенімді. Себебі бүкіл қалада 45 кітапхана қыз­мет­кері ғана қалған, үлкен резонанс тудыра алмайды. Директор шула­дың деп қуып жіберуі мүмкін. Сонда билік наразылық білдірмеген адамдарға назар аудармай ма?», – дейді ол.

Парадокс «тұзағындағы» кәсіп

Қарағанды қаласының Нұркен Әбдіров атындағы жалпы білім бе­ретін мектебінің кітапхана меңге­рушісі Елена Бакалейко кітапха­нашы беделі мен мәртебесі төмен болуының басты бір себебін атады: «Білім және ғылым саласындағы азаматтық қызметшілер лауазым­дарының тізіліміне» (2016 жылғы 29 қаңтардағы №123 бұйрыққа) сәйкес, педагогтер «В» блогына, ал кітапханашылар «С» блогына жатады. «Кітапханашылар мектеп ди­ректорының тәрбие жұмысы жө­ніндегі орынбасарының бақыла­уына көшті. Салдарынан кітапхана қызметкерлері үнемі ақысы төлен­бейтін жұмыстарды атқаруға тар­тылады. Оларға оқулықтар мен әде­биеттерді жеткізу мәселесін өз бетінше шешуге тура келеді. Оқу­лықтарды өңдеу де жұмыс уақы­тының нормативтерінде ескеріл­меген, ал бұл өте көп уақыт алатын жұмыс. Сондай-ақ жұмыс уақыты­мыздың көбін мектеп арасындағы оқулықтар алмасу алып қояды: ауысып келген оқушыларға оқулық жиынтығы жетпейді де, оны іздеп, өзге мектептерге сабыламыз. Мек­тепте бұған арналған көлік болма­ғандықтан, жолға және тасымал­дауға өз қалтамыздан шығын шы­ғарамыз», – дейді Е.Бакалейко. Е.Бакалейконың айтуынша, мұндай жағдайда әкімшілік-ша­руашылық және құқықтық функ­ция­ларды орындайтын персонал, яғни кітапханашылар тек мектеп директорына бағынуы тиіс: «Ди­ректор кітапханашылармен бірге материалдық құндылықтардың бүтіндігі үшін әкімшілік және қыл­мыстық жауапкершілік арқалайды. Ал Тәрбие және оқу жұмысы жө­ніндегі орынбасар кітап қорының бүтіндігіне жауапты емес, оған басы ауырмайды», – деген ол кереғар жағ­дай, парадокс қалыптасып отыр­ғанына назар аудартты. Бір жағынан, Білім және ғылым ми­нистрлігі кітапханашыларды «оқу-тәрбие процесін жүргізбейді» деп «С» блогына қосып қойды, сөйтіп аз жалақы төленеді. Екінші жа­ғы­нан оларды оқу-тәрбие процесін ұйымдастыруға жұмылдырып, со­ған жауапты орынбасарға бағын­дырып қойған. Айтқандай, мектеп кітапхана­шылары да оқушыларға сабақ өт­кізеді. Тек мұғалімдердікі «сынып сабағы», ал кітапханашылардікі «кі­тапхана сабағы» деп аталады. Осыған орай көрші Ресей екеуінің мәртебесін теңестірді және «педа­гог-кітапханашы» деген мәртебе енгізді. Біздің шенеуніктердің «екіұдай стандарты» кәсіп иелерінің еңсесін езеді.

Үкіметтің жалақыны өсіру жоспары бар

Білім және ғылым министрлігі кітапханашылар арасындағы әлеу­меттік кернеуді азайту үшін олар­дың жағдайын жақсартуға бағыт­талған шаралар қабылданып жат­қанын жеткізді. 2021 жылғы 1 ақ­панда БҒМ мен салалық кәсіподақ арасында 2021-2023 жылдарға ар­налған келісімге қол қойылыпты. Соның 6.15 бөліміне сәйкес, бү­гінде мектептердегі кітапха­нашы­лардың, медқызметкерлердің, бас бухгалтерлердің және басқасының ақысы төленетін еңбек демалысы 3 күнге көбейтілді. БҒМ әкімшілік персоналдың, яғни «С» блогына жататын қызмет­керлердің еңбекақысын көтеру мә­селелері өзінің құзырына жат­пай­тынын, оған Еңбекмині жауап беретінін айтады. «Қазір білім саласында жұмыс істейтін кітапханашыларға лауа­зымдық айлықақының 30 пайызы мөлшерінде үстемеақы белгілеу мәселесі пысықталуда. Бірақ бұл бастама мембюджеттен қосымша қа­ражат талап етеді. Сондықтан мә­селе бюджеттік жоспарлау сала­сындағы уәкілетті органмен бірге талқыланып жатыр. Ол елдегі эко­но­микалық ахуалға және бюджет­тің кіріс бөлігіне байланысты бо­лады», – деген түсініктеме берді Білім министрлігі. Біріншіден, Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жол­дауын орындау мақсатында 2022 жылдың қаңтарынан ең төменгі жалақы 42 500 теңгеден 60 мың теңгеге дейін өскенін еске салды. Бұл қадам 1 млн 650 бюджеттік сала қызметкерінің табысын өсірді. Екіншіден, министрдің мәліме­тінше, 588 мың азаматтық қызмет­шінің – кітапханашылар, музей, архив қызметкерлері, орманшылар, техникалық персоналдың жала­қы­сын 4 жыл ішінде кезең-кезеңмен арттыру жоспарланып отыр. Нә­тижесінде, олардың жалақысы 2022 жылдан бастап жыл сайын 20 па­йызға көтеріледі және 2025 жылға қарай екі есеге дейін өсуі керек.

Сала реформаға зәру

Әрине, тек мектеп кітапхана­шыларының ғана жағдайы қиын деген әбестік болар. Қалалық, ұлт­тық мәртебедегі бұқаралық кітап­хана қызметкерлерінің жұмысы да ауыр: олар ұдайы жүкші қызметін атқарып, баспалардан жүк көлік­теріне толып келетін кітаптарды түсіруге жұмылдырылатынын ай­тады. Одан кейін сұрыптаушыға айналады: кітаптарды техникалық өңдеп, жинақтайды, таңбалап, та­ратады. Бұл ретте негізгі міндет­те­рінен оларды ешкім босатпайды, қатар атқаруы шарт. Аудан-қала кі­тапханашылары жүкші, бухгал­тер, библиограф, методист, мең­геруші, ісқағаз жүргізушісі және басқа да ақысы-пұлы қарастырыл­маған лауазымдарды қатар алып жүреді. Олардың да жалақысы аз: 70-120 мың теңге аралығында. Сал­дарынан ерлер кітапханашы бо­лудан қашады. Кітапханашы – әйел­дердің кәсібіне айналып ба­рады. Ал жүк көліктерін түсіргеннен кейін олардың денсаулығына нұқсан келеді. Сондай-ақ өңірлердегі кітап­ханашылар «өздерін әкімдіктер бір­неше жылдан бері аудандық, об­лыстық газеттерге жазылуға күш­теп келе жатқанына» қарсылық біл­діріп, антикоррупциялық орган­ға дейін барған. Қынжылтатыны сол, Қазақ­стан – кітап оқымайтын ұлтқа айна­лып барады. Қазір кез келген кітапханаға кірсеңіз, оқырманның жоққа тән екенін байқайсыз. Ірі қалаларда кітапханалар ұзақ жыл студент­тер­дің арқасында залын толтырып келді. Алайда заманауи шәкірттер де бар білімді интернеттен табуға не­месе ақылы тапсырыс беруге үйренді. Осыдан болса керек, 2020 жылы елордалық мәслихат депутаты Ми­рас Шекенов барлық бұқаралық кітапханаларды жабуды ұсынды. Оның байламынша, бұл мекемелер анахронизм қатарына көшті, енде­ше оларды ұстап тұруға бюджет қа­ражатын шығындау енді орын­сыз. Бұл идея үлкен резонанс ту­дыр­ды: қоғамның бір бөлігі құп­тағанымен, Үкімет пен Парламент қолдамады. Жаңа Мәдениет ми­нистрі Дәурен Абаевтың «Кітап­ха­нашы күні» мерекесін ұсынуы мем­лекеттің бұл мекемелерді сақ­тап, дамытуға деген ниетін аңғартады. Олай болса, Қазақстан дамыған елдердің тәжірибесіне жүгінгені жөн-ақ. Оларда барлық кітаптар цифрландырылған. Кітапханалар оқырманның іздеген кітабын тауып берумен шектелмей, ғылыми-зерт­теу орталықтарына айналып отыр. Жаппай компьютер қойылған, аудиокітаптарға басымдық беріледі. АҚШ кітапханалары үстел-парта­лардан алшақтап, диван, кресло, пуфқа ден қоюда. Жерге жұмсақ ков­ролин не кілем төселеді. Кли­мат-контроль жүйесі қолайлы тем­ператураны ұстап тұрады. Кітап оқумен бірге тынығу үшін барынша жағдай жасалғандықтан, жанына маза іздеген жұрт өзі-ақ келеді. Тіпті, кітап оқығысы келмейтіндер жаңа журналдарды парақтап, жұм­сақ пуфикте тынығу, компьютерде жұмыс істеу не тегін интернетті пай­­далану үшін бас сұғады. Осының арқасында АҚШ әлемдегі ең көп оқитын ұлт саналады. Тағы бір жайт, біздің кітапхана­ларда «оқырман билеті» жоқ адам­дар ішке кіре алмайды, ал АҚШ-та бұқаралық кітапханалардың бар­лық адамға есігі ашық. Тек кітап, журнал, компакт-дискіні үйге алып кеткіңіз келсе ғана кітапхана кар­точкасын ашу талап етіледі, ма­ңыздысы сол, ол карта көбіне өзге кітапханаларға және букмобиль­дерге (көліктегі кітапханаға) жарай береді. Бұл ретте шектеу жоқ? 100 кітап алсаңыз да рұқсат. Ал Қазақ­станда қолға берілетін кітап саны шектеледі. Демек, елімізде кітап­ханаларға түбегейлі реформалану қажет болады. Әйтпесе, олар оқыр­мансыз қаңырап бос қалуы ықтимал. Білім және ғылым министр­лігі­нің мәліметінше, «Білім беру ұйым­дарының кітапханаларын «Коуор­кинг-аймақ» форматында жаңғырту көзделіп отыр. Бұл жұмыс биыл бас­талады деп жоспарланып отыр.