Ерейментаудағы спорт кешені қашан аяқталады?
Ерейментаудағы спорт кешені қашан аяқталады?
472
оқылды
Бұқаралық спортты дамы­ту маңызды екені хақ.  Әсі­­ресе, балалар спортына көңіл бөлу, шалғай аудан­дар мен ауылдарда спорт­тық нысандарды салу мәсе­лесі өзекті.  Алайда бүгін­ге дейін ел арасында бұқара­лық спорттың қалың бұ­қа­раға қолжетімді болғанын бай­қай алмайсыз. Әлі де үйір­мелер қым­бат немесе тегін спорт үйірмелерінде орын тапшы.  Ал ауылдар мен кей­бір аудан орта­лық­тарында спорт кешен­дерінің құрылысы аяқсыз қалған. Президенттің тікелей бастамасымен 2020-2025 жылдарға арналған дейін бұқара­лық спортты дамытудың кешенді бағдар­ламасы жасал­ған. Оған сәйкес, жаппай спортпен шұғыл­дану және балалар спортын дамытуға барынша жағдай жасалуы тиіс. Спорт кешендері мен нысандарының құрылысы аяқталмай сын садағына ілінгендері де бар. Ақмола облысында да сапасы сын көтермейтін, жұртшылық зарыға күткен спорт нысандары жоқ емес. Мәселен, осыдан үш жыл бұрын бас­талған Ерейментау ауданындағы спорт кешені «сақалды» құрылысқа  айналып үл­герді. Ерейментау тұрғындары дене­шынықтыру және сауықтыру кешенінің салынуын әлі күнге күтуге мәжбүр. Ал жергілікті аудан әкімдігі осыған дейін бірнеше  рет «енді бітеді» деген нысан әлі ашылған жоқ. Аудан орталығындағы спорт кешенінің құрылысы бойынша Ерейментау ауданы әкімдігі жобалық-сметалық құжаттаманы сонау 2018 жылы жасаған. Жоспарға сәйкес, құрылыс сол жылы-ақ пайдалануға берілуі тиіс болған. Ал құрылыстың жылдам аяқталуы үшін қомақты қаражат та бөлінген. Алайда сауықтыру секциялары мен үйірмелерге баруды армандаған ерей­ментаулықтар сол күткеннен мол күтті. Тіпті, арты сиырқұйымшақтана созылған нысандағы жағдайға сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл қызметі де кірісіп, заңбұзушылықтар үшін қылмыстық іс те қозғалған. Сонымен, арада төрт жылға жуық уақыт өтсе де, сауықтыру нысанының аяқталар түрі  жоқ. Жыл соңында өткен аудан әкімдерінің есептік кездесуінде Ерейментау ауданының әкімі спорт кешені жаңа жылға дейін аяқталады деп ант-су да ішкен. Аудан әкімі құрылыс бойынша сот істерінің болуы істің созылып кетуіне ықпал еткенімен түсіндірмек болды. «Құрылыс 2018 жылы басталған. Нысан бойынша сот істеріндегі проблемалар құрылыстың ұзаққа созылып кетуіне себепкер болды. Дегенмен қазір құрылыс жал­ғасып жатыр. Бүгінде спорт кешені абаттандырылып, жылу, кәріз және  су тар­­тыл­ды. Жыл соңына дейін дене­шынық­тыру және сауықтыру кешені жұмыс істейтін болады», – деп аудан әкімі Абай Әлжанов қараша айында мәлімдеген.

Құрылыс жобасы 510 миллионға өсті

Алайда содан бері төрт ай уақыт өтсе де, кешен аяқталмады. Аудандық құрылыс бөлімінің мәліметінше, сағызша созылған құрылыс материалдарының қым­бат­тауы себепті 510 миллионға дейін кө­теріліп кет­кен. Ал құрылысты уақытында аяқтамаған мердігер компания жобалық құжаттаманы қайта түзеуге мәжбүр болған. Мұны об­лыстың Құрылыс, сәулет және қала құры­лысы басқармасы да мойындады. «Ерейментау ауданының Ерейментау қаласында бассейні бар денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы өткен жылдың желтоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Алайда жобалық-сметалық құжаттамаға түзету жүргізілуіне байланысты құрылысты аяқтау 2022 жылдың сәуір айына жоспарланып отыр», – дейді бас­қар­ма басшысының орынбасары Рауан Оспанов. Ведомствоның мәліметінше, өткен жылы Целиноград ауданы Ақмол ауылында денешынықтыру-сауықтыру кешені пайдалануға берілген. Ал Ерейментау, Есіл және Жақсы аудандарында дене­шынық­тыру-сауықтыру кешендерінің, Бурабай ауданының Мәдениет ауылындағы спорт кешенінің құрылысы әлі аяқталмаған. 2022-2023 жылдар кезеңінде пайдалануға берілуі тиіс Сандықтау ауданының Балкашино ауылындағы стадионның құрылысы да жалғасып жатыр. Басқарма биыл Бұланды ауданының Макинск және Целиноград ауданының Қосшы қаласында 2 денешынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталатынын жеткізді. Ал Сандықтау ауданының орталығы Балкашино селосында жастардың бос уақытын өткізу орталығының құрылысын бастау жоспарланыпты. Ал облыстық Дене шынықтыру және спорт басқармасының мәліметінше, спорттық нысандар керісінше көбейіп келеді. Өңірде бүгінде 2 521 спорттық нысан болса, соның 1 736-сы ауылды жерлерде орналасқан. Бұл халықтың шамамен 56,5 пайызын қамтиды. Басқарма мәліметінше, өңірде дене­шынықтыру және сауықтыру кешендерінің құрылысы бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.  2020 жылы Біржан сал ауданы мен Аршалы кентінде ДСК-нің құрылысы аяқталса, өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» жобасы шеңберінде Целиноград ауда­нының Ақмол ауылында денешынықтыру және сауықтыру кешендері мен жергілікті бюджет есебінен Шортанды кентінінің денешынықтыру және сауықтыру кеше­нінің құрылысы аяқталған. Сондай-ақ жеке инвестициялардың көмегімен Атбасар ауданының Шуйское селосында да спорт кешенінің құрылысы аяқталыпты. Ведомство құрылысы жүріп жатқан және алдағы уақытқа жоспарланған спорт нысандарының бар екенін де алға тартты.

Бұқаралық спортқа баса назар аударамыз

«Жергілікті бюджет есебінен Щучинск қаласында спорт сарайы, Ерейментау қа­ла­сында денешынықтыру және сауықтыру кешенінің құрылысы жүріп жатыр. Ал Қорғалжын кентіне дәл осындай кешен салуға жобалық-сметалық құжаттама жасалды. Бұдан бөлек, «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде Бурабай ауданының Мәдениет ауылында, Жақсы ауданының Жақсы ауылында спорт кешенінің құрылысы салынып жатыр. Ал Сандықтау ауданының орталығы Балкашинода «Урожай» стадионын қайта жаңғырту қолға алынды. Сондай-ақ «ТНК» ЖШС-ның жеке инвестициясымен Жақсы ауданының Белағаш ауылында спорт кешенінің құрылысы жүріп жатыр», – дейді Ақмола облысы Дене шы­нық­тыру және спорт басқармасының басшысы Әсет Бүкібаев. Ведомствоның мәліметінше, биыл облыстық бюджет қоржынынан өңірдің 9 ауданында 25 спорт алаңын салуға қаражат бөлінген. Оған қоса, Целиноград ауданы­ның Қабанбай ауылында және Егіндікөл ауданының Егіндікөл ауылы мен Ақкөл ауданының Новорыбинка селосында стадиондар мен спорт залдары ағымдағы және күрделі жөндеуден өтпек. Ал халықтың спорттық демалысын ұйымдас­тыру үшін заманауи спорт алаңдарын салу да қолға алынбақ. Былтыр 34 жаңа спорт алаңы пайдалануға берілген. Басқарма басшысы әлі де болса спорт алаңдары мен нысан­дарының жетіспеушілігі бар екенін жеткізді. «Әрине, бұқаралық спортты дамытуда бәрі ойдағыдай деп айтуға әлі тым ерте. Көптеген ауыл әлі қарапайым спорт алаңы­на жете алмай отыр. Мұның бәрі қа­ра­жатқа келіп тіреледі. Әсіресе, халқы­ның саны тығыз әрі жыл санап көбейіп келе жатқан Целиноград ауданында спорт нысандарының жеткіліксіздігі байқалады. Дегенмен жұмыстар жүргізіліп жатыр. Биыл облыстың 40-тан астам елді мекенінде спорт алаңдарын салуды көздеп отырмыз. Спорт нысандарының пайдалануға берілуіне бюджет қаржысымен қатар төрт жылдан бері «Самұрық-Қазына» әл-ауқат қоры, сондай-ақ аудандарда жергілікті шаруа қожалықтары мен серіктестіктері көмек беріп келеді», – деп толықтырды Әсет Азаматұлы.

P.S.

Қалай десек те, саламатты өмір салтын қалыптастыру және бұқаралық спортты дамыту мақсатында мемлекет бюджетінен қомақты қаражат бөлініп-ақ жатыр. Алайда оның іс жүзінде уақытында әрі сапалы жүзеге асуына тиісті органдар дер кезінде әрекет етіп, бақылауға алса, құба-құп болар ма еді...

Ақмола облысы