Еліміз тәуелсіздік алған отыз жылдықта әр түрлі салада көптеген жетістіктерге қол жеткізгені баршаға мәлім. Сондай жетістіктердің бірі – білім саласында 1970 жылдардан басталған Еуропа мемлекеттерінің білім беру жүйесін ортақтастыру мен үйлестіруді, еуропалық бірегей кеңістігін жасауды мақсат тұтатын Болон процесіне, яғни Еуропалық жоғары білім аймағына ену бойынша келісімге қол қойылуы. Бұл қадам еліміздің орта және жоғары оқу орындарының білім беру жүйесін әлемдік деңгейге сәйкестендіруге, шетелдегі маңдайалды оқу орындарымен білім беру саласында ынтымақтастық орнатуға жол ашты.
Соңғы жылдары жаңа ақпараттық технологиялар білім беру барысында кеңінен қолданылып келеді. Бұл оқытудың жаңа формаларының ауқымын кеңейтті. Қашықтан оқыту формасын кеңінен қолдануға мүмкіндік туындады. Бүгінгі таңда әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, COVID-19 вирусына байланысты әлемдегі санитарлық ахуал кезінде қашықтан оқыту, емтихан тапсыру формаларының қағидаларын саналы үйлестіре білуде.
Жалпы, жаңа ақпараттық технологияларды қолдану білім алушыларға шет тіліндегі түпнұсқа аудио, видео материалдармен және түпнұсқа мәтіндермен жұмыс істеп, білім алуға мүмкіндік туғызады. Мәселен, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастары факультетінде француз тілін оқыту барысында ТV5Monde телеарнасының, RFI Savoirs, Францияның Сауда және индустрия палатасының сайтындағы және тағы да басқа ресми ақпарат құралдарынан алынған материалдар кеңінен қолданылады. Бұндай ресми ақпарат құралдарындағы материалдар студенттерге француз тілі лексикасын, сөйлеу ырғағын, тілдің қазіргі қолданылатын күйінде терең меңгеруге мүмкіндік берумен қатар, оларды білім алуға ынталандырады және өз бетінше жұмыс істеуге дағдыландырады. Қазіргі таңда шет тілдерді Еуропалық деңгейлер жүйесіне сәйкес оқыту талап етіледі. Аталмыш жүйе бойынша тіл үйренуші құрылымы мен мазмұны алуан түрлі мәтіндерді оқып түсінуге, әр түрлі қарым-қатынас жағдаяттарында еркін сұхбаттасуға, теле және радиохабарларды еркін түсінуге, өз ойын жеткізе білуге және шет тілінің әртүрлі стилінде сөз саптауға қабілетті болады. Шет тілін үйренуші сол тілде сөйлейтін адамның деңгейіне дейін, яғни «С2 тілді жетік білу» деңгейіне дейін жетуге мүмкіндігі бар.
Шет тілдерін Еуропада қабылданған «Шет тілін білудің жалпыеуропалық құзыреттері: оқып-үйрену, оқыту, бағалау» құжатында көрсетілген деңгейлер жүйесіне сәйкес оқыту мақсатында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің халықаралық қатынастары факультеті дипломатиялық аударма кафедрасында деңгейлеп оқытуға негізделіп әзірленген шетелдік және отандық баспалардан шыққан оқулықтар мен оқу құралдары, сонымен қатар аудио, видеоматериалдар, ақпараттық технологиялар кеңінен қолданылып келеді. Аталмыш технологияларды сыныпта сабақ барысында қолданумен қатар, тілдерді оқытудың халықаралық стандарттары талаптарының бірі – тіл үйренушілерді өз бетінше оқып үйренуіне ынталандырып, өз бетінше жұмыс істеуге де қолдануға болады. Мәселен, Тіл үйрету барысында жоба іс-шаралар шеңберінде тіл үйренуші алға қойылған тапсырманы орындау үшін қажетті ақпаратты іздеу, өз бетінше оқу мақсатында қолдана алады. Сөзіміз дәлелді болу үшін, 2021 жылы дипломатиялық аударма кафедрасында француз тілін меңгеретін 3 және 4 курс студенттерімен жүзеге асырылған «Құтты болсын! Сіз шетелде оқуға шәкірақы ұтып алдыңыз!» атты жобаны жүзеге асыру барысында қолданылған веб-квест (webquest ou cyberquête) туралы қысқаша айтып өтсек. Жалпы Веб-квест (webquest ou cyberquête) 1995 жылы Сан-Диего Университетінің профессоры Берни Додж (Bernie Dodge) және Том Марш алғаш рет қолданысқа енгізген. Веб-квест (webquest ou cyberquête) дегеніміз «студенттерге электронды аутенті құжаттармен, яғни әдістемелік өңдеуден өтпеген кәсіби құжаттармен жұмыс істеуге мүмкіндік беретін топтық тапсырма». Веб-квест негізінде тіл үйренушілер белгілі бір тапсырманы орындау үшін алдын ала оқытушы таңдап берген Интернет сайттарынан ақпарат іздейді. Бұл тапсырманы олар топқа бөлініп жүзеге асырады. Веб-квест - сабақ барысында және студенттердің өз бетінше атқаратын жұмыстарын орындауда ақпараттық технологияларды кеңінен қолдануға мүмкіндік беретін педагогикалық сценарий.
Француз тілін меңгеретін 3 және 4 курс студенттерімен жүзеге асырылған «Құтты болсын! Сіз шетелде оқуға шәкірақы ұтып алдыңыз!» жобасы шеңберінде қолданылған веб-квестте студенттерге қойылған тапсырма шетел оқу орындарында білім алу үшін берілетін шәкіртақы бағдарламалары бойынша вебинар ұйымдастыру және қысқа метражды видео түсіру болатын. Осы тапсырманы орындау үшін алдымен студенттер үш топқа бөлініп, веб-квесте көрсетілген Интернет сайттарынан ақпарат жинақтап, презентация даярлады. Сонымен қатар, «Құтты болсын! Сіз шетелде оқуға шәкірақы ұтып алдыңыз!» атты жоба шеңберінде және 26 қыркүйекте аталып өтетін Еуропа тілдері күні қарсаңында француз тілінде «Шетелде оқуға мүмкіндік беретін шәкіртақы бағдарламалары» атты вебинар ұйымдастырды. Бұл вебинарды әзірлеу барысында студенттер үш топқа бөлініп, алға қойған мақсатқа жету үшін атқарылатын, атап айтқанда шетелге оқуға берілетін шәкіртақылар, қажетті құжаттар, түйіндеме мен мотивациялық хат жазу тәсілдері туралы ақпараттарды өз беттерінше жинақтаған. Аталмыш іс-шара барысында студенттер өз беттерінше жинақтаған ақпарат негізінде әзірлеген презентацияларын баяндап, шәкірақы алу үшін қажетті маңызды құжаттардың бірі болып саналатын түйіндеме мен мотивациялық хат жазу техникасын нақты мысалдармен түсіндірді.
Шет тілдерін оқыту барысында веб-квесті қолдану Еуропада қабылданған «Шет тілін білудің жалпыеуропалық құзыреттері: оқып-үйрену, оқыту, бағалау» құжатында көрсетілген «құзіреттілікке бағытталған әдісті» жүзеге асыруға септігін тигізеді. Өйткені веб-квестте берілген белгілі бір шынайы тапсырманы тіл үйренушілер бірлесе отырып, рөлдерде ойнап, орындауға тиіс. Осы тапсырманы орындау барысында өздерінің бұрынғы алған біліктіліктері мен білімдерін қолданумен қатар, жаңа біліктер мен білімге қол жеткізеді. Сонымен қатар, студенттердің тіл үйренуге деген ынтасын арттыруға да көмектеседі. Жоғарыда аталған «Құтты болсын! Сіз шетелде оқуға шәкірақы ұтып алдыңыз!» атты жобаны жүзеге асыру барысында қолданылған веб-квесті аяқтаған соң студенттермен жүргізген сауалнаманың нәтижесі бойынша оларға бұл әдісте топпен жұмыс істеу, шет тілінде баяндама даярлау, көпшіліктің алдында сөйлеу дағдыларын дамытуға мүмкіндік берген. Сондай-ақ қазіргі таңда шет тілі сабағы барысында цифрлы құралдарды, электронды оқу құралдарын қолдану кеңінен таралған. Мәселен, Халықаралық қатынастар факультетінде француз тілін меңгеретін студенттер «Parcours digital. Objectif Diplomatie» электронды платформасымен жұмыс істейді. Бұл платформада берілген грамматикалық, фонетикалық жаттығулар, тыңдап түсіну және оқып түсіну біліктілігін арттыруға арналған жаттығуларды студенттер өз беттерінше орындайды. Олардың нәтижесін оқытушы электронды виртуалды сыныптан көре алады (1 және 2 -сурет).
Болашақ мамандардың бірінші кезекте мемлекеттік тілді, сосын шет тілдерін еркін меңгеруі оларға еңбек нарығында бәсекелестікке қабілетті кәсіби тұлға болып қалыптасуына септігін тигізеді.
А.Т.Бақытов,
филология ғылымдарының кандидаты,
дипломатиялық аударма кафедра меңгерушісінің
ғылыми-инновациялық технологиялар және
халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары