Риэлтор атты ресми «рэкеттер» көбейді
Риэлтор атты ресми «рэкеттер» көбейді
396
оқылды
«Үйі жоқтың күйі жоқ» дейді дана қазақ. Расында, бүгінде өз үйі болмағаннан кейін жалдамалы пәтер іздеп, табанынан таусылып жүргендердің қарасы қалың. Алайда олардың бірі алаяқтарға алданса, енді бірі риэлторлардың құрған «қақпанына» түсіп жатыр. Ал ең қызығы, мұндайлардың жолын кесіп, заңсыз әрекеттеріне құрық салып жатқан бірде-бір құрылымдық мекеме жоқ. Тараздықтардың  да осы «қызметтен» талай аузы күйген.

Пәтер көргіңіз келсе, пұлын төлеңіз

Жалпы, қазір жалдамалы пәтер іздегендер ең бірінші  «Крыша» мен OLX сайтына көз салатыны анық. Өйткені мұнда жалға берілетін пәтерлердің тізімі республика көлемінде орналастырылған. Алайда ол тізім бәріне бірдей қолжетімді ме? Талайдың көкейінде жүрген сауалға жауап таппақ мақсатта аталған сайттар мен қосымшаларға біз де кіріп көрдік. Жарнамасы жер жарып тұрған үйлердің суреттері бір көргенде көздің жауын алады. Қалтаңа қарай таңдауға да ерік бар. Содан Тараз қаласында жалға алу құны айына 35 мың теңгеге бағаланған үйдің жарнамасы бойынша хабарластық. Тұтқаны көтерген азамат «Пәтерді көруге бола ма?» деген сұрағымызға «Алдын ала төлем жасау керек» деп тілі тақ ете қалды. «О заманда, бұ заман үй көру үшін де ақша төлеуіміз керек пе?» деп таңырқағанымызға тұтқаның арғы жағында тұрған ер-азамат «Не хотите, не берите. Без вас хватает арендаторов» деп телефонды тастай салды. «Апам да аң-таң, мен де аң-таң» күйде  келесі жарнама бойынша хабарластық. Одан да төлем төлеу туралы естігеннен кейін амал жоқ, бағасын сұрадық. Сөйтсек, үйді көру үшін 2 000 теңге төлеуіміз қажет екен. Бір қарағанда көп ақша емес секілді. Алайда әр пәтерді көрген сайын 2 000 теңгеден төлеп отырсаң, қомақты қаржы шығындалатының анық. Оған қоса, біз сияқты қанша адам хабарласып, үйді көру үшін ақша аударып жатқанын кім білсін? Көлеңкелі бизнестің бір жолын осылай білгеннен кейін пәтерді жалға берушімен келісіп, үйді өзгеге беріп қоймау үшін кездесуге мәмілестік. Белгіленген уақытта барсақ, үй алдында 7 адам отыр. Бәрі де жарнама бойынша келіпті. Әрқайсысынан әлгі жалға беруші төлем алған. Арасында 2 000 емес, 5 000 теңге төлегендер де бар екен.

Жұрттың жанайқайы не дейді?

Дәулетбек Алтынбеков есімді қала тұрғыны пәтерді үш айдан бері іздеп жүрген­діктен, өзгеге беріп қоймасын деп 5 000 теңгені бірден аудара салғанын айтты. – Баспана таппай жүргеніме үш ай болды. Сайттардағы жарнама бойынша хабарлассам, «базаны сатып ал» дейді. Мұндай да болады екен ғой деп 10 мың теңге төлеп, базасын да сатып алдым. Содан базасын ашып көрсем, сол сайтта тұрған хабарландырулар. Ақшасын аударып қойғаннан кейін не айтасың? Өзімнің ақымақтығымнан бармақ тістедім. Одан бөлек, OLX сайтында енді жарияланатын хабарландыруларды реттеп, алдын ала біліп отырады деген жігітті тауып, сонымен келістім. Бар ойым – жақсы үй болса, бірінші болып алу. Оның да құны 10 мың теңге екен. Нар тәуекел, ақшаны бердім. Бірақ менің қалауымдағы үй әлі табылмады.  Суретте жылтырап тұрған үйлерге барсаң, жағдай мүлде басқаша болып шығады. Сөйтсем, жарнамаға сұлу суреттерді, тіпті басқа пәтерлерді қоя береді екен ғой. Осындай алаяқтарды жазаға тартатын орган жоқ па? – деп ашынған қала тұрғыны жанайқайын жеткізді. Дана Тукенова есімді тұрғын да риэлтор­ларға алданып, сан соққанын айтады. – Жалдамалы пәтер іздеп жүргеніме біраз уақыт болды. Жарнамадағы суретіне қарап ұнатқан үйіңе барсаң, мүлде басқа көріністі көресің. Риэлторлар сол үйдің әрқайсысын көрсету үшін ақша алады. Одан қалса, пәтердің негізгі иесінен үйді өткізіп бергені үшін тағы қомақты қаржы талап етеді. Нәтижесінде, баспана бағасы шарықтап кетеді. Таныстарымнан бір пәтерді екі-үш күнге жалға алып, одан кейін оны баспана іздеп жүрген басқа біреуге 2-3 айдың төлем­ақы­сын алдын ала сұрап, табан жалтыратып кететіндер туралы да естідім. Қарап тұрсаңыз, бұл сұмдық енді. Таза алаяқтық. Сондықтан үйді көрерде барынша сақ болып, 2-3 айдың төлемін алдан ала сұраса беруге қорқып отырмыз, – дейді тұрғын.

Бір жылда 776 алаяқтық дерегі тіркелген

Ресми мәліметке сүйенсек, былтыр Жамбыл облысында алаяқтықтың 776 дерегі тіркелген екен. Жыл өткен сайын  қылмыс­кер­лер адамдарды алдаудың әртүрлі жаңа тәсілдерін ойлап табады. Мәселен, былтыр 33 жастағы азаматқа жер учаскесін сатып алып беруге уәде еткен әйел оның 27 миллион теңгесін алаяқтық жолмен иемденген. Жедел-іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 52 жастағы жергілікті тұрғынды ұстап, қылмыстық жауапкершілікке тартқан. Ал осы жылдың 21 ақпанына дейінгі мәлімет бойынша, 144 алаяқтық дерегі болған. 65 жағдайда тұрғындар интернет алаяқтардың құрбанына айналған. Осыған орай облыстық Полиция департаменті №190 бұйрығымен «Тұрақты жұмыс істейтін жедел-тергеу» тобын құрды. Енді осы жасақ алаяқтық фактілерімен жіті айналысатын болады. Әйтеуір, жедел-тергеу тобы тура жолдан таймай, барлық бағыттағы алаяқтық фактілердің жолын кеседі деп сенеміз.

Жамбыл облысы