Дәрігерлер үйлі болды
Дәрігерлер үйлі болды
394
оқылды
Қарағанды облысына қа­расты Теміртау қаласына Пар­ламент Мәжілісі депутаттары, «Nur Otan» партиясы фракция­сы­ның мүшелері Берік Әбді­ғалиұлы, Юрий Жулин, Тілектес Адамбеков жұмыс сапарымен келді. Олар медицинаның жас ма­ман­дарына арналған үйге ба­рып, жаңа қоныс иелерімен кез­десті. Жас мамандардың басты арма­ны – баспана. Ал тұрақты жұмысы мен пә­тері болса, ешбір мекеме маманға қат болмайтыны белгілі. Осыны түсінген Теміртау қаласын­дағы №1 емхана басшылығы 5 қа­батты үйді жөндеп, жас ма­мандарды бір қуантып тастады. – 2019 жылы сол уақыттағы Қа­рағанды облыстық Денсаулық сақ­тау басқармасының басшысы бол­ған Ержан Нұрлыбаев идеясы негізінде Теміртау қаласында әкім болған Ғалым Әшімовтің келі­сімімен осы үйді бізге берді. Бұрын бұл бос тұрған ғимарат Қорғаныс ми­нистрлігіне қарасты болатын. Сол жылы жобалау жұмыстары істелді. 2020-2021 жылдары жөндеу жұ­мыстары жүргізілді. Жалпы, 512 миллион теңге жұмсалды. Оның 225 миллионын біздің емхана төледі. Мұнда 1 және 2 бөлмеден тұратын 86 пәтер бар. Бұл үй ем­ха­наның ба­лансында болғандықтан, бес меди­циналық мекеменің жас мамандары осында тұрады. Олар тек коммунал­дық шығынды ғана төлейді. Үй бар, дегенмен мамандар әлі керек. Учаскелік дәрігерлер жетіспеушілігі бар, – дейді №1 емхананың директоры Гүлнар Есімсейіт. Жас мамандарға тілектерін жет­кізген депутаттар Теміртау қаласы әкімдігінің атқарып жатқан жұмыс­тарына алғысын жеткізді. – 2000 жылы Теміртауда қала әкімінің орынбасары болып жұмыс істедім. Юрий Викторович те 2010 жылы әкімнің орынбасары болды. Жұмыс бабымен бұл қаланың ты­ныс-тіршілігіне алаңдап отырамыз. «Теміртауда темір ғана құйыл­майды, мұнда адамның мінезі де қатаяды» деп тегін айтылмаса керек. Жаңа қо­нысқа ие болып жатқан жас ма­мандарға тек сәттілік тілейміз. Әрине, бастысы – баспана. Ал үйі бар адам жұмысына да адал болады. Үлкен көмек екені рас. Баспана бол­са кадр мәселесі де шешімін табады. Сондықтан бұл үйдің берілуі ма­мандардың тапшылығын болдыр­мауға себеп болады, – дейді Берік Әбдіғалиұлы. Қуанышына ортақтасқан де­пу­тат­тарға қоныс иелері – жас маман­дар өз ризашылығын жеткізді. – Бізге өте ыңғайлы. Жұмысқа да жаяу бара саламын. Түскі асты да үйден ішуге болады. Үйіміз жылы. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ, – дейді жаңа қоныс иесі №1 емхана психологі Ағзат Оспанова. Ал жалпы тәжірибелік дәрігер Мадина Хамзина: –Теміртауға 2016 жылы келдім. Пәтер жалдап тұрдым. Қазір бас­паналы болдым. Коммуналдық төлемді ғана жасаймын. Айына 1 600 теңге төлеймін. Айлық жалақым да жақсы. Қарағанды медициналық институтын аяқтадым. Көршілерім де жақсы адамдар. Тату-тәтті тұрып жатырмыз, – дейді. «Өткен жылы да жұмыс бары­сы­мен Теміртауға келген болатынмын» деген Юрий Жулин жұмыс сапары туралы айтып берді. – Біз қазір ел аралап жүрміз. Он­дағы мақсатымыз – Қазақстанда жүргізіліп жатқан жаңа реформалар­ды түсіндіру. Халықтың айтқанын тындаймыз. Шешімін таппаған мәселе болса назарға аламыз. Депу­тат болғаннан кейін әр айтылған мәселеге мән береміз. Осы бір-екі ап­тада Жезқазған, Сәтпаев қалала­рында, Осакаровка, Бұқар жырау, Абай аудандарында болдым. Біз облыс орталығына емес, шалғай жатқан ауылдарға барамыз. Халық­пен кездесеміз, қабылдау жүргіземіз. Сын-шағымдар көп айтылады. Сұрақтың 60-70 пайызы жергілікті шағымдар. Яғни, сол жердің ат­қарушы билігі өзі шешетін талаптар. Әкімдерге, басқарма басшыларына халықтың айтқанын жеткіземіз. Және оның орындалғанын қадаға­лаймыз. Көбіне бас шұлғып, орын­дай­мыз деп уәде береді. Ал халықтың жақсы тұруына барлық жағдай жасалу керек, – дейді Юрий Жулин.

Қарағанды облысы