2022 жылғы 1 наурызда Мемлекет басшысы, партия ТөрағасыҚасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен өтетін партияның кезектен тыс XXIІ съезінен еліміз үшін жарқын болашақтың іргетасын қалайтын, Жаңа Қазақстанды құрудың алғышарты ретінде тың бастамалар мен оң өзгерістер күтемін. Партия жұмысында жаңа жұмыс тәсілі белгіленіп, маңызды реформалар қабылданатынына сенемін. Партия съезі қазіргі Қазақстан тарихында ел дамуының, оны демократияландырудың және партиялық-саяси жүйені қайта құрудың негізгі бастамасы болары анық.
Берік ОСПАНОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты
Съезден күтілетін үміт зор
«Nur Otan» партиясының съезі еліміз үшін маңызды саяси шешімдерді қабылдайтын алаңдардың бірі екені бәрімізге белгілі. Әсіресе, Мемлекет басшысының соңғы уақытта жариялаған саяси өзгерістерге қатысты оның маңыздылығы арта түседі деген сенім бар. Қазір қоғам тарапынан, жалпы халық тарапынан осы саяси өзгерістер аясында мемлекет пен қоғам арасындағы әлеуметтік әріптестікті қайта қарау, жаңа форматта жұмыс істеу бойынша бірқатар жаңашылдық күтіледі. Сондықтан да қазір осы съездің тарихи мәні, оны саяси орта ретіндегі маңызы одан әрі арта түседі деп айта кету керек. Бүгіннің өзінде де біз депутаттық корпустағы бірқатар өзгерісті көріп отырмыз. Жалпы, партияның съезіне қоғам тарапынан, сайлаушылар тарапынан күтілетін үміт зор. Жиында нақты шешімдер қабылданып, олардың Мемлекет басшысының Жаңа Қазақстан деп жариялаған бағыты бойынша кең көлемді өзгерістердің бастауы болады деген сеніміміз бар. Таяуда әрбір өңірде «Nur Otan» партиясының конференциялары болып өтті. Ол жиындарда қазіргі маңызды өзгерістер мен ұсыныстар кең көлемде талқыланған болатын. Менің ойымша, съезде өңірлерден қатысатын партия мүшелері жергілікті мәселелерді нақты көрсетіп, ұсыныстар беруі керек. Бұл съездің күн тәртібінде талқыланып, белгілі бір шешім қабылдауға негіз болмақ.Аян САКОШЕВ, «Жастар» ғылыми-зерттеу орталығының директоры