Ел базынасын тыңдауға даяр
Ел базынасын тыңдауға даяр
289
оқылды
Өмір болған соң сан түрлі тағдыр кешетін адамдардың кез­десуі қалыпты дүние. Біреуді баспана, келесісін жа­қын­дарының сырқаты, тағы біреуін әділдікке қол жеткізе ал­мауы мазалауы мүмкін. Мұндай адамдардың бірқа­тары жәрдем мен көңілге медет іздеп «Nur Otan» пар­тия­­сының қоғамдық қабыл­дауына келетіні бар. Әдетте он­да келген барша жанның талап-тілегі толық орындала қоюы неғайбіл. Өйткені әр іс мұқият зерделеніп, оны ше­шудің заңдық, материалдық негіздері ескеріледі. Де­ген­мен партияның қоғамдық қабылдауына жүгінген аза­мат­тардың разы болмай аттанғаны сирек. «Nur Otan» партиясының елор­дадағы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінде арызданушы бір топ әйелге кез болдық. Олар мем­лекеттен жалға алған баспа­на­ны өздерінің меншігіне өткізіп бе­руді сұрай келген екен. Заң бо­йын­ша жалға алынған үйлерге мен­шіктік құқық берілмейді, алай­да ашынған аналар оған қарайтын емес, тұрғын жайларын заңдасты­рылуын талап етуде. Ондай заңды тек Парламент қана шығара алады. Сол себепті дауласушылар Пар­ламент Мәжілісі депутаттарының атына арыз жазатын болып тоқ­тамға келді. – Әрине, біз аналардың ауыр тұр­мыстық жағдайын жақсы түсі­неміз, бірақ заңнан асып, ешқайда бара алмаймыз ғой. Кейбіреулер мемлекеттің тұрғын үй қорынан пәтер алушылар есебінде тұрғандар кезегімді алға жылжытып бер деп, енді біреулері Үкімет көпбалалы аналарға пәтер беру мәселесін бірінші санатты кезекке шығарсын деген сыңайда өтініш айтады. Мұн­дай ұсыныстарды заң шығарушы органға жібереміз. Сондай-ақ ха­лық­тың арыз-шағымдарын тиісін­ше салалық министрліктер мен құзырлы мекемелерге жолдаймыз, олардың атқарылуын қадағалай­мыз,– дейді «Nur Otan» партия­сы­ның республикалық қоғамдық қа­былдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Азамат Біржанов. Енді бір адамдар соттың үкіміне қатысты арызданып келеді: «Сот шешімі дұрыс емес, өзгертіп бе­ріңіз», – дейді. Ол – Ата Заңы­мыз­­да жазылған нәрсе, сот шешім қа­был­даса, оған араласуға ешкім­нің құқы жоқ. Үкім тек Жоғарғы Соттың не­месе прокуратураның шешімі­мен ғана ауыстырылады. Өткен жы­лы 2,5 мың адам сот шешіміне нара­зылық білдірген, олардың ша­ғымдары Жоғарғы Сотқа, проку­ратураға және касса­циялық сотқа жіберілген. Сондай-ақ «ана министр дұрыс жұмыс істемей жатыр», «мына әкім­ді жұмыстан шығар», «ана қыз­меткерді жауапкершілікке тарт» деген сарындағы да арыз-шағым көп екен. Мұндай жағдайда дау­ласу­шы екі тараптың да пікірі тың­далады, ал қандай да бір шешім шы­ғару үшін сол іс бойынша ар­найы комиссия құрылады.

Мүгедектердің мұңы ескерілді

Әлбетте, ешкім еріккеннен «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдауының табалдырығын тоздырмайтыны белгілі. Кейде тіпті өмірлік маңызды нәрсенің заңмен реттелмейтін кезі, заң ес­кер­мей кеткен тұсы болады. Осын­дайда арызданушының мәселесі оң шешілуі мұндағы қыз­меткерлердің сергектігі мен жітілігіне байла­ныс­ты. Мәселен, Ақмола облысы Ат­ба­сар ауданының тұрғыны М.Әл­жанова кәмелетке толмаған науқас қызы үшін құны аса қымбат «Ди­нутуксебама Бета» дәрісін сатып алу үшін «Nur Otan» партиясының қабылдау бөлмесіне қолқа салған. Дәрігердің қорытындысында егер қыз бала бұл дәріні қабылдамаса, өміріне қауіп төнуі мүмкін делінген. Әйтсе де, аса қат дәріні бюджеттің ақ­шасына алып беру жағы заңмен бекітілмеген. Ал ол аз ақша емес. Әр флаконы 6 947 190 теңге тұрады. Науқасқа емнің бір ғана курсынан өту үшін 4 флакон, яғни 27 788 760 теңге (66 000 мың доллар) қажет. Енді осы ақшаны 5-ке көбейтсеңіз, оның нөлдерінің көптігінен басы­ңыз айналар. Мұндай қаржыны кім тауып бере алсын?! Бірақ қазынадан қажетті соманы бөлдірудің заңды тетігі жоқ екен деп жап-жас бала­ның тағдырына бейжай қарап оты­ру­ға тағы болмайды. Ойлана келе тығырықтан шы­ғар жол табылды. М.Әлжанованың арызы облыстық Денсаулық сақтау басқармасында жедел қаралып, одан облыстық мәслихаттың бюд­жеттік комиссиясының талқысына жіберілді. Депутаттар мәслихаттың 2021 жылғы 27 қазанда өткен IX сес­сиясында «қосымша тегін меди­циналық кепілді көмек көрсету, оның ішінде дәрі-дәрмек сатып алу туралы» ұсынысты бірауыздан қа­былдап, шешім шығарды. Нәти­жесінде, науқас қызға қажет дәрі сатып алынды. Сөйтіп, енді ғана көктеп өсіп келе жатқан жастың өмірі сақталып қалды. Осыған ұқсас өтініш Павлодар облысындағы мұқтаждығы ерекше балаларды асырап отырған аналар­дан да түскен. Олар мүгедек жан­дар­ды бағатын отбасыларға көмек көр­сетуді күшейту үшін қолданыс­тағы нормативтік-заңнамалық актіге толықтырулар мен өзгерту­лер енгізуді сұрап, әлденеше рет шағымданған. Осыған орай «Nur Otan» партиясы фракциясының бастамасымен облыстық мәсли­хаттың депутаттары Пар­ламентке хат жазып, Мәжіліс өз кезегінде «Аза­маттардың жеке­леген санат­тарын әлеуметтік қорғау мәселелері бойынша» заң жобасын екінші оқылымда мақұлдады. Жаңа құжат бойынша 1-топтағы мүгедек­терді бағып-қағушыларға өтемақы беру белгіленді. Қабылданған заң бо­йынша қосымша тағы 24 мың адам өтемақы алатын болды. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі балалардың барлық тобына бері­летін жәрдемақы 16,7 пайыздан 37 пайызға дейін көтерілді. Бұл ше­­шім жалпы саны 30 мың мүмкін­дігі шектеулі баланың жағдайын жақ­сарта түсті.

Арыздардың жартысынан астамы оң шешім тапқан

Енді Өскемен қаласы үшін аса көкейкесті болған қоқыс мәселесін шешуге «Nur Otan» партиясының септігі қалай тигені туралы да айта кетейік. Шаһарда 346 мың адам тұрады, ал күнделікті шыққан тұрмыстық қатты қалдықтың бәрі тек бір күлтөкпеге жиналады. Со­ны­мен қатар күлтөкпенің эколо­гиялық нормаларға сай келмейтіні өз алдына, мұнда 2020 жылдан кейін қалдықтарды жинауға тыйым салынған. Тұрғындар бұл мәселені талай жиналыс-жиындарда көтер­генімен, ол оңтайлы шешім таппа­ған. Аталған проблеманы партия­ның Өскемен қалалық филиалы­ның төрағасы Омар Жақсылық жеке бақылауына алып, қоқыс жағатын зауыт салу ісінің жүзеге асырылуына тікелей ықпал етті. Қазір ол бойынша арнайы бағ­дарлама жасалып, қалдықтарды жеке жинау және сұрыптау үшін жалпы сомасы 448 млн 882 мың теңгеге 6 қоқыс тасушы машина, 1 274 контейнер сатып алынды. Қа­лалық әкімдік сұрыптау желісі­нің коммуникация мен ғимарат құры­лы­сының жобалық-сметалық құ­жа­тын әзірлеуге үшін 15 млн 300 мың теңге бөлді. Зауыттың жалпы құны 618 млн 306 мың теңгеге ба­ғаланды. Ал қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі ол үшін аумағы 4,1 гектар жер бөл­ді. Зауытты 2022 жылы пайда­лануға беру жоспарланып отыр. Айта берсе, мұндай мысал көп. Оны келесі мәліметтен көруге бо­лады: республика бойынша 238 қоғам­дық қабылдау орнына был­тыр 174 мың өтініш түсіп, 34 400 рет жүзбе-жүз қабылдау өткізілген. Оның 53 пайызы оң шешімін тап­қан. Қабылдауда 75 300 адам бол­ған. Бұдан бөлек, «Халыққа көмек» пар­тиялық жоба аясында 2,6 мың тақы­рыптық және көшпелі қабыл­дау өт­кізілген, оған 5,6 мың адам қатыс­қан. Шағымдардың басым бөлігі әлеу­меттік қамсыздандыруға ар­налған (35 пайыз), сондай-ақ тұр­ғын үй-коммуналдық шаруашылық (13 пайыз), жұмысқа орналастыру және еңбек құқықтарының бұзы­луы (10 пайыз), денсаулық сақтау (5 пайыз) және мемлекеттік ор­гандардың ісіне шағымдану (3 пайыз) бойынша жиі арызданған. – Пандемияға байланысты арыз­­данушыларды онлайн қабыл­дай­мыз, алайда жағдайға қарай жүз­бе-жүз де кездесеміз. Бәрі эпи­да­хуал­ға байланысты. Ең бастысы, ол қоғамдық қабылдауға келуші­лердің де, біздің қызметкерлердің де саулығына қауіп төндірмеуі ке­рек. Бірақ біз қандай режимде жұ­мыс істесек те халықтың талап-ті­лек­терін әрдайым назарда ұстап отыратын боламыз,– деді Азамат Дулатұлы. Регламент бойынша Парламент Мәжілісінің депутаттары арыз-ша­ғым айтушыларды жылына бір рет қоғамдық қабылдау бөлмесінде қабылдайды және өңірлерге шы­ғып, кездесу өткізеді. Министрлер – жарты жыл сайын. Жағдайға бай­­ланысты кейде көп өтініш бол­са, тоқсан сайын кездесу өткізуге ұсы­ныс жасалады. Сондай-ақ өңір басшылары мен жергілікті мәсли­хат депутаттарының өз қабылдау кестесі, қоғаммен жұмыс істеу ре­жимі бекітілген. Сөзімізді қорыта айтқанда, «Nur Otan» партиясының қоғамдық қабылдаулары «еститін үкіметтің» жергілікті жерлердегі «тілі, құлағы, һәм көзіне» айналғанын осы мы­сал­дардан айқын көруге болады.