Шағын отбасын шетке қағудан не ұттық?
Шағын отбасын шетке қағудан не ұттық?
© коллаж: Әсел Балтақызы
513
оқылды
Қазақстанда шағын отбасылар қамқорлықтан қағажу қалды. Мұны сарапшылар да, былайғы жұрт та жиі айтып жүр. Бірақ Үкімет ел пікірін елемегенімен қоймай, жас ұрпақтың бір бөлігін кемсітіп отырғандай: айталық, егер сәби шағын отбасыда дүниеге келсе, мемлекет оның күтіміне ай сайын небәрі 17 мың теңге шамасында жәрдемақы береді. Егер бала көпбалалы отбасында туса, ай сайынғы күтіміне мемлекет бөлетін қаржы бірден 4,3 есеге артады! Дискриминациядан қажыған кейбір шағын отбасы, соның ішінде қазақтар «ана капиталын» беретін Ресейге көшіп жатыр.

Көп қорқытады...

UNICEF ұйымы балалы отба­сыларға арналған әлеуметтік кө­мек жүйесін талдауында бір жайт­­қа назар аудартады: Қазақ­стан­да халықтың басын өсіріп отырған шағын отбасылар екен. Мә­селен, 2012 жылы республи­ка­да 240 мың­дай отбасы көпба­ла­лы саналыпты. Содан бері ба­қандай он жыл өтті. Көпбалалы отбасылар саны тек екі еселенген: Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегінше, 2022 жылғы қаңтардағы жағдай бойынша елімізде 487,6 мың көп­балалы отбасы бар. Заң бойынша отбасыда 4 және одан көп кәме­летке толмаған бала ата-анасы­мен бірге тұрып жатса, ол отбасы «көпбалалы» мәртебесін иелене­ді. Сарапшылардың баға­лауын­ша, бұл отбасыларда ша­ма­мен 2,5 миллионға жуық кәмелетке тол­маған бала тәрбиеленіп жатыр. Қалғаны есейіп кеткен. Бұл ретте заң бойынша осы төртеудің қата­рында 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлім студенті де есептеле береді. Бірақ 1–17 жас аралығындағы жас­­өскіндер ғана «бала жасына» жататыны мәлім. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2021 жылы елімізде 1-ден 17 жас аралығындағы 6 295 590 бала болды. Ендеше шағын от­ба­сылардың халықтың санын өсі­руге сүбелі үлес қосып жатқанын бай­қауға болады. Мысалы, Ресейде шағын отба­сыларға баса мән беріледі, себебі ондай отбасылардың көбі орыс ұл­тынан. Айтпақшы, солтүстік көр­шіде көпбалалы отбасылар қата­рына 3 баласы барлар да жатқы­зы­лады. Оларда Шешенстан, Да­ғыс­тан, Татарстан секілді респуб­ли­ка­ларда көпбалалы жанұялар басым. Қолданбалы экономика зерт­теу­лерінің орталығы (AERC) жүр­гізген «Қазақстанның көпбалалы отбасылары» атты зерттеуі көр­сет­кендей, республикадағы кедей от­басылардың 90%-ы көпбалалы екен. Кедей деп есептелуі үшін от­басының әр мүшесіне шаққан­дағы орташа табысы 60 мың теңге­ден төмен болуы шарт: мысалы, ата-анасының табысы 400 мың теңгеден асса, бірақ отбасыда 7 бала болса, олар кедей деп танылады. Егер 3 бала болса, ауқаты орташа делінеді. Көпбалалы отбасыларға көмек көрсетілгені – әділетті, олар ұлттың алтын қоры. Және ол көмек көр­се­тіліп те жатыр. Еңбекминінің мәлі­метінше, тек 2022 жылдың қаңтар айында оларға жалпы сомасы 27 миллиард теңге төленген. Бір жыл­да – 2021 жылы көпбалалы отба­сылар 287 миллиард теңгеден астам жәрдемақы алған. Осындай жанұя­ларға 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап, мемлекеттік жәрдемақының жаңа түрі енгізілді: ол отбасының кірісінің қандай екеніне қарамас­тан, барлығына төленеді. Әлеумет­тік желіде ауқатты бизнесменнің де соны алатыны айтылып қалды. Атал­ған жәрдемақы бала санына қарай өседі және 2022 жылы ке­лесідей: 4 балалы отбасыға – 49 100 теңге; 5 балалыға – 61 383 теңге; 6 балаға – 73 666 теңге; 7 балаға – 85 948 теңге; 8 балаға – 98 016 теңге; 9 балаға – 110 268 теңге; 10 балаға – 122 520 теңге; 11 балаға – 134 772; 12 балаға – 147 024; 13 балаға – 159 276; 14 балаға – 171 528; 15 бала­ға – 183 780; 16 балаға – 196 032 теңге. Көпбалалы отбасыларға сон­дай-ақ атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) те беріледі. Олардың балала­рын кепілдендірілген әлеуметтік топ­тама (КӘТ) аясында азық-тү­лікпен, мектеп формасымен, тұр­мыстық керек-жарақтармен мем­лекет тегін қамтамасыз етіп отыр. Көпбалалы аналарға мемлекеттен баспананы бірінші кезекте алуға құқық берілді. Көпбалалы отбасы­лар арасында «Мерейлі отбасы» байқауы өткізіліп, жеңімпаздарына қомақты қолдау, салмақты сый-сияпат жасалады. Соған қарамастан халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар «Қазақ­стандағы көпбалалы аналардың бас көтерулерін» тіркеуді жалғастырып жатыр. Олардың есептерінде осы аттас тұтас тарау бар.

Small Family Matter

Бұл «шағын отбасылар да ма­ңызды» деген сөз: АҚШ пен Еуро­палық Одақ елдері осы қағидатты ұстанады. Қынжылтатыны сол да­мыған елдер қатарына ұмтылға­нымен, Қазақстанда шағын отба­сылар қамқорлықтан тыс қалды. Үш баланың анасы Орынкүл Т. өзі­не мемлекеттен мардымсыз ғана қолдау болғанын айтады. «Мені 1 жасқа дейінгі баланың күтімі бойынша берілетін ай са­йынғы жәрдемақы көлемі қызық­тырады. Менің 11, 10 және 6 жаста­ғы үш балам бар. Олардың әрқай­сы­сы үшін ай сайын 10 мың теңге­ден шамалы асатын көлемде ғана жәрдемақы алып отырдым. Неге олай болды? Үкіметтегілер әрбір келесі бала үшін сома қомақты өседі деп жарнамалап жүр ғой. Мені осы мәселе мазалайды. Бәлкім, ма­ған да көбірек төлеуі керек болған шығар, егер солай болса, кезінде тө­ленбей қалған соманы есептеп, өтем­ақы жасаса деймін», – дейді ана. Ол бұған дейін министрлікке осы сұрақпен жүгініпті. Бірақ мар­дымды жауап ала алмаған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің сендіруінше, елде «балалы отбасыларды қолдаудың кешенді моделі түзілген». «Ол жүйеге мемлекеттік жәр­дем­ақылар ғана емес, сондай-ақ әлеу­меттік төлемдер, жұмыспен қам­туға жәрдемдесу, салық салуда­ғы жеңілдіктер және басқа әлеумет­тік қорғау шаралары кіреді және олар адам өмірінің әртүрлі кезең­дерін қамтиды. Әлеуметтік қолдау жүйесі сондай-ақ отбасының әр­түр­лі өмірлік жағдайларын да еске­реді. Мысалы, бала туған кезде бір жолғы жәрдемақы қарастырылған. Оның мөлшері дүниеге келген перзенттің отбасындағы нешінші бала екеніне байланысты болады. Ал 1 жасқа дейінгі бала күтімі бо­йынша ай сайынғы жәрдемақы жұ­мыс істейтін және жұмыс істе­мейтін әйелдерге де төленеді», – деп түсіндірді ведомство. Ал Орынкүлге өтемақы жасал­майтынға ұқсайды. «Біздің министрліктің автомат­тан­дырылған ақпараттық жүйесінің дерегінше, ол кісіге 2010 жылы бі­рінші баласын туғанда, 42 390 теңге көлемінде бала тууына байланысты бір жолғы мемлекеттiк жәрдемақы және ай сайын 10 342 теңге көле­мінде 1 жасқа дейінгі бала күтімі бо­йынша жәрдемақы төленді. 2012 жылы екінші баласын өмірге әке­луіне байланысты – 48 540 теңге бір реттік және 11 253 теңге ай сайынғы жәрдемақы; 2015 жылы үшінші сәбиін дүниеге әкелуіне орай тиі­сінше 62 255 теңге және 15 559 теңге жәрдемақы берілді», – деп нақ­тылады Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау министрлігі. Бұл жерде 10–15 мың теңгелік жәрдемақы баланы асырап-бағуға жетпейтінін шенеуніктер ескер­мейтін, ескергісі келмейтін секілді. Әрине, бұл – сол кездегі ескі мөл­шер­лемелер. 2022 жылы 1-ші бала­ға – 5,76 АЕК (17 643 теңге); 2-ші балаға – 6,81 АЕК (20 859 теңге); 3-ші балаға – 7,85 АЕК (24 045 тең­ге) жәрдемақы беріледі. Ал 4-ші ба­лаға 8,90 АЕК (27 261 теңге) көле­мінде осындай жәрдемақы және от­басы табысына қарамастан таға­йындалатын 16,03 АЕК (49 100 тең­ге) арнайы жәрдемақы төленеді.

Шағын отбасылар енді үнсіз қалмайды

«Үнсіз қалудан шаршадым, – дейді алматылық белгілі заңгер Анна Димитриевич. – Айналада барлығы әрнәрсені талап етуде. Мысалы, Нұр-Сұлтанда көпбалалы аналар үнсіз митинг ұйымдастырды. 15 әйел транспарант көтеріп, Еңбекмині ғимаратының алдында тізіліп тұрды. Олар тегін баспана, арзан ипотека және кредиттерін кешіруді талап етті. Ізінше ақтаулық көпбалалы аналар көшеге шығып, өздері тұратын арендалық баспа­наны тегін жекешелендіруге мүм­кіндік беруді талап етті. Ал біздің неміз кем? Біздің балаларымыз да солардың баласына ұқсас. Біз де мұқтажбыз, баспананы жалдап тұрамыз. Себебі елде тұрғын үй ба­ғасы ғарышқа ұшып барады. Түр­кияда не Тенерифте үй сатып алу әлдеқайда арзан. Медицинаға да, білім беруге де төлейміз». Заңгер шағын отбасыларға тегін ештеңе де жоқтығын қаперге салды: жеңілдіктер қарастырылмаған. «Алайда тіршіліктің қиыншы­лықтарына үнсіз төзіп келеміз. Біз­ге де қиын, бізге де ақша аспан­нан жауып жатқан жоқ. Мемлекет болса, тек митингке шыққандарды тыңдайды, солардың талабын орын­дайды. Үнсіз ғана жұмыс істеп жүр­ген шағын отбасыларға неге қараспайды? Балалардың көптігін қалқан етіп, талап қою арға жата ма? Өйткені ертеден қара кешке дейін жұмыс істеумен салыстыр­ғанда, бала туу, перзент сүю процесі азап емес, ләззат қой? Біз де қап­та­тып туғымыз келеді, бірақ отбасын асырау үшін жанталасып жұмыс істеуге мәжбүрміз», – деді ана. Анна Димитриевич жақында Президент Қ.Тоқаевқа үндеу жол­дады: көпбалалы, азбалалы деп бөл­мей, демографияға үлес қосқан әрбір анаға бірдей жағдай жасауды сұрады. Бала шағын отбасыда дү­ние­ге келгені үшін шетқақпай көр­мегені жөн. Заңгер Мемлекет бас­шысына бірнеше ұсыныс айтты: біріншіден, 1 жасқа дейін баланың күтіміне төленетін жәрдемақыны 3 жасқа дейін ұзартқан абзал. Екін­шіден, отбасының табысына қара­мастан төленетін мемжәрдемақыны шағын отбасыларға да төлеу қажет. Үшіншіден, өмірге бала әкелген әрбір жанұяға жеңілдікті тұрғын үй алу құқығы берілуі керек. Әйтпесе, еш жеңілдікпен ынталандырмаған соң мүлдем бала туғысы келмейтін жастар, childfree отбасылар көбейіп барады. Сондай-ақ егер алда қа­рыз­дар кешірілетін болса, ол науқанмен осал топтарды ғана емес, барлық балалы отбасыларды қамту қажет. «Адал еңбеккерлер қатарындағы шағын отбасылар мемлекеттің қол­дауына лайық. Себебі мемлекеттің бюджетін дәл солар салық төлеп, толтырады. Құрметті Қасым-Жо­март Кемелұлы, Сіз адамдардың кө­ңіл күйін көтеру керек деп айт­ты­ңыз. Ендеше оның қарапайым әрі пәрменді тәсілі – осы!» – деді заңгер.

Үкіметтің мәселеге терең үңілгені ләзім

Осының алдында Aikyn «Бала­лар жылы» аясында Үкімет 1 жасқа толғанға дейін баланың күтіміне ай сайынғы мемлекеттік жәрдем­ақы­ны төлеу кезеңін қазіргі 1 жылдан 1,5 жасқа дейін, ал оның мөлшерін 1,5 есе арттыруды жоспарлағанын хабарлады. Осы мақсатқа респуб­ликалық бюджеттен 214 млрд 745,2 млн теңге бөлінетін көрінеді. Құқықтанушы Арнұр Чегибаев Үкіметке бұл жәрдемақыны төлеу мерзімін 3 жасқа дейін көтеруді ұсынды. Себебі декреттік демалыс 3 жылға созылады. Ал аналар жәр­демақыны 1 жыл ғана алады. «Мемлекет оларды жұмысқа шығуға итермелейді. Содан бір баланы туған соң жұмысқа оралып, бала туу мәселесіне оралмайтын отбасылар көбейіп барады. Өйткені көбісі пәтерді жалға алып тұрады. Мысалы, мемлекеттік қызметтегі ағайынымның бір жасқа толмаған сәбиі бар. Әйелі декретте отыр. Ша­ғын отбасыларға аз жәрдемақы төленеді. Отағасының жалақысы бала күтіміне, отбасы қажетті­лік­теріне жете бермейді. Көп қаржысы пәтерді жалға алуға кетеді. Бір жыл өткен соң жәрдемақыдан да қағы­лады. Сонда бөбегін қалай асы­ра­мақ? Егер анасы жұмысқа шықса, балдырғанды кім бағады? Сұрақ көп, басы қатқан жағдайда. Бұл проб­лема жүйелі сипат алды», – дейді ол. Жалпы, шағын отбасылардың да проблемасы – шаш етектен. З.Хуснутдинова бастаған әлеу­меттанушылар біраз жыл бұрын ДЦП-ға душар болған баласы бар отбасылардың әлеуметтік пробле­маларына зерттеу жүргізген-тін. Оның қорытындысында мұндай отбасылардың көбі – 79,4%-ы кіш­кене отбасы болып шықты. Тексе­рілген әрбір екінші бала (53,8%) – тек бір баладан тұратын, әрбір үшіншісі (34,6%) – екі баладан ғана құралған отбасыда тәрбиеленіпті. Сұрау салынған аналардың үштен екі бөлігі (68,7%) одан кейін бала туудан бас тартқан. Қайтадан сәби сүюге кедергі болған себептердің арасында бірінші кезекте «келесі бала да осындай ауру болып шықса ше?» (13,7%) деген қауіп аталды. Сондай-ақ әкесі не шешесінің денсаулығының нашарлауы (9,7%), күш пен уақыттың сырқат балаға шығындалатыны (8,8%) да бала туудан аяқ тартқызатын факторға айналған. Сал болып қалған бала­лар туылғанда олардың аналарының тек 13,1%-ы ғана үйбикесі болған. Ал кейін жұмыс істемейтін аналар саны 48,9%-ға жеткен. Себебі, ана­ның бар күші ДЦП дерті бар бала­ның күтіміне кетеді. Қазақстанда сал болған балаларды емдейтін ірі орталық жоқ. Салдарынан, ата-аналары оларды Ресейге, Өзбек­стан­ға, Қытайға апарып емдетеді. Ан­а­лардың айтуынша, ДЦП-ға шалдыққан балалардың емі тым ұзақ­қа созылып, тез нәтиже әкел­мейтіндіктен, оларға көмектесуден Аружан Саиннің қоры да бас тар­тады. «Қазақстан халқына» қо­ры­ның оларға көңіл бөлмейтіні бай­қалады. Бұл, әрине бөлек әңгі­менің арқауы. Осының бәрі шағын отбасы­ларға қатысты мәселелер шешімін таппай, қордаланып жатқанын паш етеді. Жаңа Қазақстан демография мәселесінде бұрынғыдай біржақты кетпей, аз-көп деп бөле-жармай, халықтың санын көбейткен әрбір отбасыға көңіл бөлсе, құба-құп. Ұлттық статбюро дерегінше, 2020 жылы елде 2 321 978 отбасы болған. Соның ішінде 14,8%-ында 1 адам ғана қалған (мысалы, қарт адам не жесір), 23,9%-ында – 2 адам, 19%-ында – 3 адам (жалғызі­лікті ана не әке 2 баласымен немесе 1 балалы ата-ана), 16,2%-ында – 4 адам (ата-ана 2 баласымен немесе жалғызбасты ата-ана 3 баласымен) болған. Қалған 26,1% отбасы 5 және одан көп мүшеден құралған. Бірақ соның ішінде әке-шеше және 3 баладан тұратын шағын отбасылар жетерлік. Олай болса, Үкімет елі­міздегі отбасылардың басым бөлігін ары қарай елеусіз, ескерусіз қал­дыра алмаса керек.