Қазақстанның 80 азаматы эвакуациялық рейсті күтіп отыр- СІМ
Қазақстанның 80 азаматы эвакуациялық рейсті күтіп отыр- СІМ
479
оқылды
Сыртқы істер министрлігі Украина қалаларындағы қазақстандықтарға үндеу жасап, Киевтегі елшілікке хабарласуды және өзінің орналасқан жері туралы хабарлауды сұрап отыр.
"Мүмкіндік болған жағдайда Польша шекарасына дейін ұйымдасқан түрде жету үшін Львов немесе Киев қалаларына өз күшімен баруды ұсынамыз. Жол-көлік жағдайының күрделі болуына және Украинадағы әскери әрекеттердің жалғасуына байланысты бұл қиындық тудыру мүмкін. Мұндай жағдайда өздеріңіз орналасқан мекенде қалуды, ҚР елшілігімен және құрметті консулдықтармен үнемі байланыста болуды сұраймыз", - деп үндеу жасады сыртқы істер министрлігі.
Министрліктің хабарлауынша, Украина мен Польшаның мемлекеттік органдарымен жасалған уағдаластық аясында Қазақстанның 80 азаматы үшін визасыз және ПТР тестілеусіз шекарадан өту қамтамасыз етілді және олар эвакуациялық рейсті күту үшін Катовице қаласында (Польша) орналастырылды.
Бұған қоса 260 отандасымыз қазақстандық дипломаттармен бірге Украина-Польша шекарасында тұр және оны өту үшін өз кезегін күтіп отыр.
"Украинадағы ҚР азаматтарының өтініштері үшін Қазақстанның Киевтегі елшілігінде және ҚР СІМ-де "жедел желі" ашылғанын, бұл жұмысқа Днепр, Львов, Одесса мен Харьков қалаларындағы ҚР Құрметті консулдары жұмылдырылғанын еске саламыз. Киевтегі ҚР елшілігі күшейтілген режимде өз жұмысын жалғастыруда және бүгінде дипломаттардың көмегімен Қазақстанға оралғысы келетін тұлғалардан 631 өтінім тіркеді", - делінген хабарламада.
Алғашқы репатриациялық рейс 27 ақпанда ҚР азаматтарының негізгі бөлігі Катовице қаласына келгеннен кейін ұшып шығады деп көзделіп отыр.