Украинада ешкімді қалдырмаймыз – СІМ ресми өкілі
Украинада ешкімді қалдырмаймыз – СІМ ресми өкілі
Фото: Reuters
327
оқылды

Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Украинадан отандастарымызды эвакуациялау туралы айтты, – деп жазады inform.kz.

«Украинадан тек Қазақстан азаматтары ғана емес, шетелдіктер де кеткісі келеді. Біз қазақстандықтар үшін барлық жағдайды жасаймыз. Киевте сегіз-ақ дипломатымыз бар. Қазақстандықтарды Польша шекарасына жеткізуде елшілік өкілдері бірге барып жатыр. Бірақ, мамандар жетпейді, елшілікте де біреу қалуы керек. Отандастарымызды шекараға жеткізген соң, елшілік өкілдері қайтып келіп, келесі топ адамдарды жолға алып шығады»,  – деді Айбек Смадияров.
Оның айтуынша, Украина мен Польша шекарасында қазақстандықтарды елшілік өкілдері күтіп алады. «Тізім бойынша Қазақстан азаматтарын тексеріп, одан әрі шығарып салады. Шекарада 2 елдің де кеден қызметі шұғыл әрі төтенше режимде жұмыс істеп жатыр. Біздің дипломаттар Украина қалалары мен Польша шекарасы арасында жанталасып жүр. Сондай-ақ, жедел желі жұмыс істеп тұр. Украина шекарасындағы ұзын-сонар кептеліс 20-40 шақырымға жетті. Біз ешкімді қалдырмаймыз, барлық азаматты алып шығамыз», – деді Смадияров.

Бұған дейін Львов қаласындағы қазақстандықтарды эвакуациялау туралы жазған болатынбыз.