Жаңа кәсіпорында шикізат тапшы
Жаңа кәсіпорында шикізат тапшы
492
оқылды
Петропавл қаласындағы фанера комбинатына шикізат жетіспейді. «Солтүстік фанера комбинаты» ЖШС өкілдері кәсіпорынға ат басын тіреген Парламент Мәжілісінің де­путаттары алдында осы мәселені көтерді. Жаңа кәсіпорын былтырғы жылдың басында «Nur Otan» партиясының сай­лауалды бағдарламасы аясында іске қо­сылған болатын. Нәтижесінде, 150 шақ­ты адам жұмыспен қамтылды. Олардың орташа еңбекақысы – 150 мың теңге шамасында. Мұнда үлкен форматты, суға төзімді фанера өндіріледі. Бұл зауыт жы­лына 20 мың текше метрден астам лами­нат­талған фанера өн­діруге қауқарлы. Әзірге 10 мың текше метр­ден астам өнім өндіріледі. Кәсіпорын бүгін­де республи­каның осы өнімге деген қажет­тілігінің 30 пайызын жауып отыр. Бұл жобаға 8 млрд теңге инвестиция құйылған. Мұнда шикізат ретінде Ресей мен Қа­зақстанның ормандарынан 100 пайыз қайың қабығы қолданылады. Ал қал­дықтар фанера дайындау процесінде пай­даланылатын жылу қуатын өндіруге жұмсалады. Таяу арада мұнда ЛДСП өндірісі бас­талмақ. Бұл бастама өз кезегінде өңірдің жиһаз өндіру саласын айтарлықтай дамытуға тың серпін бермек. (Солтүстік Қазақстан облысына жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің депутаттары Ерлік Тайжанов пен Дмитрий Колода комбинаттың жұмысымен, өзекті мәселелерімен және алдағы жоспарларымен танысты. Солтүстік Қазақстан облыстық кәсіп­керлер палатасының директоры Әлібек Әшметовтің айтуынша, фанера ком­би­наты­ның ең өзекті мәселесі – шикізат тап­шы­лығы. Соның салдарынан зауыт толық қуа­тында жұмыс істей алмай тұр. Өткен жылдың соңғы екі айында кәсіпорын осы қиындыққа тап болды. Ал биыл бұл мәселе тіпті күрделене түсті. Себебі Эколо­гия ми­нистрлігі 10 жылда бір рет жүргізетін орман шаруашылығын түгендеу жұмысы биылға жоспарланған. «Кәсіпорын басшылығы өндірісті кеңей­тіп, 300-ге жуық адамды жұмыспен қамту үшін біздің өңірімізге 10 миллион доллар инвестиция құюға әзір. Алайда қазір шикізат тапшылығы қиындық тудырып отыр. Бұған негізгі себеп – Экология ми­нистрлігі жүр­гізіп жатқан орман шаруашы­лығын түген­деу жұ­мыс­тары. Бұл жұмыс жылдың соңына дейін жоспарланған. Соған орай барлық орман пайдалану тендерлері тоқтатылды. Осыған байланысты кәсіпорын өзін-өзі өн­діріске қажетті ши­кізатпен қамтамасыз ете алмай­ды», – деді кәсіпкерлер пала­тасының дирек­торы Әлібек Әшметов. Бүгінде кәсіп­орын шикізатты шетелден сатып алуға мәжбүр. «Зауыт толық қуатында жұмыс істеуі ке­рек. Біз бұл мәселені, әрине бақылауға ала­мыз және атқарушы органдармен өзекті мә­­селелерді пысықтаймыз. Кез­десу­лер өт­кі­зе­міз, мәселені шешу жол­дарын іздес­тіреміз», – деді Мәжіліс депутаты Дмитрий Колода. Ал кәсіпкерлер палатасы бұл қиын­дық­ты Үкімет деңгейінде шешу үшін «Атамекен» ҰКП орталық аппаратына жет­кізуге ниетті.

Солтүстік Қазақстан облысы