Атырауда бала денсаулығы назардан тыс қалған ба?
Атырауда бала денсаулығы назардан тыс қалған ба?
785
оқылды
Атырауда денсаулық сақтау саласына айтылып жүрген сын толастар емес. Әсіресе, бала өлімі мен маман тапшылығы өзекті.  Жуырда бірнеше ата-ана жиналып, балаларға сапалы ем-шара жасалмайтынын, салдарынан сәбилердің көз жұмға­нын айтып, бұған жол берген дәрігер­лерді жауап­қа тартуды талап етті. Қаңтарда ауруханаға оң аяғын 6 пайыз күйік шалып жеткізілген 2 жасар қыздың әкесі Қ.Жұмаділовтің айтуынша, дәрігер­лер нақты диагноз қоя алмай, дәрі-дәрмек­терді шамадан тыс бергендіктен, сәбиі жан тапсырған. Қайғыдан қан жұтқан әке осы жағдайға дәрігерлердің өз жұмыстарына салғырттығы себеп болды деп пайымдайды. Ал 2 жасқа толмаған қызынан айырыл­ған ананың айтуынша,  облыстық денсаулық сақтау сала­сының былықтары министрлікке жетпеуі үшін басшылық түрлі амалдар істейді. Жыл басында ұлынан айырылған тұрғын: «Мақсатым – дәрігер­лерді соттату емес. Бар маманның қадірін біліп, соларды тұрақтандырып, балалар денсаулығына жіті көңіл бөлінсе» деген тілегін айтты. Бұл жағдайдан соң Атырауда Денсаулық сақтау басқармасының басшылары мен облыстық балалар ауруханасы дәрігер­лерінің қатысуымен брифинг өтті. Денсаулық сақтау басқармасы басшы­сы­ның орынбасары Жанар Сәдуованың айтуынша, бүгінде облыста жазатайым оқиғалар көбейген. 2020 жылы жазатайым мұндай оқиғадан  кейін 406 бала ауруханаға жеткізілген. 2021 жылы 419 бала түскен, оның ішінде жарақатпен – 181, термиялық күйікпен – 143, химия­лық күйікпен 40 бала бар. Ал жыл басынан бері 35 бала ауруханаға түсті, оның  үшеуі қай­тыс болды. Біреуі күйіктен кейін, қал­ған екеуі гемолитикалық-уремиялық синдром салдарынан қайтыс болған. Облыстық балалар ауруханасының директоры Нұрқабыл Айтмұхамбетовтің  айтуынша, екі бала аурухананың өзінде, біреуі елордадағы «Ана мен бала» ұлттық ғылыми орталығында көз жұмған. Қайтыс болған үш балаға медициналық  көмек көр­сетілген. Брифингте  облыстық балалар ауру­хана­сының сарапшы дәрігері Зәбида Қожаниязова  балалардың күйіп қалу  оқиғасы жиі тіркелетінін  айтты. «Термиялық күйіктерді емдеу нәтижесі көптеген факторға, соның ішінде бала денесінің жай-күйіне, зақымдану аймағы мен күйік тереңдігіне байланысты. Дене қатты зақымданып асқынса, күйік өлімге алып келуі мүмкін»  деген З.Қожаниязова дәрігерлердің баланы аман алып қалуға күш салғанын айтты. Денсаулық сақтау басқармасы басшы­сының орынбасары Жанар Сәдуова  балалар өлімінің көбеюіне байланысты тәжірибелі педиатрлар мен арнайы мамандардан комиссия құрылғанын айтты.

Маман тапшы

Облыстық балалар ауруханасында үш баланың өліміне қатысты ата-аналар жанайқайынан кейін осы ауруханадан екі жыл бұрын тәжірибелі дәрігер мамандар­дың басшылық тарапынан  жұмыстан шығарылғаны мәлім болды. Мамандар туралы сұрағанымызда балалар ауруханасы басшысы Н.Айтмұхам­бетов ешкімді қудаламағанын және жұмыстан шығармағанын айтты. –  Бірнеше дәрігер өз еркімен жұмыстан кетті. Алты дәрігердің түске дейін ауруханада,  түстен кейін жеке емханаларда жұ­мыс істейтінін білдім. Сөйте тұра, бізден то­лық жалақы алады. Мен оларға  аурухана мен жеке клиниканың  бірін  таңдаңыздар деп талап қой­дым, – деді Н.Айтмұхамбетов. Бүгінде облыс бойынша мемлекеттік медицина мекемелеріне 200-ден аса маман жетпейді. Оның басты себебінің бірі – мамандардың жеке емханаларға кетуі. – Соңғы екі жылда облыста 20-ға жуық жеке емхана ашылды. Көпшілігі сонда жұ­мыс істеуге кетті, өйткені жалақысы жо­ғары және біздегідей қатаң талап қойыл­майды. Жеке емханалар біз оқытып, жетіл­дірген, тәжірибесі бар мамандарды жұмыс­қа алады. Өкінішке қарай, бұл – біз үшін үлкен проблема, – дейді Денсаулық сақтау басқармасы басшысы­ның орынбасары Жанар Сәдуова.

Балалардан да «ұрлайды»

Бірер жыл бұрын облытық емдеу мекемеде үлкен несиелік берешектер болып, олардың қызметіне халықтың көңілі толмауы депутаттар назарынан тыс қалмады. Мәслихат  депутат  заңгер Салтанат Рахимова  2019 жылы облыстық балалар ауруханасында сыбайлас жемқорлықты анықтаған. Мысалы, аурухана қажеттілігі күмәнді қызметтерді көптеп сатып алған. Бұдан басқа, ақпараттық қызмет көрсету, сайтты жүргізу, бухгалтерлік консультациялар мен аудит қызметтерін сатып алуға миллиондаған теңге жұмсаған. Ең сорақы­сы, консультация берген және аудит жүргізген компаниялар­дың сыбайлас екені анықталды. Ал осы кезде, ауруханаға нағыз қажетті дәрі-дәрмектер мен жабдықтар сатып алынбай, жоспарлы операциялар кейінге шегеріліп отырған. Бұл уақытта ау­ру­хананың бас дәрігері А.Абджали бол­ған.  Одан кейін оның орнына бұрынғы бас дәрігер Н.Айтмұхам­бетов қайта тағайындалды. –Содан соң  кадрларды қудалау бойынша шағым көбейіп кетті. Маған үш жас қызметкер  бас дәрігердің қудалауына шыдамай, жұмыстан  кетіп жатқанын айтып, мұңын шаққан. Медицина мәселесін біз арнайы мониторинг топтың отырысында да көтергенбіз. Бірақ бас дәрігер өзінің ешбір кінәсі жоқ екенін, ал дәрігерлер өз еркімен жұмыстан шыққанын айтып, мәселе шешімін таппады. Алайда бүгінде ауруханада кадр тапшылығы зор екені сөзсіз. Өңіріміздегі  жалғыз балалар ауруханасында осындай кикілжіңдердің болуы, емдеу сапасына әсер етуі – үлкен трагедия, – дейді заңгер Салтанат Рахимова.

Жұмыстан кетуге мәжбүр

Атырау ауруханасындағы балалар өлімі мен кадрлар тұрақсыздығы жергілікті халықтың қорқынышын еселеп жібергендей. Әлеуметтік желіде хирургия, ортопедия мен жансақтау бөлімшесіндегі жас мамандардың жұмыстан кетуі жұртты ойландырып тастады. Жансақтау бөліміне түскен талай бүл­дір­шінді сан рет жедел ота жасап, ажалдан арашалап қалған дәрігерлердің өзімен кездескенде облыстағы жалғыз балалар ауруханасындағы жағдай тым мүшкіл ме деп қалдық... Білім мен тәжірибені университет қабырғасында бастаған мамандар, әлемдік деңгейді айтпағанда, астаналық әріптестері секілді жаңа технологиямен жұмыс істеп, балалардың тез сауығып кетуіне ықпал еткісі келді. Бар мәселе осында еді. – Өңірімізде  іштен туа бітті ақауы бар, әсіресе ішек жолдары  бітелген нәрестелер көп. Оларды перинаталдық орталықтан балалар ауруханасына тасымалдамай,  ота жасап, бақы­лауға алу арқылы аман сақтап қалуға болады. Мұңдай тәжірибені істеп көрдік. Осы орталықтың бас дәрігері Ұ.Хасанова басшы болған кезде меңгеру­шіміз, тәжірибелі хирург Гүлмира Төрехан­қызы арнайы бри­гада жасақтап, перинатал­дық орта­лықта жаңа туған нәрестелерге оталар жасалды. 10 баланың кем дегенде жеті-сегізін аман алып қалуға қол жеткіздік. Осы тәжірибенің нәтижесін білген соң облыстық балалар ауруханасы мен перинаталдық орталық келісімшарт жасасып, бізге жалақы төлейтіндей ұсыныс айтылған. Бірақ ұсыныс қабылданбады және бұл тәжірибе тоқтап қалды. Негізі, бала өлімінің көрсеткіші туа бітті ақауы бар сәбилердің  сапалы ем алмауынан. Осылайша, балаларды аман сақтап қалудағы ниетіміз басшылық тарапынан қолдауға ие болмады, екі ортада жүрген жұмысымызға жалақы да, ынталандыру да болмады, – дейді бүгінде жеке клиникада жұмыс істеп жүрген  анестезиолог-реаниматолог Ғалым Ембергенов. Бүгінде Атырауда 206 дәрігер жетіспейді. Соның ішінде анестезиолог-реаниматологке сұраныс жоғары. Білуімізше, жұмыстан «өз еркімен» кеткен, батыс өңірлері бойынша  аяқ басының, ішкі және сыртқа маймақтығы (косолапость) туа бітті ақауымен туған сәби­лерге ота жасайтын ортопед-травматолог дәрігер де жеке клиникада жұмысын жалғастырып жүр. Мәселен, қала тұрғыны Гүлшарат Нұрлыбектің айтуынша, екі баласы да аяқтарынан туа бітті ішке-сыртқа маймақ­тықпен дүниеге келген. 2018 жылы балалар ауруханасында ақылы ота жасатқан. 2020 жылы екінші баласы да осы ақаумен дүниеге келгеннен кейін туғанына 15 күн өткен соң ота жасатқан. «Тұңғышымды туғанда отаны уақыт оздырмай жасату керегін білмедік. Екінші ұлымды туғанда ортопед-травматологке дер кезінде апарудың нәтижесінде балаларымның жағдайы жақсы. Үш-алты ай сайын бақылаудан өтеміз. Отаның бағасы  – 120 мың теңге. Кем дегенде 6 рет гипс салынады. Наркозы бар, бәрін қосқанда 300 мыңға жетіп қалады. Ал енді  тәжірибелі дәрігерлерді біз тек жеке клиникадан табатын болдық. Сапалы емнің ақысы да қарапайым халықты қинайды. Сондықтан тәжірибелі дәрігерлердің жағдайын жасап, мемлекеттік ауруханада ұстауға кім кедергі? «Ұлттың келешегі ұрпағымыз» деп жалаң ұрандатпай, балалар денсаулығына көңіл бөлген жөн емес пе? Қайын сіңлімнің баласы ДЦП болып туған. Оған да сәтті ота жасалып, қазір жүріп жүр», – дейді Г.Нұрлыбек. Атырау балалар ауруханасынан тә­жірибелі мамандардың жұмыстан кеткеніне екі жылдан асты. Мамандардың тапшы­лығы балалардың сапалы ем алмауына әсері болғаны сөзсіз. Ресми дерек бойынша, 2019 жылы ауруханада  – 56 бала, 2020 жылы – 36, 2021 жылы 48 бала қайтыс болған.  Жаңа жыл басынан бері балалар ауруханасына түрлі сырқатпен 35 бала түсіп, оның үшеуі қайтыс болған.

P.S.

Бізге сұхбат берген дәрігерлер жеке кли­ника­лардағы табыстарына қанағаттанатын тілге тиек етті. Сондай-ақ облыста бір ғана балалар ауруханасының болуы балалардың  сапалы ем алуына кері әсерін тигізіп отырғанын қынжыла айтты. Жеке клиникада жұмыс істесе де өңірдегі балалар денсау­лығына алаңдаған мамандар екінші балалар ауруханасын салмайынша, балаларды сапалы емдеуде кемшіліктер бола береді деген қауіптерімен бөлісті.

Атырау облысы