Ресей халықаралық жарыстардан шеттетілді
Ресей халықаралық жарыстардан шеттетілді
365
оқылды
Украинадағы жағдайға байланысты бүгінде көрші елдің спортына қойылған шектеулер күшейді. Күні кеше Ресей спортшыларының халықаралық жарыстарға қатыса алмайтыны белгілі болды. Ел аумағында да әлемдік деңгейдегі турнирлер өтпейді. Халықаралық олимпиадалық ко­митет Ресей мен Беларусь спортшыларын халықаралық жарыстарға шақырмауды және қатыстырмауды ұйғарып отыр. Екі ел арасындағы жағдай жақын арада түзелмесе, FIFA Халықаралық олимпиадалық к­омитет, UEFA және басқа да спорт­­­тық ұйымдармен тағы да қо­сым­ша шара қолданады. Енді тек ре­сейлік спортшылар бейтарап спорт­шы ретінде ғана шетелдегі тур­нирлерде өнер көрсете алады. Оның өзінде әрқайсысының мәселесін халықаралық федерациялар арнайы қарастырып, бөлек шешім шығарады.

FIFA мен UEFA қатаң жазалады

FIFA футболдан Ресей құрамасын 2022 жылы Қатарда өтетін әлем чемпионатынан шеттетті. Аталған ұйым бұған дейін бұл құраманы атынан, жалауынан және әнұранынан айырып, халықаралық турнирлерге ұйымның атынан қатысуға мүмкіндік берген еді. Алайда мұндай шешім футбол қауымдастығының ашуын тудырды, сондықтан бұл мәселе қайта қаралып, өзгерістер енгізілді. Әлем чемпионаты аясында Ресей құрамасымен ойнағысы келмейтінін жеткізген Польша, Чехия мен Швеция футбол қауымдастық­тарының талап-тілегін FIFA орындады. Сонымен қатар 2022 жылы футболдан Англияда өтетін Еуропа чемпионатына әйелдер құрамасы да бармайтын болды. Еске салайық, бұдан бұрын плей-офф кезеңінде Ресейдің әйелдер құрамасы Португалияны жеңген болатын. Енді құр­лықтық біріншілікте ресейліктердің орнын португалиялық футболшылар басады. Мұның алдында UEFA атқару­шы комитеті кезектен тыс отырыс өткізген. Онда Чемпиондар лигасының финалына қатысты өзгеріс е­нгізілді. 2021/2022 жылғы маусым­дағы Чемпиондар лигасы финалын Санкт-Петербордан Парижге ауыс­ты­рып тастады. Биылғы маусым­дағы финал Сен-Денидегі «Стад де Франс» стадионында өтеді. Сондай-ақ UEFA «Спартак» футбол командасын Еуропа лигасының 1/8 финалындағы ойынға қатыстырмайтынын мәлімдеді. Мәскеулік клуб бұл кезеңде «РБ Лейпцигпен» ке­з­десуі тиіс еді. Аталған ұйымның осы шешімінен соң германиялық к­о­манда келесі кезеңге жолдама алды. Тағы бір күтпеген жаңалық, UEFA-ның соңғы жылдары Чем­пион­­дар лигасының титулдық де­меу­шісі болған «Газпроммен» де­меу­­шілік келісімін тоқтатуы болды. Германиялық «Шальке 04» футбол клубы да ресми сайтында ресейлік «Газпром» трансұлттық энергетикалық компаниясымен келісімшартты мерзімінен бұрын бұзу туралы мәліметті жариялады. Жалпы, «Газпром» 2007 жылдан бері германиялық команданың, 2012 жылдан бері UEFA-ның демеушісі болып кел­ді. Серіктестік қарым-қатынас орнатудың арқасында «Газпром» логотипі клубтың спорттық формасының алдыңғы жағына орналастырылған еді. Бұл жағдайдан соң «Шаль­ке 04» футбол клубы компанияның логотипін өз формасынан алып тастады. Демеуші демекші, РПЛ-да өнер көр­сететін «Зенит», «Спартак», «Ло­коматив», «Динамо Москва», «Ар­сенал Тула» футбол клубтарының бас серіктестері де санкцияға ұшыра­ды. Бұл жағдайлардан соң Ресей Премьер-лигасы бірқатар қиындыққа тап болуы мүмкін. Әсіре­се, еурокубоктік ойындарға қаты­сып, қомақты қаржыға кенеліп жүрген командалардың жылдағы табысы бірнеше есеге қысқарары анық. Одан бөлек, әр клубтағы легионерлердің де өзге елдің біріншіліктеріне үдере көшу қаупі жоғары. Мұндай кедергілерден соң ресей­лік клубтар зардап шегіп, ішкі бірі­н­шіліктің де деңгейі төмендері сөзсіз.

Хоккейшілер де қиын жағдайда

Халықарлық хоккей федерация­сы Ресей және Беларусь құрамасын жарыстардан қыркүйек айына дейін шеттетті. Екі елдің құрамалары мамыр айында Финляндияда өтетін әлем чемпионатына қатыспайды. Сонымен қатар Ресей 2023 жылы Санкт-Петербор қаласында жоспарланған әлем чемпионаты мен 2022 жылы Омбы және Новосібір қаласында өтетін жастар арасындағы әлем біріншілігін өткізу құқығынан айырылды. Бұл спорт түрінде де бұдан өзге күтпеген тосынсый көп. Мәселен, құрлықтық лигада өнер көрсететін латвиялық «Динамо» мен финляндиялық «Йокерит» чемпионатта өнер көрсетуден бас тартып, арадағы әріптестікті тоқтатты. Қазірдің өзінде мәскеулік ЦСКА, «Локомотив» және тағы басқа хоккей клубтарындағы бірді-екілі легионерлер де командадан кетіп жатыр. Хоккейден Швеция, Финляндия және Чехия елдері Еуротурдың соңғы екі кезеңіне Ресей құрамасын шақырмауды жөн көруі де жығыл­ғанға жұдырық болды. Оның орнына басқа құрама қатысады.

Төрт ұйым Ресейде жекпе-жек өткізбейді

Дүниежүзілік бокс ұйымы (WBO), Халықаралық бокс федерациясы (IBF), Дүниежүзілік бокс кеңесі (WBC), Дүниежүзілік бокс қауымдастығы (WBA) Ресейде жекпе-жек пен турнир өткізбеуге келісті. Бұл туралы WBO сайтында ашық жазылды. Халықаралық олимпиада комитетінің (ХОК) атқарушы комитеті спорт федерациялары мен турнир ұйымдастырушыларына Ресей мен Беларусь спортшыларын жарысқа қатыстырмауды, қатысқан жағдайда да, олар бейтарап статуста болуын ұсынды. Сонымен бірге бұған дейін ХОК аталған елдерде жарыс өткізбеуді қатаң түрде ескертті.

«Калев» ВТБ бірыңғай лигасынан шықты

Бұдан былай эстониялық баскетбол клубы «Калев» ВТБ Бірың­ғай лигасында ойнамайтын болды. Команда мүшелері Украина мен Ресей арасындағы қақтығыстан соң осындай шешім қабылдады. Күні кеше Испанияның Барселонасы да санктпетерборлық «Зенит» командасымен ойнамайтынын айтып, Еуролига жарысынан бас тартты. Осылайша, ресейлік қомандалардың бірнеше ойыны кейінге шегерілді. Басқа спорт түрлері секілді ресейлік баскетбол клубтарында өнер көрсетіп жүрген кей легионер келісімшарттарын бұзып, елдеріне қайтып жатыр.

Өзге спорт түрінде де шектеу көп

Футзалға да саясаттың салқыны тиді. Сәуір айының соңы, мамырдың басында Ригада өтетін футзалдан төрт команда арасындағы Чемпиондар лигасының ойынынан «Тюмень» футзал клубы аластатылды. Ресейлік клубтың орнына өз тобында алматылық «Қайратты» артқа тастап, екінші орын алған француздық «Аньер» командасы қатысуы мүмкін. Сондай-ақ Ресей жерінде өтетін бірқатар маңызды жарысқа тосқауыл қойылды. Атап айтқанда, көршілеріміз Формула-1 жарысын, қысқы спорт түрлерінен әлем чемпионатын, жүзу, гимнастика, шахмат және дзюдо сияқты спорт түрлерінен бірқатар турнирді өткізу құқығынан айырылды. Одан бөлек жуырда ISU ресейлік мәнерлеп сырғанаушыларды жарыстарға қатыстырмайтынын хабарлап, аталған елдің спортшыларын әлем біріні­шілігінсіз қалдырды. Бірер күнде ресейлік шорт-трекшілер мен конькишілердің де халықаралық жарыс­тарға қатысу-қатыспауы туралы нақты шешім қабылданады. Қысқасы, ресейлік спортшылар­дың түрлі жарысқа қатысу мүмкіндігіне тікелей әсер еткен санкциялар толқыны жалғасып жатыр. Қазір­дің өзінде ресейлік биатлоншылар осы маусымда әлем чемпионатының соңғы кезеңіне қатысудан бас тарту туралы шешім қабылдады. Халықаралық Олимпиада комитеті кез келген спорттық турнирлерде Ресей мен Беларусь елдерінің тулары мен әнұрандарын қолданбауды ескертті. Бұл шектеулер ұзақ уақытқа дейін жалғасар болса, көршілес елдің спортына көп кедергі келтірері анық.