Партия. Жаңғыру жолдары
Партия. Жаңғыру жолдары
811
оқылды
Араға 23 жыл салып 1 наурыз күні билік партиясының кезектен тыс ХХІІ съезі өтті. Екі мәселе қа­рал­ды. Не­гізгі бағыт – партияны то­лық жаң­ғырту. Аталған міндетті пар­тия Тө­ра­ғасы, Мемлекет бас­шы­сы бұған дейін тапсырған еді. Енді бұл бағ­дар­дың нақты іске асу жолдары ай­қындалды. Қаңтар оқиғасынан соң Қазақстан толық өзгергендей болды. Енді ел да­муында тың бағыт-бағдар, жоспар, тіпті құндылық қажет секілді көрінді. Отандық сарапшылар өзгерістер толқынының ке­зегі билік партиясы «Nur Otan»-ға да ке­леді деген пікірлер айтып жүрді. Бол­жам­дар негізсіз емес екен. Президент пар­тия төрағасы атанған соң тың өзгеріс­тер басталды. Алдымен партия Төрағасы­ның Бірінші орынбасары қызметінің орнына партияның Атқарушы хатшысы лауазымы енгізілді. Бұл қызметке Асхат Оралов тағайындалды. Бұдан кейін пар­тия­ның өзін сапалық тұрғыда өзгерту қа­жет болды. Бұл оңай шаруа емес. Себебі билік партиясы бүгінде елдің барлық об­лыс, аудандарында филиалы бар, бас­тауыш партия ұйымдары жұмыс істейтін алып бюрократиялық аппарат. Оны өз­гер­ту, жұмыс сапасын жаңа деңгейге шы­ғару санаулы күннің міндеті емес. Алайда кеше өткен съезде партияның жаңғыру бағыты белгілі болды. Оны Президенттің өзі айқындады. Бірінші, партия жұмысын орталық­сыз­дандырып, партия аппаратының тиім­ділігін арттыру қажет. Мемлекет бас­шысы партия аппаратының жұмысында бюрократияның нашар қасиеттер байқал­ғанын айтты. Сондықтан орталық ап­па­ратқа филиалдар және бастауыш ұйым­дар­мен өзара жұмысты қайта қарау тап­сы­рылды. Аппарат «қолмен» басқару тә­жіри­бесін тоқтатуы керек. Оның мін­деті – жалпы партиялық векторды бел­гі­леу, партия мүшелерін әдістемелік және идеологиялық тұрғыда қамтамасыз ету, кадр­ларды дайындау, жүйелі проблема­лар­ды талдау. Бұл міндет партия жұмы­сын­да жаңа мәдениет қажет екенін көр­сетеді. Екінші, Мәжіліс пен мәслихаттардағы фракциялардың қызметін жандандыру қажет. Партияда түрлі кеңес пен комис­сияның саны көп. Оларда ұқсас мәсе­лелер талқыланады, бірақ нақты ше­шімдер сирек қабылданады. Сондықтан парла­менттік фракциялар диалог алаңдарын ұйым­дастыруды өз мойнына алып, өз жұмысының нәтижесі бойынша көзге көрінетін нәтижелерге қол жеткізуі ке­рек. Үшінші, Мемлекет басшысы азамат­тардың мүдделерін қорғап, партияның ашық болуын тапсырды. Партия билік пен қоғам арасында нағыз дәнекер бо­луы, өз сайлаушыларының мүддесін қор­ғауы керек. Ең алдымен сайлау ке­зеңін­де берілген уәделерді орындауы қа­жет. Сайлаушылармен кері байланысты күшейту маңызды, бұл үшін қоғамдық қабылдаулардың әлеуетін толық пайда­лану қажет. Қоғамдық қабылдау кештері тек арыз-шағымдармен ғана емес, ел дамуы жолындағы нақты ойларымен ке­ле­тін азаматтарды тартатын орынға ай­налуы тиіс. Төртінші, партияішілік бәсекені арт­тыру маңызды. Соңғы Мәжіліс пен мәс­лихаттар сайлауында партияішілік сайлау үлгісі алғаш рет сынақтан өтті. Праймериз кезінде партияға белсенді адамдар келді, партияішілік бәсеке пайда болды. Мем­лекет басшысы бұл оң үрдісті жалғас­ты­руды тапсырды. Ол өз сөзінде праймериз ел дамуына үлес қосқысы ке­летін сапалы мамандар үшін партияішілік әлеуметтік лифтке айналуы тиіс деді. Бесінші, саяси кадрларды даярлау қажет. Партия кадрлардың ұстаханасына айналып, сайлаушылармен жұмыс істей білетін заманауи саясаткерлер мен мем­лекет қайраткерлерін дайындауы керек. Осы себепті партия Төрағасы партия құрылымындағы Саяси менеджмент академиясының жұмысын жандандыру қажет екенін айтты. Президент осылайша билік партия­сының бүгінгі осал тұстарын айқындап, олардың шешу жолдарын белгілеп, жақын уақытта орындауды тапсырды. Сондай-ақ партия жұмысын жандан­ды­рудың басымдықтарын атқарушы хатшы Асхат Оралов мәлімдеді. 7 бағыт Бірінші. Халықпен кері байланыс орнату құралдарының тиімділігін артады. Ең әуелі партия жанындағы қоғамдық кеңестердің құрылымы қайта жасақта­ла­ды. Сандық емес, сапалық көрсеткішке баса назар аударылады. Кейбір кеңестерде талқыланатын мәселелер тым ұқсас бол­ғандықтан, олар біріктіріледі. Республи­ка­лық деңгейде – 9, аймақтарда – 8, аудандарда 5 кеңес қалады. Ел аумағы бойынша кеңестер саны 700-ге қысқа­рады. Бұған қоса, олардың құрамы да жаңартылады. Екінші. Жергілікті жерлерде партия қатарын нығайту жұмыстары жанданады. Қазір бастауыш партия ұйымдарының саны 4,5 мыңнан асты. «Аудандық бас­тауыш ұйымдарын» құру арқылы БПҰ-лар біріктіріледі. Бастауыш ұйымдардың бастамаларын қолдау мақсатында жер­гілікті жерлерде партиялық жобаларды іске асыру үшін БПҰ-ға партиялық жар­налардың 20 пайызы қайтарылады. Үшінші. Партияның жұмысы барын­ша ашық болады. Бүгінгі таңдағы қоғам­ның аса өзекті сұраныстарының бірі – партияның ашықтығы және халыққа жақын болуы. Пилоттық жоба ретінде басталған мәслихаттардағы «Nur Otan» депутаттарының рейтинг жүйесі толықтай сынақтан өтті. Оның нәтижесі жұртшы­лыққа жария етіледі. Мұнымен қатар партиялық мобильді қосымша іске қосылады. Онда азаматтар партияның жұмысы туралы жедел ақпарат алып, қоғамдық маңызды мәселелерге байланысты түрлі сауалнамаға қатысып, өтініш пен ұсыныс-тілектерін қалдыра алады. Сондай-ақ Қоғамдық саясат инс­титутының жанына TALQYLAU диалог алаңы ашылады. Ал «Нұр-Медиа» холдингінің жанын­да Парламент пен мәслихат депутаттары­ның, Үкіметтің партия мүшелерінің және жергілікті атқарушы органдардың тұрақ­ты брифингтерін өткізетін партиялық баспасөз орталығы ашу жоспарда бар. Бұл бастамалар «Ашық партия» тұ­жы­рым­дамасы аясында жүзеге асырыл­мақ. Төртінші. Партиялық бақылау күшейеді. Жауапкершілік партияның негізгі стратегиялық басымдықтарының бірі болып қала береді. Сайлау алдындағы уәделерді сапалы және уақытылы орын­дауға ерекше назар аударылады. Сәуір айында республикалық сай­лауалды бағдарламаның орындалуын қайта қарау қорытындылары бойынша Мәжілістегі фракцияның кеңейтілген отырысын өткізу ұсынылды, онда Премьер-Министрдің есебі тыңдалады. Бесінші. Қазіргі өзгерістерге сай пар­тияның басты бағдарламалық құжаттары қайта қаралады. Ең әуелі партияның жарғысына өзгерістер енеді. Партияның және оның филиалдары Төрағасының бірінші орынбасары қызметінің орнына атқарушы хатшы қызметі енгізіледі. Партияның стратегиялық құжаттарына өзгерістер мен толықтырулар енеді. Қазір арнайы жұмыс тобы «Nur Otan» партия­сының 2030 жылға дейінгі «Бақуатты қоғам: онжылдықтың 10 мақсаты» және 2025 жылға дейінгі Сыбайлас жемқор­лыққа қарсы іс-қимыл бағдарламаларын қайта қарауға кірісті. Алтыншы. Халықпен жұмыс істеуде страталық тәсілді қолдану маңызды. Халықтың бүгінгі сұранысын ескере оты­рып, қолданыстағы партиялық жоба­лар­дан бөлек жаңа жобалар іске қосылады. Мысалы, TazaLike жобасы қоғамда эко­ло­гиялық мәдениетті дамытуға бағыттал­мақ. Бұдан бөлек, сарапшылар мен бел­сенді азаматтардың ұсыныстарын крау­дсорсинг бойынша қаржыландыру үшін «Жаңа Қазақстан үшін 30 инновациялық идея» жобасы басталады. Соңғы жетінші бағыт «Jas Otan» жас­тар қанатының жұмысын қайта жаң­ғыр­туға бағытталған. Енді «Jas Otan» қата­ры­на жастар арасында беделі бар нағыз көш­басшылар шақырылады. Ауыл жас­тары­на арналған «Өрлеу» атты жаңа пар­тиялық жоба басталады. Оның аясында еліміздің түкпір-түкпіріндегі жастардың тұлғалық дамуына, шығармашылық қа­бі­леттерін шыңдауға арналған, оларды кәсіп ашып, табысты болуға ынталан­ды­ратын кешенді шаралар жүзеге асыры­лады. Бұдан бөлек, жас ұрпақты отансүйгіш­тікке баулитын «Қайсар» атты жаңа әскери-патриоттық жоба іске қосылады. Ел қорғайтын, мемлекетімізге қызмет ететін ержүрек азаматтарды тәрбиелеуге басымдық беріледі. Қорыта келгенде, съезде билік пар­тия­сының трансформациядан өтуінің бағдары анықталды. Енді осы бағыт бойынша белсенді жұмыс істеу міндеті ға­на қалып отыр. Қоғаммен бірге партия­ның да жаңғыруының бір белгісі оның атауы өзгеріп, ребрендинг жасалуынан да көрінді. Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов партия атауын «Amanat» деп өзгертуді ұсынды. Партия Төрағасы аталған бас­таманы қолдады. Әлем елдеріндегі партиялардың тари­хына үңілсек, партияның өз даму жолын­да идеологиялық тұрғыда бағытын өз­гертуі, бірнеше блокқа бөлінуі, ребрен­динг жасауы, бағдарын қайта қарауы, өзге партиялармен бірігуі секілді реформалар жүргізуі қалыпты жағдай. Кешегі «Nur Otan», ендігі «Amanat» осындай өзгеріс­тер­ді бастан кешіріп жатыр. Себебі «Жаңа Қазақстанды» құру міндеті тұр. Билік партиясы аталған міндетті орын­дауда белсенді саяси күшке айналуы тиіс.