Шығыс Қазақстанда ауызсуға жарымай отырған ауылдар аз емес. Алайда облыстық Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы басқармасының берген деректеріне сенсек, өңір тұрғындарының 96,4 пайызы орталықтандырылған ауызсумен қамтамасыз етілген (қала тұрғындары – 99,1%, ауыл тұрғындары – 91,8%). «Өткен жылдың соңындағы деректер бойынша, облыстың 49 мыңнан астам тұрғыны ауызсумен қамтылмаған. Оның 41 мыңы – ауыл тұрғындары. Ауызсумен толық қамтылмаған өңірлерге Ұлан, Үржар, Бородулиха, Тарбағатай, Аягөз, Күршім, Бесқарағай, Глубокое, Алтай, Жарма, Зайсан, Көкпекті, Катонқарағай аудандары, Семей мен Риддер қалаларының маңдарындағы ауылдар жатады. 2022 жылы құны 34,5 миллиард теңге болатын 45 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. 9,9 миллиард теңге қаражат бөлінді» делінген басқарма ұсынған мәліметте.
Шәйнек ауыстырамыз
Байқағандарыңыздай, негізінен ауызсуға зар болып отырған – ауылдағы ағайын. Десек те, шалғайдағы ауылдарды айтпағанда, қала іргесінде тұрып ауызсуға жарымай жүрген тұрғындар да бар. Облыс орталығы Өскеменге өте жақын орын тепкен сондай елді мекендердің бірі – Глубокое ауданындағы Прапорщиково ауылы. Екі мыңнан астам халқы бар ауылға орталықтандырылған ауызсу 2003 жылы келгенімен, тіршілік нәрі тұрғындардың барлығына бірдей жетпеген. Мәселен, Сүлейменов көшесінің тұрғындары ауызсуды сатып алып отыр. Жетіскеннен емес, әрине. Тұрғындардың айтуынша, алпысқа жуық аулада құдық бар болғанымен, суы тұзды көрінеді. «Ішкеніңіз былай тұрсын, тіпті кір жууға да жарамайды. Қаладан шелектеп су тасуға әркімнің жағдайы келмесі белгілі. Ал дүкендегі 5 литр судың бағасы – 270 теңге. Тұрғындар жыл сайын тұзды судың кесірінен 10-15 шәйнек ауыстыруға мәжбүрміз. Материалдық шығын былай тұрсын, темір шәугімнің түбін ойып түсіретін тұзды судың адам ағзасына келтіріп жатқан зиянын ешкім ойлап жатқан жоқ. Мұнда көшіп келгенімізге тоғыз жыл болды. Тоғыз жыл бойы әкімнің есігін қағумен келеміз. Арызымызды жазбаша да, ауызша да жолдадық. Бірақ бізді ешкім елеп-ескермейді. Қаладан бір шақырым жерде ғана тұрамыз, өркениеттен жұрдаймыз», – дейді ауыл тұрғыны Гүлнұр Зұлқаршын. Құдықтағы су тұз татығандықтан бұл көшенің тұрғындары ауызсуды сатып алуға, кейбірі, тіпті Өскеменге қарайтын Прохладный шағынауданынан тасуға мәжбүр. Олар қақаған қыста 30-40 бөтелкеге су толтырып, оны жеткізу қиямет-қайым шаруа екенін айтады. «Бұрынғы әкімге қанша рет бардық. Бос уәде. Мәселе шешілген жоқ. «Таза ауызсу» бағдарламасы неге бізге жетпей қалды, түсінбеймін. Шәкәрім көшесіне дейін тартылды. Таяқ тастам жердегі біз ұмыт қалдық», – дейді Сүлейменов көшесінің тұрғыны Самиға Ахметова. Сүлейменов көшесінің тұрғындары тұзды суға шағымданып отырса, Моторная көшесінің тұрғындары су қысымының төмендігіне наразы. «Мен тұратын Моторная көшесіне жуықта ауызсу тартылған. Бірақ судың қысымы өте төмен. Киім жуғанда мүлдем қиналамыз. Су тартылды деген аты ғана, сыздықтап тұрады краннан», – дейді осы көше тұрғыны Бибігүл Оразалина. Прапорщиково Ертіс ауылдық округіне қарайды. Ауылдық округ әкімі Ерлан Жұмағұлов Сүлейменов көшесі тұрғындарының мәселесінен хабардар екенін жеткізді. «2003 жылдан бастап Прапорщиково ауылында орталықтандырылған су жүйесі бар. Ал жаңадан салынып жатқан әуежайдың маңайындағы жер үйлерге су жетпей қалды. Халық арыздарымен жылда келіп жатады. Облыс әкімінің орынбасарына дейін барған. Мәселе көтеріліп, осы жылы шешіледі деп жоспарлап отырмыз», – деді ол.Желге ұшқан миллиардтар
Мәселе демекші, осы Глубокое ауданының ең үлкен ауылдарының бірі Белоусовкаға бірнеше жыл бұрын ауызсу тартылған болатын. Алайда «Ақ бұлақ» бағдарламасы арқылы 2 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлініп, орнатылған су құбырлары тұрғындардың көңілінен шықпай отыр. Себебі келіп тұрған су өздігінен тоқтап, кейде екі-үш күн су болмай қалатын көрінеді. «Сондай кездерде амал жоқ көршілерімнен тасуға тура келеді. Жас та емеспіз. Қыстың көзі қырауда кәрі адамға су тасу да оңай емес. Қаншама миллиард теңге қаржы бөлінген, сапалы етіп жасауға болады ғой», – дейді осы ауылдың тұрғыны, зейнеткер Ирина Калачева. Ауыл тұрғындарының сөзіне сенсек, мердігер су құбырын орнатқанда өз жұмыстарына салғырт қараған. Кейбір құрылғыларды орнатпаған. Соның кесірінен су қысымы төмендеген. Ал мердігердің өзі қазір банкротқа ұшыраған екен. Жалпы, Шығыс Қазақстанда ауызсу мәселесі төңірегінде шешілмеген түйткілдер аз емес. Осыдан бірнеше жыл бұрын Аягөз ауданының бірнеше ауылына таза ауызсу тартуға бюджеттен 2 милиард, 600 миллион теңгеден астам қаржы бөлініп, 8 жоба қолға алынып, ақыр соңында соның біреуі ғана жүзеге асып, ал мердігерлер бастаған жұмысын аяқтамай, қазына қаржысы талан-таражға түсіп, желге ұшқан болатын. Ең сорақысы, жергілікті әкімшіліктің мамандары: «Мердігерлер міндетін мінсіз орындап, барлығына су тартып берді» деп жалған есеп беріп, жұмысты қабылдап алған. Осы жағдайға байланысты бірнеше әкім жұмыстан кеткенімен, мәселе «баяғы жартас – сол жартас» күйінде қалып отыр.Шығыс Қазақстан облысы