Толассыз жауған жаңбырдан бір ауданмен байланыс үзілді
Толассыз жауған жаңбырдан бір ауданмен байланыс үзілді
316
оқылды

Атырау өңірінің орталығы мен аудандарында толассыз жаңбыр жауып, Қызылқоға мен өзге аудандардың тасжолдары, ауыл арасын су басты. Ал, Құрманғазы ауданында жауған жаңбыр аралас қар мен желдің жылдамдығынан электр бағаналары құлап, аудан байланыссыз қалды.

Кеше жылдамдығы күшті желдің салдарынан Атырау қаласының көптеген ықшамаудандары ұзақ уақыт жарықтан ажыратылды. Қар аралас жауған жаңбыр мен жылдамдығы күшті желдің қуатына аймақтың электр жүйелері шыдамай, апатты жағдай туғызды. Бірнеше сағаттардан соң жарық берілгенмен де әлі де жарықсыз отырған ықшам аудандар бар. Табиғаттың дүлей күшінен зардап көріп отырған Құрманғазы ауданында кешеден бері апатты жағдайды жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Атырау облысы Төтенше жағдай департаменті қоғаммен байланыс бөлімі берген мәліметке сүйенсек, кеше  сағат 03.10-дан бастап Құрманғазы ауданында ауа райының нашарлауына байланысты (қатты жел екпіні 22-23 м/с) жартылай Құрманғазы, Орлы, Шортанбай, Нұржау, Жаңаталап, Қиғаш, Бірлік, Ақкөл, Мақаш, Дыңғызыл, Теңіз, Сафон, Байда, Көптоғай, Еңбекшіл, Кудряшов кенттерінде электр энергияның авариялық өшірілуі орын алған.  Ауданда 52 907 абонент байланыссыз қалды. Аудан халқы орталықпен байланыса алмай әбігерге түсті. Бүгінгі соңғы мәліметке сүйенсек,  апатты жағдайды жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары "Атырау Жарық" АҚ күшімен жүргізілуде (10 авариялық бригада және 3 бірлік техника). 6 наурызда сағат 11.30-да Орлы, Шортанбай және жартылай Құрманғазы кенттерінің электр энергиясы қосылды. Қалған елді мекендердегі 38333 абонент  электроэнергиясыз отыр. Қазіргі уақытта қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда.