Бизнесте бағы жанған қыз-келіншектер көп
Бизнесте бағы жанған қыз-келіншектер көп
868
оқылды
Бизнесте жыныс жоқ, тек іскер серіктестер бар. Бірақ адамның табиғи жараты­лысына және отбасында атқаратын рөліне қарай ерлер мен әйелдердің арасындағы айырмашылықты жоққа шығара алмайсыз. Қазіргі іскер келіншектер бір қолымен бесік тербетсе, екінші қолымен кәсібін дөңгелетіп отыр. Осы тұрғыдан қарағанда, бизнесті жүргізу әйелдер қауымы үшін ерлермен салыстырғанда екі есе күрделірек екенін айта кеткен жөн. Дүниежүзілік кәсіпкерлік мо­ниторингінің зерттеуінше, әлемде әйелдердің экономикадағы үлесі әртүрлі: Корея Республикасында 16 пайыздан Ганада 55 пайызға дейін. Ал McKinsey-дің есебінше, әйелдер кәсіпкерлігі 2025 жылға таман ға­ламдық ішкі жалпы өнімге (ІЖӨ) 28 трлн доллар қосып, 26 пайызға дейін өсуі тиіс. Бұл жағдайда Орта­лық Азия, Шығыс Еуропа, Таяу Шы­ғыс және Солтүстік Африка елдерінің ІЖӨ-і 9 пайызға артуы мүмкін.

Кәсіпкер әйелдердің саны артып келеді

Ұлттық экономика министрлігі Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаментінің өкілі М.Исаеваның айтуынша, егер рес­публикада 2010 жылы небәрі 73,4 мың кәсіпкер әйел болса (жалпы кәсіпкерлердің 26%), 2021 жылғы де­ректе бизнестегі қыз-келіншек­тердің саны 587,3 мыңға жеткен (43,3%). Қазір қазақстандық әйел­дер мемлекет ЖІӨ-нің 40%-ын қа­лыптастырып отыр. Елдегі заңды тұл­ғалардың 26%-ы, шаруа қожа­лықтарының 17%-ын қыз-келін­шек­тер басқарады. Біздің елде кәсіпкер әйелдердің экономикалық белсенділігін қолдау мақсатында 2002 жылдан бастап түр­лі іс-шаралар жүзеге асырылып келеді. Осы уақыт ішінде ондаған мың қыз-келіншек оқудан өтіп, жеңілдетілген несие алып, өз биз­несін ашты. Әйелдер бизнесі дегенде әдетте ойға ең алдымен сауда-саттық са­ласы, сұлулық салоны, тігін шебер­ха­насы, нан-тоқаш өндірісі, кли­нинг сияқты қыз-келіншектерді қы­зықтыратын кәсіпкерлік түрлері оралатыны рас. Дегенмен ауылдық жерлерде мал мен құс ұстап, балық өсіріп отырған нәзік жандылар да аз емес. Әйтсе де, қыз-келіншектер кө­біне көтерме және бөлшек сау­дада жұмыс істейді. Одан кейін жыл­жы­майтын мүлік операция­лары, өңдеу өнеркәсібі, қаржылық және сақтан­дыру қызметтері, білім беру саласы және денсаулық сақтау мен әлеу­мет­тік қызметтерде еңбек етеді. Шал­ғай­дағы елді мекендерде әйел­дер кәсіп­керлігін дамытудың басым бағыт­тарына ауыл шаруа­шылығы өнімде­рін дайындау, қайта өңдеу және сақтау, ветеринариялық қыз­мет­тер көрсету, сондай-ақ киім, три­котаж бұйымдарын өндіру, қыз­мет көрсету саласы және басқалар жатады. Бір қызығы, елдегі 2020-2021 жыл­дары пандемия қыспаққа алған кезде ерлерге қарағанда әйел аза­мат­тар жұмыс істейтін және бас­қа­ратын бизнес ұйымдары көп зардап шеккен. Әйелдер кәсіпорында­ры­ның 75 пайызында табыс төмендеп кетсе, ерлер тарапында мұндай те­ріс көрсеткіш 60 пайызбен шектел­ді. Сондай-ақ әйелдер ШОБ-ында ор­та есеппен 12-ден 9-ға дейін жұ­мыс орындарының саны қысқарған. Бүгінде мемлекеттен қолдау алып отырған әйел кәсіпкерлердің үлесі 32 пайыз мөлшерінде екен. Қол­­дау дегенде банк несиесі мен грант­тар туралы айтып отырмыз. Әри­не, бұдан өзге оқыту, үйрету се­кілді қаржылық емес қолдау түр­лері де бар. Былтыр Ұлттық экономика ми­нистрлігі әйелдер кәсіпкерлігін да­мытуға қатысты ел аумағында 17 орталық құрылатынын мәлімдеген болатын. «Әр өңірден бір орталық ашы­лып, олар әйелдер кәсіпкерлігін да­мыту бойынша жұмыс істей бас­тайды. Орталықтың басты міндеті – әйелдерге ақпараттық және кон­сультативтік қолдау білдіру. Орта­лықтар министрлік, «Атамекен» ҰКП пен Президент жанындағы отбасылық-демографиялық саясат және әйелдер істері жөніндегі ұлттық комиссияның келісімі не­гізінде құрылады» делінген ми­нистр­лік таратқан ақпаратта.

Нәзік жандарға арналған бағдарламалар аясы ауқымды

Әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға бағытталған бағдарламалардың ішін­дегі ең ауқымдыларының бірі деп Еуропалық қайта құру және да­му банкімен бірлесіп жүзеге асы­рып отырған «Іскер әйелдер» бағ­дар­ламасын атауға болады. Банк оған 86,5 млн доллар қаржы бөлген. Жалпы, қазірге дейін банк әйел­дер­дің экономикалық мүмкіндігін ке­ңейту үшін 1,5 млрд еуро инвес­ти­ция құйған. Банк арқылы 350-ден астам жоба жұмыс істеп жатыр екен. [caption id="attachment_187091" align="alignleft" width="1200"]бизнестегі қыз-келіншектер © коллаж: Әсел Балтақызы[/caption] «Гендерлік теңдік – Қазақ­стан­ның әлеуметтік ғана емес, эконо­микалық өмірінде де өзекті үрдіс. Әйелдердің экономикаға белсенді араласуы елдің дұрыс даму жолында келе жатқанын, әр адамға тең мүм­кіндік берілетінін көрсетеді. Қазір Қазақстанның шағын және орта бизнесіндегі әйелдер кәсіпкер­лігі­нің үлесі 43 пайызды құрайды» де­лінген банк хабарламасында. – Банк стратегиясы бойынша біз «Әйелдер – бизнесте» бағ­дар­ламасы аясында қазақстандық әйел кәсіпкерлерге қолдау көрсетеміз. Қазір 300-ден астам әйел басшы­лық ететін компаниялармен бірігіп кон­сультациялық жобаларды жү­зеге асырдық. Сондай-ақ біз жыл сайын 1 мыңға жуық кәсіпкер, бас­шы әйелді түрлі оқу бағдар­ла­маларына, тренингтерге қатыс­ты­рамыз, – дейді банктің шағын және орта бизнесті қолдау бағдарла­­ма­сы бойынша менеджері Алма Қасымова. ЕҚДБ-мен ҚР Үкіметінің екі жақты келісімі негізінде әйелдер басшылық ететін 300 кәсіпорын жергілікті консультанттардан тиісті кеңес алып, оларға жалпы сомасы 35,4 млрд теңге болатын 21,8 мың несие берілген. Банктің қаржылық емес қолдау құралдарының қатарында – әйел кәсіпкерлердің кәсіби сараптамаға, бизнес-коучинг, оқу бағдарлама­ла­ры мен тәлімгерлікке қолжетім­ді­лігін қамтамасыз ету бар. Одан бөлек «Кәсіпкер ана», «Coca-cola белестері» бағдарла­ма­лары және «Бақытты отбасы» орта­лығының негізінде ұйымдас­тырыл­ған Isker ana сауда үйі жұмыс істей­ді. Сондай-ақ «Бизнестің жол кар­та­сы – 2020» мемлекеттік бағдарла­масы мен 2017-2021 жылдарға арналған нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы аясында жүзеге асы­рылып отырған «Бастау Бизнес» жо­басы, «Атамекен» ҚР ҰКП ұйым­дастырып отырған бизнес-тре­нинг­тер негізінде кәсіпкерлікке қадам басып отырған жандардың қатары уақыт өткен сайын артып келеді. Мәселен, «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын қолданғандардың 1/3 – әйелдер. Республикада кәсіпкерлікке ба­ғытталған несиені екінші деңгей­лі банктерден бастап, шағын несие институттарынан алуға болады. Солардың бірі – KMF шағын несие ұйымы. Бұл ұйымның мәліметінше, Алматы, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кәсіпкер әйелдер несиеге өтінімді көп берген. Осы үш облыста 86 мыңнан астам кәсіпкер әйел болса, олардың 60%-ы шағын несие алған. Ал «Даму» қоры әйелдер кә­сіпкерлігін ілгерлету үшін 72,3 мың жобаға жалпы сомасы 1,26 мил­лиард теңге бөлді. «Біз кәсіпкер­лік­ке қолдау көрсету жөніндегі ұлттық даму институты ретінде гендерлік аспектіге және іскер әйелдердің бас­тамаларына ерекше көңіл бөле­міз», – дейді «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ басқармасының төрайымы Гаухар Бөрібаева. «Даму» қоры үш түрлі жолмен мемлекеттік қолдау көрсетеді: екін­ші деңгейлі банктер арқылы же­ңіл­дікпен несие беру, банк сыйақыла­рының белгілі бір бөлігін субси­диялау және ШОБ субъектілерінің несиелерін ішінара кепілдендіру. Осы үш түрлі құралдың ішінде әйел кәсіпкерлер алған көмектің 58 па­йызын жеңілдікпен несиелендіру құраған. Ақшаға шаққанда ол 322 миллиард теңгеден асты. Мемле­кеттік қолдаудың едәуір бөлігі ЕҚДБ және АДБ (Азия даму банкі) арқылы жүзеге асырылған. Ал биз­несті субсидиялау және несиені кепілдендіру бағдарламаларына әйел кәсіпкерлердің тиісінше 39% және 38%-ы қатысқан. Сөйтіп биз­несте мемлекеттік қолдау құрал­да­ры арқылы нәзікжандылар қауы­мы­ның саны жылдан-жылға артып келеді.

Р.S.

Әйелдер қауымы бизнесте ғана емес, өмірде де ерекшеленеді. Мар­кетологтар қыздар қызғылт түсті ұна­тады деп жалпақ жұртшылықты баяғыдан сендіріп тастаған. Мұндай түсініктің қашан, неден туғанын дәп қазір ешкім тап басып айта алмас. Мамандардың айтуынша, психоло­г­иялық тұрғыдан алғанда, қызғылт түс романтиканы, нәзіктікті, жас­тық­ты, махаббатты және сезімтал­дықты білдіреді. Өйткені қызғылт түс ашық жарқын атмосфера туғы­зып, достыққа шақырады. Қызғылт киімдегі әйел аналық пен жастықты үндейді, ал нәзікжандылардың ішін­де жас болып көрінгісі келмейтіні некен-саяқ шығар. Осы себептерге байланысты әйел адамдарға арналып сатылымға шығатын заттардың елеулі бөлігі қызғылт түсті болатыны сондықтан болар?!