Алыстағы ауылда жылыжай ашқан
Алыстағы ауылда жылыжай ашқан
844
оқылды
Шекара шебіндегі, елдің шеті мен желдің өтіндегі Тарбағатай ауданының Ақжар ауылында өз жылыжайы, гүл сататын дүкені, логопед орталығы бар ерекше балабақша жұмыс істейді. Ерекше балабақшаның басшысы Алмагүл Шүренқызы – «бір өзі – бір академия» (М.Әуезов) деуге тұрарлық ерекше жан.  Бұл балабақшаның аумағында бір емес, екі жылыжай бар. Алғашқы жылыжай 2014 жылы БҰҰ жобасы арқылы ашылып, 2015 жылдың қыркүйегінде жұмысын бастапты. Екінші жылыжай аудан әкімдігінің қолдауымен 2016 жылы іске қосылыпты. Қысы-жазы жұмыс істейтін жылыжайларда қияр, қызанақ, баклажан, түрлі дәмдеуіштер (аскөк, сарымсақ) пен гүлдің бірнеше түрі өсіріледі. Балабақша бүлдіршіндердің тамағына қажет жеміс-жидекті сырттан тасымайды. Бәрі өздерінде. 1964 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан «Балауса-балғын» балабақшасының меңгерушісі Алмагүл Құсайынова жылыжайларда қиярды жылына үш маусым отырғызып, өнім алуға мүмкіндік бар екенін айтады. «Үш маусымда бір жарым миллион теңгеге дейін табыс табамыз. Мәселен, бір маусымда 600 келі шамасында қияр жинаймыз. Біздің жылыжайда өсірілген қиярды Ақжардағы мектептер мен мемлекеттік мекемелер сатып алады. Қарапайым халық та осында келеді. Себебі бізде баға төмен. Базардың бағасынан 100-150 теңге арзанға сатамыз. Базарда қыс мезгілінде қияр 1500 теңгеден сатылса, біз 1300-1400 теңгеге сатамыз. Екіншіден, біздің қияр экологиялық жағынан таза. Ешқандай қоспа жоқ. Базардағы қиярдың жан-жақтан әкелінгенін өздеріңіз де жақсы білесіздер», – дейді тәжірибелі педагог. Базар демекші, сол базарда қияр сататындардың өзі үйіне керек қиярды балабақшадан келіп алады екен. Балабақша аумағында гүл дүкені де жұмыс істейді. Тарбағатай ауданындағы жалғыз гүл дүкені деуге болады. Ақжардың өз басы мен ауыл-ауылдарын былай қойғанда, аудан орталығы – Ақсуаттан, тіпті іргедегі Көкпекті ауданының тұрғындары да осы дүкеннен гүл сатып ала-ды екен. Өйткені мұндағы гүлдің бағасы да арзан. Мәселен, қалада 7 тал раушан гүлін 3,5-4,5 мың теңгеге алсаңыз, Ақжардағы ең қымбат деген гүл дестесі 1,5 мың теңгеден аспайды. Гүлдерді жазда балабақша ауласында өсірсе, қыста жылыжайларда, тұқымбақта баптайды. «Дүкенімізде гүлдің 100-ге жуық түрі бар. Тропикалық гүлдер де бар. Аулада гүлдің 70-80 түрі өседі. Әсіресе, бөлме гүлдері мен раушан гүлі жақсы өтеді», – дейді гүл дүкенінің сатушысы Айгүл Хасенқызы. Балабақша аумағында гүл дүкенін ашу идеясын Тарбағатай ауданының сол кездегі әкімі Ділдәбек Оразбаевтың өзі айтыпты. «Жылыжайды біршама меңгердіңдер. Енді гүлдер дүкенін ашсақ қайтеді?» деген соң бірден іске кірісіп кеттік.  Гүл дүкенін балабақшаның  2014-2015 жылдары тапқан табысына салдырдық. Ішіндегі гүлдерін қоспағанда 1 млн 200 мың теңгедей шығын шықты. Қазір біздің өсірген гүлдерді Ақжар ауылындағы мекеме, мектеп, мәдениет үйлері сатып алып жатыр. Карантин басталғанға дейін аудан орталығынан да келіп сатып алатын. Біле білген адамға гүл өсіру дегеніңіз – ғажап дүние. Біздің балабақшаның ересек топтарындағы бүлдіршіндер де гүлдерді түптеуге, баптауға, гүл көшеттерін көшіруге көмектеседі. Баланы ерте бастан еңбекке баулу деген осы емес пе?» деген Алмагүл Шүренқызы көршілес Көкпекті ауданының мектептері мен балабақшаларының өкілдері де гүл өсіру тәжірибесімен танысқанын жеткізді. гүл дүкені Былтыр балабақша жанынан логопед кабинеті ашылып, тілінде мүкістігі бар 20 бала қабылданыпты. «Бұл – Тарбағатай өңіріндегі алғашқы логопед кабинеті. Өкінішке қарай, соңғы жылдары сақау балалар көбейді. Бұған, әрине ұялы телефонның тікелей қатысы бар. Кішкентай балаларды былай қойғанда, 4-5 жастағы балғындардың тілдері мүкіс. Қазір бізде кабинет ашылғанын естіп, басқа да ата-аналар хабарласып жатыр. Соған қарағанда, қажеттілік бар. Былтыр Мәскеу мемлекеттік университетінің білікті мамандарынан үш тәрбиешіммен бірге өзім де онлайн режимде логопед курсын оқыдым. «Бір тыным таппайсың. Жақында зейнетке шығасың. Осының бәрі не үшін керек? Алмагүл, жұмысқа осынша неге фанатсың?» деп еді сол кезде жолдасым. «Мен зейнетке шыққанмен қоғамға керек дүние ғой» деп мен де алған бетімнен қайтпаймын. Шынымен де солай ғой», – дейді кейіпкеріміз. Ақжардағы балабақшаны сөз еткенде осы тәрбие ошағында 1981 жылдан бері табан аудармай еңбек етіп, 1983 жылдан бері басқарып келе жатқан Тарбағатай ауданының Құрметті азаматы, аудандық қоғамдық кеңестің мүшесі, Ақжар ауылдық әйелдер кеңесінің төрайымы, «Ерен еңбегі үшін» медалімен, «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған Алмагүл Құсайынованың жанқиярлық еңбегін айтпасқа болмайды. Жанқиярлық деп отырғанымыз, елдің жағдайы қиындаған тәуелсіздіктің елең-алаң шағында аудандар тарап, бір-біріне қосылғанда Алмагүл Шүренқызының Ақжардағы иесіз қалған балабақшаны сақтау үшін амалсыздан цех ашып, жүн қабылдап, көрпе-жастық тіккені, дәмхана, қонақүй ашып, тәрбие ошағын 2010 жылға дейін өз күшімен, қайрат-жігерімен ұстап, бірнеше адамды жұмыспен қамтығаны жанқиярлық емей немене? «Сол кезде көп кісі жұмыстан кетті. Балабақшада 7-ақ адам қалдық. Өмір сүру керек болды. Балабақшаны сақтау керек болды. Бәрін істедік. Жүнді қабылдап, оны қолмен жудық. 100-ге жуық инкубатор тауығын әкеп, мамығын пайдаландық. Әупірімдеп жүріп 60 баланы қабылдадық. Өзімізді-өзіміз асырап, 32 адамды жұмыспен қамтыдық. 2010 жылдан бері мемлекеттік тапсырыс алып, әуелде – 2, кейін 4 топ ашып, қазір олардың санын 10-ға жеткіздік. Ұжымда ұзын саны 62 адам еңбек етеді», – дейді ұлағатты ұстаз. «Адамның бір қызығы бала деген» деп ұлы Абай айтқандай, жан дүниесі ақ парақтай таза бүлдіршіндермен жұмыс істеу, бұрынғы бекзат болмысты ата-бабаларымыздай табиғатқа етене болып, табиғатпен үндесіп, гүлдерді баптау, жеміс-жидек өсіру адамға кенеусіз күш-қуат беретіндей ме, қалай? Жұмыстан шаршамайтын, еңбектен ләззат алатын, өзіне де, өзгеге де тыным бермейтін Алмагүл Шүренқызы 2019 жылы Ақжар ауылынан 3 шақырым жердегі Жаңатілеу ауылынан бір жарым гектар жер алып, шие, қарақат, алма көшеттерін отырғызыпты. Ендігі ойлары – осы жерде де жылыжай ашып, тауық фермасын салу. «Сосын балабақша үшін Сағындық деген таудың етегінен бір гектар жер алып, қоршап қойдық. Картоп, жеміс-жидек ексек дейміз. Бұл жақта қаз да өсіргіміз келеді. Самар жақтан сиырлар әкелу де ойымызда бар. Балалар таза сүт ішсе деген ниет қой. Айта берсек, жоспарымыз көп», – дейді ол.

Шығыс Қазақстан облысы