Мәртебеңіз қалай, саяжай?
Мәртебеңіз қалай, саяжай?
390
оқылды
Атырау қаласы маңындағы бау-бақша қауымдастығы тұрғындарының жанайқайы шешімін таппай отыр. Қанша әкім ауысса да, бұл мәселені шешу үшін тәуекелге барған емес. Ебін тауып, кезексіз жер алуға тырысқандар мұның күрделене түсуіне себеп болғаны сөзсіз. Атырау қаласында көлемі 875 гектар жер телімін құрайтын 45 бау-бақша қоғамы бар. Осы бау-бақша қоғамдарының дені суару жүйесімен қамтылған. Бұдан бас­қа, 4 426 жер телімі игерілген. Қазір 45 бау-бақша қоғамында тұрғын үй саны – 3 497, саяжай саны – 929. Игерілмей тұрған жер телімі – 348 гектар. Ресми деректе көрсе­тілгендей, бастапқыда тұрғын­дар­ға бау-бақша салуға берілген жер телімдерінде бүгінде тұрғын үйлер салынған және онда 80 пайыз халық инфрақұрылымы болмаса да тұрақты тұрып жатыр. Бау-бақ­ша мәртебесінен жылыстап, ық­шамауданға айналған өңір тұр­ғындарының инфрақұрылым мә­селесін шешуді сұрап, бармаған жері, баспаған тауы жоқ. Тұрғын­дар жергілікті әкімдерге «елді мекен мәртебесін беру арқылы мәселені шешуге болады» деген талап қойып отыр. Бүгінге дейін тұрғылықты жерлері бау-бақша ретінде тіркелгендіктен, барлық инфрақұрылымды халық өз қара­жатымен жүргізуге мәжбүр. «Химик», «Зарослый» және бас­қа да мәселесі шешілмеген бау-бақша қоғамдары тұрғындарын мазалаған ортақ мәселе. Тарқатып айтсақ, «Химик» бау-бақша қоғамына қатысты ау­мақтың тұрғыны Бауыржан Па­зылов пен «Зарослый» бау-бақша қоғамы тұрғыны Өмірбек Мати­фовтың айтуынша, тұрғындар жарық алып тұрған жоғары кер­неулі ток бағанасының иесі жоқ. Табиғаттың үп еткен желінде, қар мен жаңбырда жарық қайта-қайта сөніп қалады. Жол мәселесі тіптен өзекті. Мектепте оқитын балалар­дың аяғынан резеңке етік шешіл­мейді. Себебі жол төселмеген. Же­дел жәрдем көлігі жете алмай­ды. Тіпті, өткен айда бау-бақша тұрғындарымен жүздесуге келген Парламент депутаттарының өз­дері тұрғындар белгілеген жерге батпақтап, жете алмаған. «Химик» бау-бақша қоғамы аумағында 630 жер телімі болса, соның 450-де тұрақты тұрғылықты тұрғындар тұрады. Ал өзге үйлерде жыл мезгіліне сай егін егіп, бау-бақша салатындар. – Жыл сайын Атырау қала­сы­ның әкіміне барып жағдайымызды айтамыз. «AMANAT» партиясы қа­лалық филиалына жағдайымыз­ды айтып бардық. Бізді маза­лай­тын маңызды бірнеше мәселе бар. «Химик» бау-бақша аумағында орналасқан кернеуі жоғары электр бағанасы табиғаттың дауылы мен басқа да құбылыстарына шыдай алмай, жарық әлсін-әлсін сөнеді. «Атырау-Жарық» мекемесінің ба­лансына беру қажет. Өрт шығып, тұрғын үйлеріміз өртенсе, кім жауап береді? Жол жоқ, көшелерде жарық жүйесі жүргізілмеген, жаз­ғы су желісінің электр қозғалт­қы­шын ауыстыру, суару құбырын плас­тик трубамен ауыстыру секіл­ді проблема көп. Әкімдерге бар­сақ, «бау-бақшалы аумаққа жол салуға бюджетте ақша қаралмаған» деп айтады. Біздің проблема­ла­ры­мызды еститін жергілікті әкімдер жоқ. Жалаң уәделерін беріп, шы­ғарып салады. Біздің жер аума­ғымызды қала қарамағына тапсы­рып, мәселені заңды тұрғыда ше­шетін уақыт жетті деп білеміз, – дейді Бауыржан Пазылов. Өз қаражаттарына 12 шақы­рым су құбырын жүргізген, транс­форматорлар сатып алып, электр желілерін де жаңартқан тұр­ғын­дардың ендігі талабы – қаланың бас жоспарында тұратын елді ме­кен болу. Қордаланған мәселелерге бай­ланысты Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ерболат Омаров жа­уап берген еді. Әкімдік жағдайдан бұрыннан хабардар. Біріншіден, бау-бақша қоғамдары аумағында жол төсеу жұмыстары қиындық туындайды. Себебі үйлер тығыз салынғандықтан, көшелер тар. Әрі бұл су, газ және өзге де жүйе­лерді тартуда кедергі келтіреді. «Жол төсеу құжаттарын жаса­ғанмен, оған мемлекеттік сарапта­ма көшенің тарлығынан рұқсат бермейді. Себебі көшелер стан­дарт­қа сай емес. Иесіз электр жү­йелері бары рас. Біз осы мәселеге байланысты жұмыс атқарып жа­тырмыз. Биыл мүмкіндігіне қарай демеушілікпен 15 бағбандық қо­ғамға бұрын пайдаланылған электр трансформаторларын, пай­даланылған насостарды ауыс­тыру, газ құбырындағы газ қы­сы­мын арттыру түрінде көмек көрсе­тіл­ді. Басқа да бау-бақша қоғам­да­рына көмек көрсету жоспарла­нып отыр», – деген ол қордаланған мәселені тек заң аясында шешуден өзге амал жоғын айтты. Атырау қаласы әкімдігі соңғы жылдары Балықшы мен Геолог­тағы бау-бақша қоғамдарында тар көшеге тасжолды демеушілердің көмегімен салынғанын айтады. Қазіргі экономикалық дағдарыс жағдайында демеушілік жасауға ниеттілер азайғаны сөзсіз. Тұр­ғын­дардың елді мекеннің мәрте­бесін өзгерту мәселесін Үкімет деңге­йін­де ғана шешуге мүмкіндік бар. Ал­дымен республикалық бас жос­парға енгеннен соң жергілікті әкім­дік тұрғындар талабын орын­дауға кірісе алады. Сонда ғана жо­балық-сметалық құжаттары жасақ­талып, айтылған мәселелер шеші­мін табатын болады. Оның өзіне бірнеше жыл керек болады. Оған дейін тұрғындардың жанай­қайын ести беруден өзге амал жоқ секілді.

Атырау облысы