Табысты арттырып, тұрмысты түзейтін тетік
Табысты арттырып, тұрмысты түзейтін тетік
© коллаж: Елдар Қаба
460
оқылды
Еуразиялық континент соңғы 77 жылдағы аса ірі сая­си күйзеліске киліккен, экономикалық дағдарыс күшей­ген күрделі шақта даму емес, жан бағу бірінші орынға шығады. «Ауқаттан ықылық атқан» дейтін Еуроодақтың озық елдерінің өзі бағасы 6 еседей шарықтаған газ шы­ғынын азайту үшін өз тұрғындарынан үйдегі жылу тем­пературасын төмендетуді сұрады. Көрші Ресейдің жағ­дайы аянышты халге жетуі ықтимал. Әлемдік экономика рецессияға ұшырауы мүмкін. Осы ауанда Қазақстан өз хал­қын қолдаудың теңдесі жоқ шараларын қолға алмақ.

Тар жол, тайғақ кешуде табаны таймады

«Қасіретті қаңтар» оқиғасынан кейін 11 қаңтарда Мәжіліс отыры­сын­да сөз сөйлеген Мемлекет бас­шысы Қ.Тоқаев бұдан былай аза­мат­тардың әл-ауқаты және әлеу­мет­тік көңіл күйі басты орында және әр­да­йым мемлекеттің наза­рында болуы тиіс екенін қадап айт­ты. Сондықтан Үкіметке, «Ата­мекен» кәсіпкерлер палатасымен бірлесіп, 2 ай ішінде халықтың та­бысын арттыру бағдар­ламасын қа­былдауды жүктеді. Әрбір бас­қарушылық деңгейде кедей­шілікті төмендетудің нақты көр­сеткіштері белгіленгені жөн. Әрине, содан кейін айналадағы ахуал қатты өзгерді: Ресей Украи­наға басып кірді, Батыс елдері серіктестерімен бірге солтүстік көр­шімізді алапат санкциялық соқ­қының астына алды. Бұл ке­са­пат­тың бәрі бүкіл дүниежүзіндегі ахуал­ға кері әсер етіп жатыр. Ен­деше Қазақстан басшылығы бюд­жет қаражатының жеткіліксіздігін алға тартып, аталған бағдарламаны кейінге қалдырса, қоғам оған түсі­нікпен қарайтын еді. Бірақ ел Пре­зиденті уәдесінен таймады. Үкімет 2025 жылға дейінгі халық табысын арттыру бағдарламасын құптады. Премьер Әлихан Смайыловтың айтуынша, осы бағдарлама азамат­тардың әл-ауқатын арттыру және әлеуметтік-еңбек саласындағы тә­сілдерді жаңарту мақсатында әзір­леніп отыр. Құжатта сондай-ақ жа­ңа өнеркәсіптік кластерлер құру, шағын және орта кәсіпкерлікті қар­жылық қолдау, ірі кәсіпорындар тө­ңірегінде шағын және орта биз­несті дамытуға жағдай жасау қарас­тырылған. Агроөнеркәсіп кешенінде жұ­мыспен қамтуды арттыру үшін қо­салқы үй шаруашылықтарын дамы­ту, инвестициялық жобаларды іске асыру және микрокредит беру те­тік­­терін кеңейту шаралары көзделген. Үкімет басшысы барлық мем­органның алдына осы қиын шақта ішкі нарықты отандық өніммен молықтыру, еңбек өнімділігін арт­тыру және тұрақты жұмыс орын­дарын құру міндеті қойылатынын атап өтті. Ең бастысы, халқымыз ашықпауы қажет. Ә.Смайылов Индустрия, Ауыл шаруашылығы, Энергетика ми­нистр­­ліктеріне және өңір әкім­деріне тұрақты жұмыс орындарын ашуды, өңдеу саласындағы инвест­жобаларды іске асыру мәселелерін пысықтауды тапсырды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау ми­нистрлігі әкімдіктермен тізе қоса отырып, еңбек табысындағы теңге­рім­сіздікті жою шараларының орын­далуын бақылауға міндеттелді. Ал салалық меморгандар, «Са­мұ­рық-Қазына» қоры, әкімдіктер ай­лығы төмен қызметкерлердің жа­лақысын әр саладағы орташа дең­гейге дейін жоғарылатуы тиіс. Сон­дай-ақ бюджеттік қызметкер­лердің орташа жалақысы көтеріледі.

Жарлы-жақыбай саны қанша?

Ресми статистикаға сенсек, Қа­зақстанда кедейшілік деңгейі тіпті ЭЫДҰ-ға кіретін бірқатар дамыған елге қарағанда аз көрінеді: ЭЫДҰ елдерінде кедей халықтың үлесі орта есеппен 11,6%. АҚШ-та бұл көр­сеткіш – 16,8%, Израильде – 17,7%, Чилиде – 16,8%, Канадада – 14,2­%, Аустралияда – 12,8%, Ұлы­британияда –10,8%. Бұл ретте да­мы­ған елдер мен дамушы елдерде кедей қатарына жататындар табысы жөнінен ерекшеленетіні мәлім. Мемлекет басшысы Қазақстанда 1 миллиондай адамның табысы ең төменгі күнкөріс шегінен аз екенін айтты. Бұл Қазақстан халқының шамамен 5,3%-ы. Мұның сыртында 3 миллиондай жұмысшы жалақысы төмен жұмыста істейді. Бұған қоса, 12 өңірде – Атырау, Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қара­ған­ды, Қостанай, Қызылорда, Маң­­ғыстау, Павлодар, Солтүстік Қа­зақ­стан, Түркістан, Шығыс Қазақстан облыстары мен Нұр-Сұлтанда кі­ріс­тері ең төменгі күнкөріс шегінен де төмен халықтың үлесі қарқынды ар­тып барады. Тағы 5 өңірде – Ақ­мола, Маңғыстау, Түркістан, Шы­ғыс Қазақтан облыстарында және Шымкентте кедейшілік көрсеткіші орта республикалық деңгейден асып түсті. Өкінішке қарай, республикада «жұмыс істейтін кедейлер» көп, яғни адам жатыпішер емес, еңбек етеді, бірақ тапқаны тіршілігіне жете бермейді: Қазақстанда олар­дың үлесі – 32,7%, Әзербайжан­да – 39,7%, Ресейде – 30,7%, Гре­кияда – 13,4%. Ұлттық экономика министр­лі­гінің дерегінше, елде халықтың та­бысы азайған. Жасыратыны жоқ, қағаз жүзінде қазақстандықтардың номиналды табысы жыл өткен сайын өсіп келеді. Мысалы, 2010 жылы ол 39,2 мың теңгеден 2021 жы­лы 128,4 мың теңгеге дейін кө­терілді. Алайда халықтың нақты табысының өсу қарқыны төмендеп барады: 2019 жылы 6,4%-ға артса, 2020 жылы 4,3%-ға, 2021 жылдың 11 айында 3,1%-ға ғана өсіпті. Бұған екі фактор теріс әсер етеді: эконо­микалық өсудің баяулауы (2020 жылы -2,5%-дық рецессия болды, 2021 жылдың 9 айында – 3,6% ғана өсім тіркелді), сондай-ақ жоғары инфляциялық қысым (2020 жылы инфляция 7,5%, 2021 жылы 8,4%, 2022 жылы одан да асуы мүмкін).

Жалақы көтеру – жанды жадырату

Қоғамдық талқылауға шығарыл­ған «Халықтың кірісін арттыру бо­йынша 2025 жылға дейінгі шаралар кешенінде» жалақыны көтеруге ба­са мән берілген. Біріншіден, дәрі­герлердің жалақысын 2023 жылға қарай орта есеппен 561 мың теңгеге дейін жеткізу көзделіпті. Осы мақ­сат­та республикалық бюджеттен (РБ) 431,8 миллиард теңге, ал МӘМС қаражатынан 98,5 миллиард теңге бөлінбек. Екіншіден, орта медициналық персоналдың жалақысы 2023 жылға қарай орта есеппен 210 мың теңгеге дейін көтерілмек. Бұған РБ-дан 186,4 млрд теңге, МӘМС есебінен 141,8 млрд теңге көзделген. Үшіншіден, 2023 жылғы 1 қаң­тардан мектепке дейінгі, орта, тех­ни­калық және кәсіптік, орта бі­лімнен кейінгі білім беру ұйымдары педагогтерінің – жалпы алғанда, 600 мыңдай ұстаздың лауазымдық жалақысы 25%-ға ұлғайтылмақ. Бұған бюджеттен 3 трлн 59 млрд теңге шығындалады. Төртіншіден, 2022 жыл ішінде Мәдениет және спорт министрлігі­не бағынышты шығармашылық ЖОО-лардың профессорлық-оқы­тушы­лық құрамының, басшыла­ры­ның жа­ла­қы­сы 75%-ға: қазіргі 163 мың тең­ге­ден 353 мың теңгеге дейін кө­бей­тіл­­мек. 2,9 млрд теңге бөлу ұсынылған. Бесіншіден, базалық қаржы­лан­дыруға қосу арқылы жетекші ға­лым­дардың жалақысы арттыры­ла­ды: 74 ҒЗИ-дің кадрлық әлеуетін нығайту үшін 1 200 жетекші ғалым­ның еңбек­ақысы 69%-ға жоғары­лай­ды. Бұл 15 млрд теңгені қажет етеді. Алтыншыдан, біржолғы грант­тық конкурстарда қандай нәтиже көрсеткеніне қарамастан, іргелі зерт­теулермен айналысатын 11 ғы­лыми-зерттеу институтының шта­тындағы 1 116 ғылыми қызметкері конкурстық рәсімдерден тыс ке­пілді жалақыны алатын болады. Бұл шара 20 миллиардтан астам қара­жатты талап етеді. Жетіншіден, ХҚКО-лардағы жұ­мыскерлердің жалақысын 34%-ға көтеруге 4,6 млрд теңге арна тартпақ. Сегізіншіден, оқу қуған жастар­дың шәкіртақысы өседі деп жос­пар­ланған: 2000 жылмен салыстырғанда БҒМ-ге қарасты ЖОО студентте­рінікі – 2 есеге, магистранттар мен докторанттардікі – 1,5 есеге. «130 мыңға жуық студенттің кірісін арт­тыру ата-аналардың табысын сақ­тауға мүмкіндік береді және оқыту сапасына жағымды әсерін тигізе­ді», – деді Экономика министрі. Рес­пуб­ликалық бюджеттен бұған 132,2 млрд теңге қарастырылмақ. Сон­дай-ақ Денсаулық сақтау ми­нистр­лігі желісі бойынша ЖОО сту­­дент­терінің стипендиясы бака­лавриатта – 20%-ға, магистратура, докторан­тура, резидентурада 15%-ға ұлғайтылуы тиіс. Тоғызыншыдан, биыл чемпион-жүлдегер спортшылар мен олардың жаттықтырушыларына өмір бойы төленетін ай сайынғы төлем қазіргі 24 АЕК-тен (75 512 теңгеден) 100 АЕК-ке (306 300 теңгеге) дейін ұлғай­тылады. Отандық спорттың әлем­дік аренадағы бәсекеге қабі­леттілігін арттыру, жүлде алатын спортшылардың лайықты спорт резервін түзу үшін спорттың 170 түрі бойынша спортшылардың штат саны 1 000-нан 3 мыңға дейін кө­бейтіледі. Сонымен бірге халық­ара­лық жарыстардың, олимпиаданың төрешілігіне тартылатын жоғары білікті спорт төрешілерін даярлау үшін отандық осы мамандарға ақы төлеу көлемі артады. Бүгінде судья­лықтың бір күнінің ақысы 1 239 теңгені құрайды, ол енді төрешілер санатына қарай 17 697 теңгеге жеткізілмек. Оныншыдан, «Самұрық-Қа­зына» қорына кіретін ұлттық ком­паниялар өндірістік қызметкер­лердің жалақысын ұлғайтады: бұл мұнай-газ саласында 50 мыңға жуық жұмыскерге; энергетикада – 17,8 мың жұмыскерге; химия саласында 12 мыңға жуық жұмыскерге; темір­жол және әуетасымалында 100 мың­ға жуық жұмыскерге; пошта бай­ланысында 14 мыңға жуық жұмыс­керге қатысты. Бұдан өзге, «Самұрық-Қазына» қорына қызмет көрсететін мердігер компаниялардан өз жұмыскер­ле­рінің жалақысын саладағы орташа жалақы деңгейге дейін көтеру мін­деті бекітіледі. Мемлекеттік сатып алуға қатысатын компаниялар штат саны мен жалақыны көбейтсе, олар­ға шартты жеңілдік беріледі, сол арқылы олар өзге бәсеке­лес­терінен оза алады. Осы жылы ірі компаниялармен жұмыскерлерінің жалақысын арттыру жөнінде келіс­сөздер жүргізілмек. Сондай-ақ енді ең төменгі жа­ла­қыны кезең-кезеңімен, жыл са­йын өсіру мәселесі пысықталады. Бұл іс-шара жүзеге асса, жыл сайын ша­ма­мен 2 миллион адамның ең тө­мен­гі жалақысын ұлғайтуға түрткі болмақ.

2 млн жаңа жұмыс орны құрылмақ

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың түсінді­руін­ше, сөз болып отырған жаңа бағдар­ламадағы шараларды тікелей және жанама деп бөлуге болады. Тікелей шаралар бюджет жұмыскерлерінің жалақысын көтеруге, кірістердегі теңгерімсіздікті жоюға бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмыс­пен қамтуға жәрдемдесу, кәсіптік даярлау, өңдеуші кәсіпорындардың өнімділігін арттыру және кәсіп­кер­лікті дамыту арқылы табыстың өсу мүмкіндіктерін кеңейтуді көздейді. «Бағдарлама 80 шарадан тұрады, олар мынадай негізгі бағыттарға бөлінген: халықтың еңбек табысы­ның артуы; кең ауқымды жұмыспен қамтуды дамыту арқылы халықтың табысын арттыру; сатып алу қабі­летін қорғау. Оны іске асыру лайық­ты еңбекті дәріптеу, масылдықтан бас тарту идеяларын ілгерілету жө­ніндегі ақпараттық-түсіндіру жұ­мы­сымен қатар жүретін болады», – деді министр. Ә.Қуантыровтың айтуынша, бағдарламадағы іс-шараларды іске асыру 2025 жылға қарай 5 нысаналы индикаторға қол жеткізуге жол ашады: біріншіден, ЖІӨ-ге шақ­қан­дағы еңбекақының үлесі 34,5%-ға жетпек. Салыстыру үшін айтсақ, Ресейде бұл көрсеткіш – 46,7%-ға, Беларусьте – 49,7%-ға, Еуроодақ­та – 47,9%-ға тең. Екіншіден, жалпы табыстағы ең­бек қызметінен түсетін табыстар­дың үлесі – 76,2%-ды құрауы тиіс. Үшіншіден, табысы ең төмен күн­көріс деңгейінен аз халықтың үлесі 5,2%-ға түсуі керек. Төртіншіден, жұмыссыздық деңгейі 4,7% деңге­йінде сақталады. Бесіншіден, бағ­дарлама аясында 2 миллионнан астам адамға жұмыс орындары құ­ры­лады деп жоспарланған. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов те 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орны ашылатынын растады. «Біздің министрліктің қаты­суы­мен барлығы 33 іс-шара қолға алы­нады, оның 16-сына тікелей ми­нистрлік жауапты. Бұл шаралар күн­көріс деңгейінен төмен табыс табатын халықтың үлесін азайту, жұмыссыздық көлемін төмендету, 2025 жылға дейін 2 млн жаңа жұмыс орнын құру және басқасы», – деді С.Шәпкенов. Оның мәліметінше, бүгінде еңбек нарығында 300 мыңға жуық өзін-өзі жұмыспен қамтығандар азаматтық келісімшарт негізінде жұмыс істейді. Тапсырыс берушілер мен орындаушылардың арасындағы қарым-қатынас күрделі бюро­кра­тиялық процесс. Сондай-ақ шетел­дік жұмыс күшінің құрамында 60%-ға жуығы жұмысшы маман­дықтары бойынша тартылады. Осы мәсе­лелерді ескере отырып, бі­рін­шіден, министрлік фрилансер­лер­дің қыз­метін цифрлық форматқа өт­кізу мақсатында «платформалық жұмыс» электронды сервисін әзірлейді. Екіншіден, 3 және 4 санаттар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 4,7 мың адам­ға қысқартылады. Үшіншіден, жаңа жұмыс орындарының құрылуы өңірлік жұмыспен қамту карталарын өзектендіру және ақпараттық жү­йені тұрақты түрде жаңарту арқылы мониторг жасалады. Аталған шара­лар халықтың жұмыспен қамтылу деңгейін арттыруға және ішкі еңбек нарығын қорғауға мүмкіндік береді деседі. «Еңбек нарығында 300 мыңға тарта жұмыссыз және NEET сана­тындағы жастар, 80 мыңнан астам көпбалалы және мүгедек бала тәр­биелеп отырған аз қамтылған отба­сылар бар. Әрбір мұқтаж топ үшін арнайы тәсілдер, құралдар қабыл­данады», – деді Серік Шәпкенов. Әйелдерді қолдау орталықта­рын барлық өңірде құру жоспар­ланып отыр. Оларда жыл сайын 20 мыңға жуық әйелге кешенді қолдау көрсетіледі.