Ақмолалық шаруалар миллиондап «қарызға» батты
Ақмолалық шаруалар миллиондап «қарызға» батты
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
441
оқылды
Солтүстікте қардың көбесі сөгілмегенімен, көктемгі егіс науқанына әзірлік жүргізіп жатқандар баршылық. Дегенмен онсыз да қос өкпеден қысқан қымбатшылықтан белі қайысып жүрген кәсіпкерлердің елдегі субсидияның жағдайы арқаларын аяздай қарып тұр. Ауыл шаруашылығы саласында жылдар бойы қызмет еткендер электронды шотфактура салдарынан әупірімдеп жүріп алған қаржыларын кері қайтаруға мәжбүр болған. Мәселенің ушыққаны соншалық, көктемгі егін себуге қауқары қалмаған ондаған кәсіпкер ащы жанайқайын «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының Ақмола облыстық филиалында көтерді... Олардың айтуынша, өңірдің Ауыл шаруашылығы басқармасы алған қаражатты бүтіндей кері қайтаруды талап еткен. Мәселен, Атбасар ауданында «Бастау» ЖШС – 36 873 451 теңге, «Сепе-2012» серіктестігі – 17 200 000 теңге, «Шыңғыс-1» – 4 054 464 теңге, сол сияқты Жарқайың ауданындағы «Ростовское Агро» 8 млн теңгеге жуық, «Донское-Агро» 3 миллионға жуық, «Отрадное-Агро» 2 млн теңгеден астам, Сандықтау ауданында «US Агро» 3 миллион теңгеден астам, Зеренді ауданында «Қанай би-1» 11 миллион теңгеден астам, Көкшетау қаласындағы «Агрофирма Берекет» ЖШС 2 миллион теңге «қарыз» болып қалған.

Электронды шот-фактура есті алып тұр...

«Атамекен» кәсіпкерлер құқығын қорғау кеңесінің төрағасы Валентина Геращенконың айтуынша, бұл жерде электронды шот-фактураны түзетумен байланысты бір­қатар келеңсіздік туындаған. «Бір айта кетерлігі, барлық жағдайда электронды шот-фактурада кәсіпкерлерден жеткізушілер мен қызмет көрсетушілерді ауыстыру талап етілмеген. Тіпті, қосылған құн салығы сомасы да өзгермеген. Сондықтан бізге жүгінген 24 кәсіпкердің мәселесін шешу мақсатында Ақмола облысының прокуратурасына және Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы басқармасына ресми хат жөнелткен едік», – дейді Валентина Сергеевна. Мәселен, Степногор қаласындағы BioProm Technologies компаниясы сатылған картоп тұқымы үшін 12 миллион теңгеден астам субсидия алған. 2020 жылғы 1 маусымда жеткізуші «Астра-Агро LTD» ЖШС-мен жазылған электронды шот-фактураның күші жойылып, 25 маусымда Салық кодексінің талаптарына сәйкес келетін жаңа шот-фактура жазылады. «Мұнда бұрынғы 8 пайыз ҚҚС 12 пайызға өскен. Ал нақты сома еш өзгеріссіз қалған. Бұл түзетулер тіпті мемлекетке шығын да келтірмей, керісінше кіріс әкелген. Ал картоп 2010 жылғы 1 наурыздағы Үкімет қаулысымен әлеуметтік маңызды азық-түлік тауары қатарына енгізілген. Елдегі пандемияға байланысты 2020 жылғы 27 наурызда әлеуметтік маңызды тауарларға ҚҚС мөлшерлемесі 8 пайызға төмендеген. Алайда картоп тұқымы бұл тізімге кірмегендіктен, электронды шот-фактураға 12 пайыз етіп қайта түзету жасалыпты», – деп толықтырды Валентина Геращенко. Мәселені қарастырған Ақмола облысының прокуратурасы да өткен жылдың 3 қыркүйегінде мемлекеттік орган «Ақмола облысының Ауыл шаруашылығы басқармасына заңсыздықтарды жою туралы прокурорлық үн қату актісін енгізген. Өңір прокуратурасы тергеп-тексеру барысында 49 факті бойынша жалпы сомасы 465 миллион теңге сомасына электронды шот-фактураларда түзетулерді қолданып, субсидия алу фактілерін анықтаған. Ал өңірдің Ауыл шаруашылығы басқармасы бағдарламаны жүзеге асыруда мемлекеттік органның Ауыл шаруашылығы министрімен 2020 жылғы 30 наурызда №107 бұйрығымен бекітілген «Өсімдік шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен өнімділігін арттыруды қаржыландыру ережесін» басшылыққа алатынын жеткізді. Ауыл шаруашылығындағы субсидияны алуда электронды шот-фактураның ұсақ шаруаларға елеулі қиындық келтіріп тұрғанын күні кеше Алматы облысы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облысының кәсіпкерлері де көтерген. Олардың айтуынша, ірі шаруашылықтарға электронды шот-фактура ұсыну еш қиындық тудырмағанымен, ұсақ және орташа шаруалар үшін бұл – аса күрделі. Өйткені үнемі шаруамен айналысатын әрі азғана малы мен егінін егуден қолы босамайтын шаруа электронды шот-фактураны жасауға еш мүмкіндігі жоқ.

Мәселе Парламентте көтерілді

Ауыл шаруашылығы субсидиясының аталған мәселелердегі қиындығы жақында Парламент қабырғасында көтерілді. Ақмола облысынан депутат болған «Ақ жол» фракциясынан Мәжіліс депутаты Ерлік Өмірғали Роман Склярға депутаттық сауал жолдаған. Депутаттың айтуынша, электронды шот-фактура бойынша күрделі мәселелер Ақмола облысымен қатар, Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында да туындаған. 2019 және 2020 жылдар кезеңіне субсидияны қайтарудан бас тартқан кәсіпкерлерді ереже нормасындағы ағаттықтардың кесірінен сот сергелдеңіне салған. «Біз бөлінген субсидиялар бойынша электронды шот-фактураларға түзету енгізуге қатысты жағдайды айтып, қарастырып отырмыз. Ал жеткізушіні және/немесе тауар, жұмыс және қызметті сатып алушыны ауыстыруға әкелмейтін электронды шот-фактураларды түзету Салық кодексінің 419-бабында қарастырылған. Электронды нұсқадағы шот-фактуралардың үзіндісін түзетілген немесе қосымша ЭШФ және оның нұсқаларын ақпараттық жүйесімен беру ережелерінің 37-тармағына сәйкес, қосымша немесе түзетілген ЭШФ беру салық заңнамасында белгіленген мерзіміне сәйкес соның аясында, талап уақытының ескіруіне орай беріледі. Бұл ЭШФ түзету субсидияға қатысушылармен емес, жеткізушілермен жүзеге асатынын көрсетеді. Қазақстан заңдары мен Салық кодексі жергілікті жердегі Ауыл шаруа­шылығы басқармалары ұстанатын Ауыл шаруашылығы министрінің ережесінен жоғары тұр емес пе?!», – дейді Мәжіліс депутаты Ерлік Өмірғали. Депутат өз сауалында экономиканың негізгі драйвері – ауыл шаруашылығының ақсамауы үшін нормативтік-құқықтық актілерге өзгерістер енгізуді ұсынды.

P.S.

Сонымен, әзірге ауыл шаруашылығын субсидия берудегі кәсіпкерлердің жүйкесін жұқартқан бұл мәселе әлі түпкілікті шешімін тапқан жоқ. Заңға тиісінше өзгерістер енсе, кәсібінен нәсіп тапқан қаншама дау шешімін таба ма деген ой бар... Бірақ бұл қашан болатыны әзірге беймәлім...

Ақмола облысы