Алматыда 50 шақты үй жарықсыз отыр
Алматыда 50 шақты үй жарықсыз отыр
256
оқылды

Екі күннің бірінде жарығы сөніп қала беретін Алматыдағы Алатау ауданынының кейбір тұрғындары электр қуатынсыз отыр. Елу шақты үй жекенің қолындағы қосалқы станцияға қосылған. Әдетте ақауы жиі шығатын құрылғы бұл жолы толық күйіп кетіпті. Бұған дейін әрбір үй жарыққа қосылу үшін 300-350 мың теңгеден жинап берген. Енді осыған жауапты азамат жаңа трансформатор орнатудан түбегейлі бас тартып отыр, - деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" бағдарламасы. 

Қалаға қосылғанымызға он жылдың жүзі болса да, Теректі ауданының тұрғындары тоқты жекенің трансформаторынан тартуға мәжбүрміз, дейді. Қымбат тарифпен төлем жасаса да, жарыққа жарымайтындықтарына қапалы. "Кезінде біз әрқайсысымыз 300-350 мыңнан төлеп жарықты қостырып алғанбыз. Екі күннің бірінде жарық болмайды. Менің бір телевизорым күйіп қалды", - деді Алматы қаласының тұрғыны Дүйсебей Қазиева. Қысқасы тұрғындар мемлекеттің бақылауындағы ірі компанияның электр қуатымен қамтамасыз етуін қалайды. Ол үшін әкімдік өкілдері трансформаторлы қосалқы станцияның иесінен бірнеше рет рұқсат сұрадық, дейді. Бірақ жұртқа жарық беруге Үкіметтен бұрын кірісіп кетіп, өз ауласына трансформатор орнатқан азамат бергісі келмеді, дейді.
"Жаңа трансформаторды табу бойынша РЭС-3 мекемесі бұл жаққа кіріседі, әрине тұрғындарды электр желісімен қамтамасыз етпей, бізде ешкім ешқайда қайтпайды", - деді Алматы қаласы Алатау ауданы коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Зиярат Қамбатыр.
Қосалқы станцияның иесі бүгін әкімдікке барып, бұл трансфоматорды иесіз деп тану бойынша өтініш жазып келдім, енді көршілерімді жарықпен қамтамасыз ету менің шаруам емес, дейді.
"Мына тірек, желі, трансформатор бәрі шығын емес пе? Енді менің шығынымды өтеп бермесе ол кезде бергім келген жоқ та", - деді қосалқы стансаның меншік иесі Асхан Бейсеев.
Айта кету керек, Асхан Бейсеевтен 50 үйдің бірде-бір тұрғыны түбіртек алмаған, араларында ешқандай келісімшарт та болмапты.