Атырауда полицейлер көпбалалы ананың үйін жөндеп берді
Атырауда полицейлер көпбалалы ананың үйін жөндеп берді
343
оқылды

Атырау облысында полицейлер көпбалалы ананың үйіне жөндеу жүргізіп берді. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.

Жұмекен ауылында тұратын көпбалалы ана Екатерина Копрованың отбасына полицей жігіт көмектеспек болған. Сөйтіп, Құрманғазы ауданының полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы, полиция аға лейтенанты Біржан Махмудов әріптестеріне ұсыныс жасаған. – Қазір Екатерина егде жастағы сырқат анасымен бірге тұрады. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар санатына кіреді. Балаларының үлкені 3-сыныпта оқиды. Кенжесі – 1 жаста. Аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері ұсынысымды қолдап, қаражат жинады. Соған көпбалалы отбасының үйіне жөндеу жүргізіп, есігі мен терезелерін ауыстырып бердік. Бұрын үйдің едені де болмаған. Соны ағаштан төсеп бердік. Газ желісін кіргізіп, тамақ пісіруге газ плитасын да сатып әпердік, – дейді Біржан Махмудов. [caption id="attachment_187950" align="alignnone" width="1200"]полицей ©inform.kz[/caption] Аудан полицейлері 34 жастағы әйелдің балаларына киім-кешек пен оқу құралдарын сыйға тартты. – Қайырымдылық – қанымызда бар қасиет. Біз әркез мұқтаж жандарды қолдауға дайынбыз. Былтыр аудан полицейлері Күйген елдімекенінде тұратын жағдайы төмен отбасының үйіне көгілдір отын желісін кіргізіп, жылу сыйлаған. Міне, осылай мұқтаж жандарға қайырымдылық жасауды жалғастыра бермекпіз, – дейді аудандық полиция бөлімі бастығының міндетін атқарушы Найзабек Құбашев.