Қант та қат дүниеге айналды
Қант та қат дүниеге айналды
© коллаж: Әсел Балтақызы
629
оқылды
Ресейге салынған санкциялардың «салқыны» Қазақстанның дүкен сөрелерінен сезіле бастады. Солтүстіктегі көршіміздің бірқатар тауармен бірге қанттың да экспортына тыйым салуы сол екен, дүкендерде қант іздегендердің қарасы көбейді. Дүрмекке ергендерге тоқтам салу мақсатында салалық ведомство өкілдерінің жасаған мәлімдемесі де отқа май құя түскендей. «Қанттың 3 айлық қоры бар» дегенді халық 3 айдан соң қант түгесіледі деп түсінді де, мәселе одан әрі ушыға түсті. Осы орайда тәтті төңірегінде қалыптасқан түйткілдің астарына үңіліп көрген едік. Ресми статистика отандық өн­дірушілер елдегі қантқа сұраныс­тың тек 40 пайызын ғана өтейтінін көрсетеді. Дастарқанымыздағы тәт­тінің қалған бөлігі шеттен ке­леді. Атап айтқанда, тауардың бұл түрі бізге Ресей, Бразилия, Бе­ларусь, Мексика сияқты елдерден импортталады. Осы елдердің ішін­де ресейлік өндірушілердің үлесі жоғары. Өткен жылдың өзінде Ресейден Қазақстанға 275,8 мың тонна қант жеткізілген екен. Сондықтан да 10 наурыздағы Ресей Үкіметінің дәнді дақыл­дар­ды, қант пен қантты шикізатты экс­порттауға 31 тамызға дейін ты­йым салу туралы шешімінен соң қазақстандық сауда нүктелерінде дүрбелең пайда болды. Әрине, әлем елдерінің тұс-тұстан салған түрлі санкцияларының қыспа­ғында қалған Ресейдің осы қадам арқылы өздеріндегі азық-түлік қауіпсіздігін сақтауға тырысатыны түсінікті. Дегенмен аталған құжат Еуразиялық экономикалық одақ елдеріне қант жеткізуге түбегейлі тыйым салмайтынын ескеру керек. Ресейдің Экономикалық дамыту министрлігі қантты одақтас ел­дер­ге экспорттау мәселесі Ауыл ша­руа­шылығы министрлігі берген рұқсат негізінде жүзеге асыры­ла­тынын хабарлады. Демек, қазақстандықтардың дүрмекке еріп, қантсыз қалмауға қам жасауға негіз жоқ еді. Де­ген­мен дүкенге қарай ағылған бұқа­раны сабыр шақыру мақсатында Сауда және интеграция министр­лігінің жариялаған мәлімдемесі сәтсіздеу шықты. «Қанттың 3 айға жететін қоры бар» дегенді көпшілік 3 айдан кейін қант дүниеге айна­лады деп өздерінше жорамалдады. Осы­лай­ша дүрмекке ергендер қант­ты қап-қабымен таси бастады. Бірер күнде кейбір сауда орын­да­рында тәттіні жан басына 5 келіден артық сатпау туралы норма да ен­гізілді. Кейін қант тіпті қат дүниеге айналды. Та­былғанын еселенген ба­ғасына қа­рамастан сатып алып жатты. Сауда және интеграция ми­нистрлігінің ресми өкілі Әлішер Өмірзақ қант тапшылығы туралы алыпқашпа әңгіме сұраныстың артып, базарларда алыпсатарлық фактілерінің туындауына негіз болғанын айтады. Ол сонымен бір­ге республикада әлеуметтік ма­ңы­зы бар азық-түлік тауарлардың қоры жеткілікті екенін мәлімдеді. Әрі бұл қор жүйелі толықтырылып отырады екен. Дегенмен бұл мә­лім­деме де қап арқалап, қант іздеп, дүкендерді кезіп кеткендерге тоқ­там бола алмады. – Жедел дерек бойынша рес­пуб­ликадағы әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының қоры 1,5 миллион тоннаны құрайды. Оның ішінде 47,6 мың тонна қант та бар. Бүгінде елде қант тап­шы­лығы жоқ екенін хабарлаймыз. Сау­да желілері мен тұрақтандыру қорларында бұл әлеуметтік ма­ңы­зы бар азық-түлік тауарының қоры кемі үш айға жеткілікті. Қант өн­дірісі жалғасып жатыр, тоқта­май­ды. Қор толтырылып отырады. Яғни, «үш айдан кейін қор таусы­ла­ды, қант тапшылығы болады» деген ақпарат та шындыққа жа­наспайды, – деді Әлішер Өмірзақ. Жасыратыны жоқ қантқа сұра­ныстың күрт артуынан кейбір кә­сіпкерлер қомақты табыс табуды мақсат етіп жатты. Кей өңірлерде 1 келі қанттың бағасы 700-800 тең­геге жеткені хабарланды. Өз кезе­гін­де әлеуметтік маңызға ие та­уар­дың бағасын негізсіз қым­бат­тат­қан­дар жауапкершіліктен құтыл­май­ты­нын ескергеніміз жөн. Сауда және ин­теграция министрлігін­де­гі­лер Қос­танай, Қарағанды, Ақмо­ла, Пав­­лодар, Солтүстік Қазақстан об­­лыстарында дәл осындай қадам­ға барғандарды анықтау жұмыс­та­ры жалғасып жатқанын хабарлады. Жалпы, қант қызылшасын стра­тегиялық дақыл санап, тәтті түбір егетін шаруаларды мемле­кет­тік қолдау шаралары қарасты­рыл­ған біздің елде қантқа сұранысты отандық өніммен өтеуге болады. Дәл осы бағытта қолға алынған жұмыстар нәтижесінде тек өткен жылдың өзінде импорттық қантқа тәуелділік 12,7 пайызға азайып, отандық қант өндірісі 89 мың тон­наға артыпты. Қант қызылшасы алқабының кө­лемін ұлғайту арқылы да сұра­нысты отандық өніммен қамта­ма­сыз етуге баса мән берілген. Де­генмен ағын судың тапшылығы қант өндірісін шикізатпен қамту ісіне кері әсерін тигізіп жатқан көрінеді. Өткен жылы ел аумағында 22,1 мың гектарға тәтті түбір егіл­ген екен. Әйтсе де қантқа сұраныс­тың 60 пайызының импорт есе­бінен өтелуі өндіріс ошақтарын шикізатпен қамту ісінің ақсап тұрғанын көрсетеді. Сондықтан да болса керек, ел аумағында қант өндіретін қант зауыттарының дені шикізат ретінде қант қамысын қолдана бастаған. Ал қант қамы­сының да шекараның арғы бетінен келетінін ескерсек, отандық қант өндірісіндегі мәселе тіптен күрде­лене түседі. Нәтижесінде респуб­лика аумағында қанттың бағасы ара-тұра құбылып тұрады. 2021 жылдың өзінде Қазақстандағы тәттінің құны 30, 8 пайызға өскен екен. Мамандар бағаның өсуін импортқа тәуелділікпен байла­ныстырады. Экономист Арман Байғанов қант төңірегінде қалыптасқан түйт­кілдерді шешудің бірден-бір жолы ретінде ауыл шаруашылығы сала­сындағы еңбек өнімділігін арт­ты­руды ұсынады. Яғни, иге­рілмей бос жатқан жерлерді қант қызылшасы алқабына айналдыру арқылы өнім­нің осы түрінен импортқа тәуел­ділігінен құтылуға болады. – Әрине, қазір Ресей үшін ел аумағындағы азық-түлік қауіп­сіз­дігі мәселесі маңызды. Саяси жағ­дай ушығып тұрған елде көктемгі дала жұмыстарының өз деңгейінде жүргізілуі екіталай. Демек, жыл соңына қарай өздерінде тапшылық болмас үшін Ресей Үкіметі азық-түлік тауарларын экспорттаудан бас тартып отыр. Бұл жағдай бізге ауыл шаруа­шылығы саласындағы еңбек өнім­ділігін арттырудың маңызды еке­нін көрсетті. Агросекторға баса назар аударып, Ресейдегідей ірі агрохолдингтерді көптеп құру ке­рек. Сол арқылы салаға заманауи тех­нологияларды енгізуге мүмкін­дік туады. Оның нәтижесінде ауыл шаруашылығы саласындағы өнім­діліктің артуынан көрінеді, – дейді экономист. Қазақстан қант, тамақ және өңдеу өнеркәсібі қауымдастығы да Ресейдегі қант өндірісі мен ши­кі­затпен қамту ісі қатар жолға қо­йы­луымен ерекшеленетінін айтады. Оның үстінде солтүстік көршімізде тәтті өндірісімен 74 қант зауыты айналысады. Олардың көпшілі­гін­де қант қызылшасын өсіретін егіс алқабы бар екен. Бет қатталып жатқанда Astana әлеуметтік кәсіпкерлік корпо­ра­ция­сы да қант тапшылығының, бағасы қымбаттауының алдын алу бағытында нәтижелі келіссөздер жүргізіліп жатқанын мәлімдеді. Кәсіпкерлермен келіссөздердің нәтижесінде елордадағы «Магнум» азық-түлік дүкендері желісінде қант­тың 1 келісі мамыр айына де­йін 319 теңгеден сатылатын болды. Сонымен бірге «Астықжан», «Вкус­март», «Аян» «Шапағат» , «Анвар», «Фермаг» сынды сауда нүк­телерінде қанттың бағасы ке­лісіне 320 теңге болып бекітілді. Қант бағасын қолдап, реттеудің кешенді шаралары республиканың өзге аймақтарында да жасалып жатыр. Әйтсе де, бұл қант төңіре­гінде қордаланған көп түйткілдің түйінін тарқата алмасы анық. Әлеу­меттік маңызға ие тауар түріне жататын қант өндірісіне баса назар аударылмай, қант нарығындағы импортқа тәуелділіктен арылуы­мыз екіталай. Ал бұл тәуелділік на­рықтағы жағдайдың тәтті келе­тін ыңғайына қарай төңкеріліп тұратынын көрсетеді. Айтпақшы, Ресейдің қантпен бірге бірталай азық-түлік түрінің экс­портына уақытша тыйым сал­ғанын есепке алсақ, қант «дүр­бе­ле­ңі» сауда-саттық саласындағы мәселенің бергі жағы сияқты көрінеді.