«Ауыл – ел бесігі» – берері көп жоба
«Ауыл – ел бесігі» – берері көп жоба
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
536
оқылды
Тәуелсіздік алған алғашқы жылдары жекешелендіру басталды. Оған ауылдар да ілікті. Мыңғырған малы, қаптаған техникасы бар елді мекендер бүгінде өлместің күнін кешіп отыр. Не істеу керек? Осы жағдайды түзеу үшін бірнеше бағдарлама жасалды. Соның бірі – «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы. Бұл – тіктелу үшін керек жоба. Бүгінде Қарағанды облысында жоба өз нәтижесін беріп отыр. Елімізде «Ауыл – ел бесігі» арнайы жобасы 2019 жылдан бастап жүзеге асып келеді. Басты мақсат – ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасы мен әл-ауқатын жақсарту, ауылдарды тұрақты дамыту. Жоба шеңберінде ауылдық елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамыту, ауыл халқының әлеуметтік игіліктер мен мемлекеттік қызметтерге қолжетімділігін қамтамасыз ету және жалпы жайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру бойынша бірқатар міндетті шешу көзделген. – «Ауыл – ел бесігі» жобасы – Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2019 жылдан бастап жүзеге асырылып жатқан арнайы жоба. Жоба 2027 жылға дейін есептелген. Жоба аясында облыс бойынша даму әлеуеті жоғары және орташа 179 ауыл іріктелді, оның ішінде 83 тірек және 96 спутниктік. 3 жыл ішінде «Ауыл – ел бесігі» шеңберінде 12 млрд теңгеге 133 жоба іске асты. Қамтылған 49 ауылда 75,7 мың адам тұрады. Әлеуметтік саланың 39 нысаны жөнделді, денешынықтыру сауықтыру кешені құрылысымен мәдениет және демалыс саябағын қайта жаңарту жүргізіледі. Сонымен қатар 200 шақырымға жуық кентішілік жолдар, 41 шақырым су және электрмен жабдықтау желілері жөнделді, – деді аталмыш жобаның өңірдегі орындалысы туралы Қарағанды облыстық Экономика басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Әбішева. Ал Қарағанды облыстық Экономика басқармасының бас маманы Меруерт Жүнісова болса 2019 жылы жинақталған инфрақұрылымдық мәселелерді жедел шешуді талап ететін ірі елді мекендерге – халық саны неғұрлым көп аудан орталықтарына баса назар аударылғанын айтады. – Жаңаарқа ауданының Атасу ауылында, Нұра ауданының Нұра ауылында және Ұлытау ауданының Ұлытау ауылында, Атасу кентінде коммуналдық инфрақұрылым ретке келтіріліп, 4 қазандық пен тазарту құрылыстары жөнделді, бұл 500-ден астам тұрғынға көрсетілетін коммуналдық қызметтердің сапасын жақсартуға мүмкіндік берді, 20 көпқабатты тұрғын үй мен әлеуметтік объектілері орталықтандырылған жылумен жабдықтауға қосылды, – деді бас маман. Сонымен қатар Атасу кентінде 140 орындық «Ертөстік» және 150 орындық «Балдырған», Ұлытау ауылында 90 орындық «Өркен» балабақшасы, 525 оқушыға арналған орта мектеп, 330 көрерменге арналған мәдениет үйі, Нұра кентінде жылына 2 000 келушіге арналған тарихи-өлкетану мұражайы, 176 балаға арналған өнер мектебі, 1 500 орындық «Тәуелсіздік» саябағы, Нұра кентінде 1 500 орындық және Ұлытау ауылында 1 000 орындық 2 стадион жөнделген. Жоба аясында 24,1 шақырым кент жолы жөнделіп, 7 көшеде жарықтандыру жұмысы жүргізілген, 326 көше жарығының тіректері де орнатылған. Ал 2020 жылы аудан орталықтарынан басқа қаржыландыруға 13 ірі тірек ауылдық елді мекендер қосылды. Осы уақытқа дейін 5,2 млрд теңгеге 47 жоба іске асқан. – Бұқар жырау ауданының Ботақара ауылында 320 орындық денешынықтыру сауықтыру кешенінің құрылысы, Ақтоғай ауданының Ақтоғай ауылындағы саябақты қайта жаңарту, Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентіндегі №16 орта мектепті күрделі жөндеу сияқты ауқымды жобалардың құ­рылысы басталды және қайта жаң­ғыртылды. 8 ауылда білім беру объектілері жөнделді, 4 ауылда денсаулық сақтау объектісі, 2 аудандық аурухана, ауысымда 25 адам қабылдайтын дәрігерлік амбулатория, ауылдық аурухананың қазандығы ғимараттарының жөндеу жұмыстары аяқталды. 6 елді мекенде мәдениет және спорт объектілері құрылысы, Есіл ауылында 25 шақырым су құбыры желісін қайта жаңарту аяқталды және 10 ауылда 72 шақырым кенті­ші­лік жолдарға орташа жөндеу жүр­гізілді, – дейді Гүлмира Әбішева. Басқарма басшысының орынбасары 2021 жылы жалпы сомасы 5,4 млрд теңгеге 60 жоба бойынша жұмыс жүргізілгенін айтып өтті. 60 жобаның 12-сі 2022 жылға өтпелі, 46-сы аяқталған. Ал 24 елді мекенде 5 білім беру, 4 денсаулық сақтау, 2 мәдениет объектілері және 105,7 шақырым кентішілік жол жөнделген. Сонымен қатар жоба бойынша барлығы 33 ауылдық елді мекенде 823 жаңа жұмыс орны құрылған. 2022 жылға республикалық бюджетті нақтылауға ұсынылған жобаларды ескере отырып, 42 жобаны іске асыруға 4,4 млрд теңге көзделген, оның ішінде 16 жоба – көлік инфрақұрылымы саласында, 28 жоба – әлеуметтік және 1 – тұрғын үй-коммуналдық салада. – Жалпы, бұл – ауыл тұрғындарына үлкен көмек. «Ауыл – ел бесігі» жобасы аясында барлық перспективалы елді мекендерді қамтуды жоспарлап отырмыз, – дейді Қарағанды облыстық Экономика басқармасы басшысының орынбасары Гүлмира Әбішева.

Қарағанды облысы