Мектепсіз ауылдың болашағы жоқ
Мектепсіз ауылдың болашағы жоқ
740
оқылды
Ауылдағы шешілмеген мәселе­нің бірі мектеп болып тұрғаны жа­сы­рын емес.Бір ауылда мектеп бар – оқу­шы жоқ. Керісінше, кей ауылда оқушы бол­­ға­нымен, мектеп жетіс­пейді. Мұндай мә­селелер Қарағанды облысында да жиі кездеседі.

Айыртасқа мектеп керек

Қарағанды облысы Ақтоғай ау­данына қарасты Айыртас ауылындағы даң­ғарадай мектеп жабылып қалған. Ауыл мек­тебінің жабылып қалуы – ауыл тұр­ғын­дары мен жан-жақта жүрген айыртас­тық­тардың көңілінде «Ауылдың болашағы мен тағдыры не болады?» деген алаң тудырған. – Алаң тудырған да аудан басшыларын ауылға шақырып, көкейлерінде қордаланып қалған сұрақтарына жауап іздеген едік. Осы мәселеге қатысты аудан әкімінің әлеуметтік сала жөніндегі орынбасары А.Аманжолов бастаған, аудандық білім бөлімінің бастығы С.Жүнісов, аудандық еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бөлімінің бастығы Е.Жаңқабылов, аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы М.Қасымхан ар­найы келіп, Айыртас ауылының тұрғын­да­рымен кездесті. «Ауыл», «мектеп» тақыры­бын жан-жақты қаузап, ойларын мазалаған мәселенің себебі мен салдарына үңілді, – дейді әріптесіміз, журналист Мүсіркеп Сейдахмет. Айыртастың белсенді азаматтары: – Ауыл мектебін қайта ашу керек. Сырт­тан келетін елдің жұмыс орны, кө­тер­ме көмегі бар ма? Болса, қанша мөлшерде? Ауылдағы тұрғындарды тұрақтандыру үшін, бос уақ­тыттарын тиімді өткізу үшін ауылға арнайы спорт алаңы, стол теннисін орналастыратын орын қажет. Ауыл мектебінде өте сирек, құн­ды жәдігерлер жинақталған мұражай бар болатын. Сол жәдігер аудан орта­лы­ғындағы Ә.Бөкейхан мектебінде тұр. Мұ­ражай экспонаттары қайтарылып, мұра­жай­ды қайтадан өз ауылымызда ашсақ, – деп талап қойды. Айыртастықтар ауылға адам тарту үшін жұмыс бастап та кеткен. Белсенді топ құрып, мәселенің шешу жолдарын қарас­тырып та жатыр екен. «Жан-жаққа шығып, шекаралық аймаққа елді қоныстандырумен айналысатын ерікті топтың жетекшісі Бураханмен (еріктілер) хабарластық. Осы жылы солтүстік өңірлерге оңтүстіктен 500-ге тарта отбасын көшіріп апару жоспарда тұр екен. Олар бізге қол ұшын беруге қарсы емес. Көшіп келетін елдің басты талабы – баспана, жұмыс орны, интернет байланысы. Ерікті топтың жетекшілері Айыртас ауылына 10 отбасын көшіріп әкелуге ықпал етуге әзір екенін айтып отыр», – дейді. Айыртастықтардың талап-тілектеріне бірінші кезекте аудандық оқу бөлімінің басшысы С.Жүнісов: – Бастауыш сыныптар жабылмасын деген облыс әкімінің тапсырмасы болған, әлі де күшінде. Мектеп керек пе, жоқ па, ол тікелей сіздерге байланысты. Мектепте оқитын ауылдан бала шыға ма? Немесе білім алуға қаладан бала келе ме? Міне, ең басты сұрақ – осы. Ауылда оқытатын бала жоқ. Мектеп жасындағы балаларын ауыл тұрғындары қалада оқытып жатыр. Соңғы үш-төрт жылдың көлемінде, ауылда бала туудың табиғи өсімі күрт төмендеп кеткен. Мұның барлығына мемлекет мониторинг жүргізіп отыр. Бәлкім, болашақта ауыл-ауыл­дар шоғырландырылып, әр жерден ин­тернаттар ашылып, балалар бір жерден оқытылуы да ғажап емес. Аудан бойынша Айыртаста болған жағдай, жылдан-жылға бала саны азайып бара жатқан Қараменде, Абай, Кежек, Қуаныш, Қарасу секілді ауыл мектептеріне қауіп төндіріп тұр. Мына көр­ші Шет ауданында биылдың өзінде төрт мектеп жабылып қалды. Айыртастың мектебін ашқан күннің өзінде тек бастауыш сыныпты ғана ашып бере аламыз, – деп жауап берді. «Ауылға көшіп келетін ағайынға аудан тарапынан берілетін қандай қаржылық мүмкіндіктер бар?» деген сұраққа, аудандық еңбек және жұмыспен қамту бөлімінің бастығы Е.Жаңқабылов: – Өзге жерден қоныс аударып келген отбасыларға бірмезеттік материалдық кө­мек түрінде, отбасының әр мүшесіне 70 ай­лық есептік көрсеткіш көлемінде қар­жылай көмек бар. Сондай-ақ көшіп келген әр адамды тұрақты жұмыспен, тұрғын жай­мен қамтамасыз еткен жеке тұлғаларға мем­лекет тарапынан берілетін 400 айлық есеп­тік көрсеткіш деңгейінде берілетін бір­реттік субсидия түрі бар. Тек жұмысқа алған кәсіпорын, болмаса шаруа қожалығы мін­детті түрде ол адамдарды екі жыл жұ­мыспен қамтамасыз етуі керек. Одан тысқары ауыл­дық жерге көшіп келген отбасылар үй жалдап тұрған жағдайда коммуналдық қызмет түрлері үшін бір адамға 15 АЕК, отбасында екі және төрт жан бар отбасыларға 18 АЕК, бес және одан да көп мүшесі бар отбасыларға 21 АЕК мөлшерінде қолдау қаржы қаралған, – деп жауап берді. Айыртастықтар мен аудан басшыла­рының түптеп келгендегі ойы «ауылды қайтсек сақтап қаламыз?» деген ортақ мақсат төңірегінде тоқайласып отыр.

Манадырда ескі мектеп жаңартылса...

Жаңаарқа ауданында болат жолдың бойында орналасқан Манадыр деген ауыл бар. Айтары сол, тұрғындарының бас ауыртқан мәселесі – мектеп. – Мектеп жоқ емес, бар. 9 жылдық №144 Манадыр негізгі мектебі. Сөздің ту­расына келсек, сыртынан қарасаңыз, мек­теп деуге келмейді, төбесіндегі Туға қарап, жақындай келе маңдайшадағы тақтай­ша­сынан оқып барып, аңғарасыз. Бұл мектеп мерекелік шара өткізетін мәжіліс залы, спорт­залы, шеберхана дегеннен жұрдай. Дәлізінен екі адам қатар әрең өтеді. Арнайы сынып бөл­мелерінде заманауи жабдықтар жоқ, – дейді жаңаарқалық Қасымхан Ғалым. Аядай мектептің сыйымдылығы 60 оқушы болса, онда қазір 130-ға жуық бала білім алады. Ауылда 80-ге жуық түтін тұрады. 500-ге тарта халқы бар. Ертеде ауыл халқы 4 бөлмелі үйді мектеп қылып алған. Тек 2012 жылы сол кездегі аудан әкімі Ғабдрахман Омаровтың қолдауымен үш бөлме қосып беріпті. Содан бері мектеп мұғалімдерінің өзі сыртын қоршап, абаттандырып келеді. – Мектепте жалпы 130-ға жуық бала білім алуда. Даярлық сынып пен 9 сыныпты қосқанда 99 бала оқиды. Шағын балалар орталығының өзінде 30 бала тәрбиеленуде. Үлкен топта 17, кіші топта 13 бала бар. Педагог саны – 24. Химия, ағылшын пәнінен сабақ беретін мұғалім жетіспейді. Бірақ ең басты мәселеміз – мектеп. Үлкен болмаса да, спорт, акт залы бар мектеп салып берсе деп армандаймыз. Жыл сайын бала өсімі артып ке­леді. Жылда мектеп табалдырығын аттай­тын балалар саны 3-5 есе көбейеді. Мысалы, биылдың өзінде 22 бала мектепке келеді деп күтіп отырмыз. Осы уақытқа дейін ауылда мектеп салынбаған. Тек екі рет бөлме қос­қаны болмаса, – дейді Қасымхан Ғалым. Аудандық білім бөлімі болса, облысқа Манадыр стансасына 150 орындық мектеп салуға ұсыныс берген. Басқарма «кет әрі» демеген. Қолдап отырса керек. Ендігі мәселе – министрлік қарауында. – Бала өсімі артып келеді. Облыс бас­қармасына аталған ауылға 150 орындық мек­теп салып беруді ұсынған едік. Ол жер­дегілер де құптап отыр. Негізі, тарихында мектеп болмаған ғой. Бұрынғыдай тағы 1-2 бөлме қосып бергеннен пайда жоқ. Бірден жаңа мектеп салған тиімді. Себебі мектеп стандартқа сай емес. Сыйымдылығы 60 оқушы болса, қазір 130-ға жуық бала білім алып отыр. Тіпті, өте тығыз. Жергілікті мәс­лихат депутаттары да жоғары жаққа жеткіземіз деп отыр. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы арқылы бір мектеп салынса, тамаша болар еді, – дейді аудандық білім бөлімінің басшысы Махаббат Балабаева. Әрине, бүгінде бұл мәселе күн тәрті­бінен түсер емес. Алаңдаған азаматтар бо­лашақтан үмітті. Біз де соған сендік...

Қарағанды облысы