Кейбір реформалар бұрыннан қордаланған мәселеден туындады – Индира Рыстина
Кейбір реформалар бұрыннан қордаланған мәселеден туындады – Индира Рыстина
©www.inform.kz
212
оқылды

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында Парламент, оның ішінде Мәжілістің өкілеттігін кеңейту және Сенаттың құзырлығын азайтып, депутаттардың жұртқа жақындай түсуін талап етті. Мұндай пікірді ҚР Президенті жанындағы Қазақстан стратегиялық зерттеулер институтының бас ғылыми қызметкері Индира Рыстина білдірді.

– Жалпы, жасалған саяси реформалардың осы жолғы ерекшелігі – Президент ұлттық сенім кеңесі және көптеген зерттеу институттарымен, түрлі эксперттер мен қоғамның белді мүшелері кездесе отырып, ортақ талқылаудың нәтижесінде, елді алаңдатып отырған мәселелерді көтеріп, шешімін табуға тырысқан. Сөйтіп, халыққа 10 қадамнан тұратын саяси реформаның пакетін ұсынды. Мұндай саяси реформалар бір күнде немесе осы екі айда шешілген дүние емес. Кейбір реформалар бұрыннан қордаланған мәселеден туындады. Атап айтар болсақ, жаңадан үш облыстың бөлінуі. Ұзақ жылдар бойы зерттеліп, зерделенген дүние әрі халықтың пікірі есепке алынды. Ал реформаның кейбір қадамдары қоғамда орын алған сипатына қарай өзгеруі мүмкін. Мысалы, оған мәслихат сайлауын айтуға болады. Жуырда ғана мәслихат сайлауын пропорционалдық жүйе бойынша тізіммен сайлаймыз деген жаңа формаға көштік. Өйткені оның халық үшін ыңғайсыз екеніне көзіміз жетті. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтқандай, менің депутатым деген ұғым жоғалып барады. Сондықтан да ауыл, аудан және қалаларда толыққанды мажориталдық жүйе арқылы мәслихаттарды қайтып сайлайтын болады. Сол себепті ұзақмерзімді және қысқамерзімді реформалардың нәтижесі болды. Сонымен қатар өткен реформалардың кері байланысын қарап, ортаға сіңуіне байланысты жасалған реформалар да бар, – деді ол.