Жарылқа, жомарт Наурыз!
Жарылқа, жомарт Наурыз!
486
оқылды
Мереке қарсаңында сауда үйлерінде түрлі жеңіл­дік жасап, тұтынушыларды көптеп тар­тудың тәсіліне көшеді. Сырт көзге тауарды өт­­кізудің амалы болып көрінгенімен, бұл қа­дам­ның белгілі бір деңгейде халыққа ме­ре­ке­лік көңіл күй сыйлайтыны жасырын емес. Мейрам күндері ағайын-туысты, көрші-қолаңды аралайтын біздің қазаққа керегі – осы. Жеңілдіктері бар сауда дүкендерінен сыйлық алады. Дастарқанға керек-жарағын қамдайды. Шыны керек, жаңа жыл қарсаңында жеңілдіктер маусым 1 ай бұрын бас­талып, мерекеден кейінгі 2 аптаға жалғасады. Ал Ұлыстың ұлы күнінде мұндай алашапқын байқала қоймайды. Сонда да болса, коммерциялық ұйымдар соңғы жылдары Наурыз мей­рамының да мән-маңызын ес­керіп, мерекеге орай түрлі маркетинг қадамын жасап жатады. Мәселен, азық-түлік дүкендері желісі «Жо­март Наурыз» акциясын өткізеді. Акция аясында аталған дүкендер желісінен сауда жасаған тұты­ну­шылар арасында 555 қомақты ұтыс ойнатылмақ. Техникалық дүкендер де «Жеңілдіктер түні» сияқты арнаулы акциялар ұйымдастырып тұрады. Мұндай шараларға өзге сауда үйлері де қолдау білдіріп жатыр. Әсіресе, ұлттық киім-кешек, тағамдар ұсынатын кәсіпкерлер Наурыз қарсаңында түрлі маркетинг қадамы арқылы тұтынушылардың назарын аударуға тырысады. Бұл орайда халыққа тиімді жеңілдіктер жүйесін жолға қоя алғандар ғана көпшіліктің көңілінен шығып, на­рықтағы бәстен дараланбақ. Бұдан бөлек, халықтың төл мәдениетіне ден қоя алған сауда орындары бір оқпен екі қоян ата алады. Мар­ке­тологтер Наурыз сияқты ұлттық мей­рамдарда түрлі маркетинг қа­дамына бару кәсіпкерлерге мол та­быс әкелумен бірге халық арасында беделге ие болуға да ықпал ететінін айтады. – Жаңа жыл сияқты ауқымды сипатқа ие болмаса да, Наурыз ме­рекесі қарсаңында пайыздық же­ңіл­діктер, акциялар сипатындағы мар­кетинг шараларын ұйымдастыру тенденциясы қалыптасып келеді. Маркетинг қадамдары жаса­ла­тын мерзіміне байланысты әлемдік және географиялық шараларды қам­тиды. Яғни, бізді күллі әлем және елімізде ғана тойлайтын мере­келер бар. Мәселен, Наурыз біздің ұлттық мерекеміз. Демек, Ұлыстың ұлы күнінде маркетинг қадамына ба­ру арқылы компаниялар осы ме­рекені тойлайтындардың ауди­то­риясының сеніміне ие болады, – дейді M.S. Narikbaev atyndag`y KAZGUU Universiteti маркетинг және PR департаментінің директоры Абылай Алатаев. Маман пікірінше, аудиторияның төл ерекшелігін ескеріп жасалған маркетинг қадамдары әрқашан өзін-өзі ақтайды. Біріншіден, дәл осы әдіс арқылы мереке күндері сау­да орталықтарына қарай ағы­латын көпшілікті тұтынушылардың негізгі аудиториясына айналдыруға болады. Екіншіден, халықтың мен­талитетіне, ұлттық ерекшелігін ескеру арқылы тауар немесе қызмет ұсынушыны халыққа жақындата түседі. – Маркетинг саласында эмо­цио­налды маркетинг қадамы деген ұғым бар. Бұл жақсы әсер қалдырған компаниямен, қызмет көрсету­ші­мен жұмыс істеуге құштарлықты біл­діреді. Былтыр Наурыз мере­ке­сін­де Алматы қаласындағы қонақ­үйге түстім. Ә дегеннен қызмет­кер­лерінің ұлттық киім кигені, ал­ты­бақан тіккені көңілімнен шық­ты. Осылай-ақ әлгі қонақүй тұты­ну­шы ретінде мені баурап алды. Бұл мысал сәтті маркетинг қадамының нәти­жесін көрсетеді. Қазір Қазақстан нарығында шетелдік компаниялар көп. Сәйке­сінше, олар тек Жаңа жылда ғана жеңілдіктер жасамай, Наурыз қар­саңында да маркетинг қадамына барса, ол қадам өзін-өзі міндетті түрде ақтар еді. Мұнда ұлттық мей­рам деп тауар мен қызметтің санау­лы ғана түрімен шектеліп қалмаған дұрыс. Мейрам мен мейрам алдын­дағы қарбалас бизнестің 90 пайы­зына ықпал етеді, – дейді. Әз-Наурыз кезінде серпін ала­тын кәсіптің түріне ұлттық киімдер мен ас-су ұсынатындарды жатқы­зуға болады. Мерекеге орай ұйым­дастырылатын көпшілік іс-ша­ра­ларда ұлттық киіммен дараланғысы келетіндер киімнің дәл осы түрін ті­гетін шеберханалардың жұмысын жандандырады. Бұл күндері ою-өр­некпен әрленген киімдерді сата­тындар мен жалға беретін кәсіп ие­лерінің қолы жүреді. Сонымен қатар мәзірінде ұлттық тағамдар мен сусындар бар дәмханаларға да сұраныс артады. Мейрам күндерін­дегі маркетинг қадамдары ұлттық бренд­пен жұмыс істейтін кәсіп­кер­лердің екінші тынысын ашатыны даусыз. – Біздің компания Ұлыстың ұлы күніне орай міндетті түрде арнаулы же­ңілдіктер жасайды. Ұлттық дас­тарқанның басты атрибуты сана­ла­тын құрт пен түрлі тәттіні ұсынатын болған біздің өнімге сұраныс жо­ғары. Соған қарамастан тұтынушы­лардың ығына жығылып әрі мере­кенің ұлттық реңкін сезіну үшін же­ңілдіктер жасауға тура келді. Және көп жағдайда бұл қадам өзін-өзі толықтай ақтап жатады. Бас­ты­сы, көпшілік қазақтың ұлттың та­ғамдарын қолжетімді бағада сатып ала алады. Соның өзі оларға ерекше мерекелік көңіл күй сыйлады деп ойлаймын, – дейді АсылТас Hol­ding-нің директоры Рахман Омар. Расында, мереке қарсаңында маркетинг қадамдарын жасау әлем­дік нарықта өзін-өзі толығымен ақ­тайтын тәуекелге жатады. Мәсе­лен, соңғы жылдары біздің елдегі сауда орталықтары көптеп ұйым­дас­тыра бастаған «Қара жұма (Же­ңіл­діктер түні)» шарасы да жал­пы­халықтық сипатқа ие болғаны жа­сырын емес. Танымал шетелдік бренд­тердің өнімдерін қолжетімді ба­ғада сатып алғысы келетін қазақ­стандықтар да қараша айындағы «Қара жұманы» асыға күтеді. АҚШ-тан бастау алған бұл ак­цияның атауы жеңілдіктер жаса­ла­тын күн деген мағынаны береді. Сон­дықтан болса керек, америка­лықтар «Қара жұманы» қайы­рым­дылық күні ретінде қабылдайтын. Американың ұлттық сауда-саттық федерациясының мәліметінше, дәл осы күні дүкендерге асығатын­дар­дың саны 200 миллионнан асып жы­ғылады екен. Олар орта есеппен 400 долларға сауда жасайды. Со­нымен қатар елдегі сауда-саттықтың 20 пайызы «Қара жұма» мен Рож­дество кезінде жасалатын көрінеді. Негізінде, әлем елдерінің тәжі­рибесінде «Қара жұма» акциясын қараша айында ұйымдастыру дағ­дысы қалыптасқан. Ал бұл термин­нің танымалдылығын және тұты­нушыларды тартудағы құдіретін ескерген ресейлік кәсіпкерлер жыл он екі ай «Қара жұма» өткізіп жа­тады. Тек 2019 жылдың өзінде Ресей Федерациясында осы акцияда 22,3 миллиард рубльге сауда-саттық жүргізіліпті. Қалай десек те, мерекеге әркім­нің өз жоспары бар. Біреулер бұл күн­дері отбасы-ошақ қасында дема­лып, ағайын-туыспен қауышуға асықса, екіншілері мерекелік көңіл күйді табыс табудың тетігі ретінде қарастырады. Ал кәсіпкерлер мей­рам күндердегі табыстың кілті сәтті мар­кетинг қадамын жасаудың тиім­ділігін нарықты өзі көрсетіп отыр.