Ұлттық ойындарымыз ұлықталса игі
Ұлттық ойындарымыз ұлықталса игі
929
оқылды
Ұлттық спорт ойындарының басым бөлігі ұлттық мерекелерде ғана көрсетілер көрмеге айналып кеткелі қашан. Ұмытыла бастаған осы спорт түрлерін бүгінгі ұрпақтың бірі білсе, бірі біле бермейді. Бізде ұлттық ойындарды дамытуға құлшыныс бар, бірақ кедергі көп. Әсіресе, насихат жағы жетіспейді. Ал шетелдерде, керісінше ұлттық құндылықтардың насихатталуына ерекше көңіл бөлінеді. Қазақтың ұлттық ойындары Наурыз мерекесінде ғана ойналатын дәстүр түрінде ғана қалмай, жаппай халық арасына кең тараған ұлттық ойынға айналар күн қашан келер екен? Көпті осы мәселе алаңдатады. Этнограф-ғалым Жағда Бабалықұлының зерттеулеріне сүйенсек, халқымызда ұлттық ойынның 300-дей түрі болған екен. Бүгінде соның 20-дан астамы ғана халық есінде сақталған. Ұмытыла бастаған жамбы ату спорттық ойыны Ұлттық спорт қауымдастығының қолдауымен қайта жаңғырып жатқаны қуантады. Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры Рахат Жақсыбай жамбы атудан бөлек, кейінгі кезде теңге ілу спорттық ойынына да ерекше көңіл бөлінгенін айтады. – Теңге ілу – қазақтың дәстүрлі ұлттық ойындарының ішіндегі жас спорт түрі. Жақында ғана толыққанды спорт тізіміне қосылды. Әдетте, қандай да бір ойынның спорт аталуы үшін алдымен ойын түрі танылады. Кейін мемлекеттік ведомостқа, яғни Спорт және денешынықтыру комитетінен аккредиттелуден өтеді. Сосын спорт түрлерінің тізіліміне қосылады. Міне, осы процестердің барлығынан өтіп, теңге ілу толыққанды спорт қатарына енді. Теңге ілу – бұл ережесі бойынша аттың үстіндегі теңге ілуші белгіленген уақыт межесінде, белгіленген қашықтықта жерге қойылған бес түйіншекті ең көп алумен жеңімпазды анықтайтын ойын түрі. Биылғы жылдың тағы бір ерекшелігі – біз ережеге өзгеріс енгіздік. Іріктеу кезеңдерінде бес теңге, ал финалдық ойында жеті теңге қоямыз деп шештік. Басты мақсатымыз – теңге ілу ойынын бұрынғыдан да қызықты ету, шын теңге ілушілердің шеберлігін шыңдау, – дейді Р.Жақсыбай. Ол сонымен қатар «қазір қай ұлттық ойынымызды дамытуға болады?» деген сұраққа да жауап берді. – Біз арқан тартуды көбінде фестиваль, ойын-сауықтың бір элементі ретінде көреміз. Наурыз болсын, қандай да бір жиын-той болсын, «ал жігіттер келе қойыңдар» деп екі жаққа бес-бес жігіттен іріктеп алып, арқан тартыстырамыз. Қай тарапта ауырлау, салмақты келген жігіт болса, сол жақтың жеңімпаз болатынын да шамалап білуге болады. Мұны біз енді көбіне ойын деп қараймыз. Әлемнің 30-дан аса елінде арқан тарту спорт ретінде ұйымдастырылады, жарыстар, әсіресе Еуропа чемпионаты өтеді. Халықаралық деңгейге шығатын формада қарайтын болсақ, онда арқан тартуды жаңа бір спорт түріне айналдыруға болады, – дейді Ұлттық спорт қауымдастығының атқарушы директоры. Асық ату ойындары федерациясының президенті Ескендір Рахметов әңгімесін бір ғана асық ойынының адамға ойлау, есептеу, көзбен дәлдеу секілді бірнеше пайдалы жағы барынан бастады. – Қазіргі ұлттық ойынымыз асық ойынында кенже қалып қойған ойын түрлері көп. Бізде шеңбер, бес табан, топай, ботай ойындарының ережелері бекітілген. Аталған ойындардан Қазақстан чемпионаты ұйымдастырылады. Ал балабақшада немесе бастауыш сынып оқушыларының арасында немесе көбінесе Наурыз мерекесінде ғана ойнатылатын ханталапай қозғалмалы ойынға жатпайды. Бір жағынан уақыт шектеулі емес. Қозғалыс болмағаннан кейін ойын түрінде дамуы бәсеңдеп қалған. Дамымаудың тағы бір себебі – насихаты өте аз. Әрі бұл ойынды әр жерде әртүрлі ойнайды. Ханталапайдан басқа хан ату, шыр бар. Бірақ ойынның ережесі мен уақыты телевизиялық және халықаралық жарыстарға, Қазақстан чемпионатын өткізуге келіңкірмейді. Ханталапайда қол мен көздің реакциясынан басқа дамыту процестері жоқ. Бала жүгірмейді. Жарыс түрінде өткізу қиын. «Ханталапай» деп асықты шашқан кезде балалардың бір-бірімен бас түйістіріп алуы жиі кездеседі. Бетін, мұрнын да жарақаттап алуы мүмкін. Көп жағдайда қауіпсіздік ережелері сақталмайтын болған соң, ол ойынға сұраныс аз. Алдағы уақытта оларды дамытып, қазіргі заманға лайықтап, ықшамдап, ережелерін жаңалауға күш саламыз, – дейді Ескендір Рахметов. Біз жоғарыда атап өткен ұлттық спорттық ойындардың қай-қайсысының да еш жаттығы жоқ. Ат үстінде тұрып адырна тартып, жамбы ату, құйғытып келіп теңге ілу, қарсыласын қара күшке салып ат үстінен аударып тастау, мергендік сынға түсетін сақамен асық ату, балуандар белдесуі ұлттық ерекшелігімізді айғақтайтын басты құралымыз. Оны жандандырып, күнделікті оқу процесіне, дене тәрбиесі жаттығуларының қатарына қоссақ ұмытыла бастаған салт-дәстүрлеріміз қайта жаңғырар еді. Қорыта айтқанда, бабаларымыздан қалған асыл қазынаны дамытуға тиісті деңгейде көңіл бөлінген жөн. Сайып келгенде, ат спортын, асық ату ойындарын дамыту, жандандыру болашақ ұрпақ үшін де қажет. Өйткені онда жастарды ел мен жердің, ұлтымыздың бай тарихын, ұлттық салт-дәстүрімізді қадірлеуге баулитын тәрбиелік мән бар.