Мәжілісте Президент жолдауын жүзеге асыру мәселесі талқыланды
Мәжілісте Президент жолдауын жүзеге асыру мәселесі талқыланды
©hparlam.kz
219
оқылды

Бүгін Мәжіліс Спикері Ерлан Қошанов «Amanat», «Ақ жол», Қазақстан халық партиясы фракцияларының басшыларымен және Қазақстан халқы Ассамблеясы, «Жаңа Қазақстан» депутаттық тобының жетекшілерімен кеңес өткізді.

Отырысты ашқан Ерлан Қошанов барлық фракциялардың, депутаттық топтардың басшылары Мемлекет басшысының Жолдауында айтылған міндеттерді орындау жолында күш-жігерді жұмылдырып, оны халыққа дұрыс жеткізу керектігін айтты. Мәжіліс Төрағасының айтуынша, мәселелердің көп бөлігі тікелей заң шығару қызметіне қатысты болғандықтан, Үкіметпен іс-қимыл жасауды үйлестіріп, қысқа мерзім ішінде ауқымды саяси реформаларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету қажет. Сонымен қатар Палата Спикері Парламенттің функциялары мен өкілеттіктері айтарлықтай қайта қаралғанын атап өтіп, депутаттық корпусты қалыптастыру, Парламент палаталарының өзара іс-қимыл жасау тәртібі өзгертілетініне назар аударды. Осы жолда Мәжілістің бюджет қаражатының жұмсалуын бақылау саласындағы рөлі күшейтілмек. Жалпы алғанда, Ата заңның 30-дан астам бабына, 7 конституциялық және 15-тен астам заңға өзгерістер енгізу көзделіп отыр. – Еліміз жаһандық өзгеріс алдында тұр. Сондықтан осындай жауапты сәтте біз Мемлекет басшысы алға қойған міндеттерге барынша көңіл бөліп, оны кешенді түрде іске асыруға кірісуіміз керек, – деді Ерлан Қошанов.