Импорталмастыру: ресурс бар, ұқсату жоқ
Импорталмастыру: ресурс бар, ұқсату жоқ
© коллаж: Әсел Балтақызы
435
оқылды
Ресейдегі соңғы бір айдағы жағдай еліміз үшін импорталмастыру мәселесінің қаншалықты маңызды екенін аңғартып кетті. Өйткені экономикалық байланыстарды үзу геосаяси пәрмен үшін бір-екі аптаның шаруасы екеніне көзіміз жетті. Көршіміз отандық өндіріске бізден гөрі жауаптырақ қарағанымен, қиналып қалғаны рас. Ендеше шеттен келетін тауардың орнын алмастыратын отандық өндірісті шындап қолға алатын кез келді. Осы ретте Үкімет таяуда Импорталмастыру бағдарламасының жобасы дайын болғанын хабарлады. Бірақ бұл жолы да сан мен сома қуған құжат «кезекті ақша жеудің амалы емес пе?» деген күдік те сейілмей тұр.

13,3 трлн теңге – 444 жоба

Сонымен, 19 наурызда Үкімет ха­барлаған құны 13 трлн теңге бо­латын, 444 инвестжоба енгізілген, 88 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құру әлеуеті бар Импорталмастыру бағдарламасының жобасы мұндағы цифрлардың қомақтылығымен мен­мұндалайды. Нақты детальдары жа­рия етілмегенімен, жаңа жобаның бірден «айды аспанға шығаруға» ба­ғытталғаны аңғарылып тұр. Соны­мен, бұл құжат арқылы Смайловтың министрлер кабинеті отандық өн­діріске дем салып, ішкі нарықты аяқтан тұрғызбақ екен. Рrimeminister.kz сайты таратқан мәліметке қарасақ, бұл «Жаңа Қазақстанның» Үкіметіне оңайға түспесі анық. «Статистикаға сәйкес, өткен жылғы қорытынды деректер бо­йынша Қазақстанға $38,3 млрд со­масына өңдеу өнеркәсібінің өнімдері импортталған. Машина жасау ($16,4 млрд), химия өнеркәсібі ($3,2 млрд), қара металлургия ($2,4 млрд), жеңіл өнеркәсіп ($2,2 млрд), құрылыс ма­те­риалдарын ($1,4 млрд), түсті метал­лур­гия ($679 млн) өнімдері көп көлемде жеткізіледі. Президент Қа­сым-Жомарт Тоқаевтың тапсыр­масын орындау мақсатында ҚР мем­лекеттік органдары отандық өңдеу өнеркәсібіне терең талдау жүргізді, соның нәтижесінде оның елеулі әлеуеті анықталып, салалар бойынша бәсекелестік артықшылықтары, сон­дай-ақ өнеркәсіпті одан әрі да­мытудың әлеуетті салалары айқын­далды», – делінген хабарламада.

Қауіпсіздікке қауіпті тенденция

Импорталмастыру өз сипатында азық-түлік қауіпсіздігінің, тіпті шы­нын айтқанда ұлттық қауіп­сіз­діктің факторы ретіндегі аса зор мәнге ие. Бүгінде Қазақстанға тауардың көп­шілігі, әсіресе ТМД елдерінен экс­порт­талады. Нақтырақ айтқанда, Ре­сейден көп тауар келеді. Солтүс­тіктегі көршіміздің мұндағы үлесі, мәселен биылғы қаңтар айында 39,2% болды. Сонымен қатар Қытай мен Еуроодақ елдерінен келетін им­порттың да жоғары көлемі байқалып отыр. Олар осы аталған мерзімде ата­лу ретіне қарай 23,5% және 11,6%-ды құрады. Мұның соңы өзі­міздегі отандық өндірістің тауарға сұранысты қамтамасыз ете ал­ма­уынан (ішкі фактор) және дамыған экономикалардағы инфляциялық процестер салдарынан (сыртқы фактор) баға қымбатшылығына әкеліп отыр. Шынын айтқанда, Қа­зақстан дәл қазір ішкі тұтыну нары­ғын шетелдік импорт көлемін өсіру арқылы ғана қанағаттандыра алып, тығырыққа тіреліп тұр. «Бұл жерде назар аудартатыны, негізгі азық-түлік өнімдері импор­тының үлесі тым артып барады. Бұл ел экономикасының қауіпсіздігіне қауіпті тенденция. Мәселен, биылғы қаңтар айында импорттық көрсет­кіш бойынша өңделген және кон­сер­віленген көкөніс 81,8%, сүт өнім­дері 15,6%, қатты түрдегі сүт 80,2%, сары май 32,1%, ірімшік пен сүзбе 46,3%, сүт және қою қатық 64%, қант 64,2%, макарондар және оған ұқсас ұн өнімдері 14,9%, шай және кофе 70,1%, ашытқы 50,1%-ды құрады. Сонымен қатар киімнің 99,7%-ы және аяқкиімнің 97,6%-ы өзге ел­дерден импортталады. Әйтсе де, елі­міз бірінші кезектегі қажет та­уарларды өндіруге жеткілікті шикізат базасына ие. Егер бұл жолы импор­талмастыруды дұрыстап жолға қояр болсақ, бұл негізгі азық-түлік өнім­деріне бағаны төмендетуге, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және ел ішіндегі бәсекелестікті арт­тыруға мүмкіндік берер еді. Ол үшін бірінші кезекте қажетті тауарлар импортына тәуелділікті барынша шектеп, инвесторларға арнап, әсі­ресе агрокешен мен өңдеуші өнер­кәсіпке қолайлы ахуал тудыру қа­жет», – дейді AERC жетеуші анали­тигі Әсел Майданова.

Сомасы қомақты, өзі шикі болмаса игі

Мамандардың айтуынша, еліміз бұл проблеманы енді аңғарып, кеш дабыл қағып отыр. Өйткені қазір кейбір тауарлар ішкі нарықта тап­шылық тудырып келмей қалып жат­са, енді бірі біз оларды доллармен са­тып алатындықтан, қымбатқа тү­се­ді. Бұл біздің экономикадағы баға мен инфляцияның өсуіне әсер етері анық. Ал таяқтың екінші ұшы – ха­лықтың аз табысы одан сайын азая тү­суде. Бұл – өте терең дағдарысқа алып келу қаупі бар жайт. «Экономика үшін басым секторлар: ауыл шаруашылығы, өң­деу өнеркәсібі, машина жасау және құрылыс салалары десек, Үкімет жа­ңа бағдарламасында осындай ба­сым төрт бағытты анықтап, сол тұр­ғыда жұмыс жасағаны тиімді деп есеп­теймін. Ең алдымен, бізге сырт­тан келетін импорттық тауарлардың тізімін анықтап, олардың ішінде пайыздық үлесі бойынша қандай тауар бойынша еліміздің сыртқы нарыққа тәуелділігі өте жоғары екені пысықталуы керек. Міне, соларды бірте-бірте ішкі нарыққа локали­за­ция жасаған дұрыс деп санаймын. Яғни, 444 жобаның қандай екені  ашық жария етілмей отыр. Сондық­тан да бізге бұл бағдарлама әлі де болса шикі сияқты болып көрінеді. Өйткені осыншама көп қаржы мен жүздеген жобаны бір мезгілде игере аламыз ба деген күдік те басым. Яғни, мұндағы айтпағым, бағдар­ла­мада көрсетілген 444 инвест жоба­ның саны маңызды емес. Оның нақ­ты мақсаты – елімізде ұзақ мер­зімге түп­кілікті орнығып қалатындай болуы тиіс», – дейді экономист Оразбек Мырзақұл. Оразбек Мырзақұлдың сөзін келесі бір экономист сарапшы маман Рүстем Жансейітов те қолдайды. Оның пікірінше, бұл проблемаға тап болуымыздың бірнеше себебі бар. «Біріншіден, мемлекет тара­пы­нан импорталмастыру мәселесіне атүсті, жүрдім-бардым, тиіп-қаша қарау басым болды. Оның үстіне, менеджер тұлғалар әлсіз. Ал оли­гархтарға импорталмастыруға ұзақ уақыт пен мол қаржы жұмсағаннан гөрі дайын импортты әкеліп делдал болып, оңай ақша тапқан тиімді болды. Сондық­тан да импортал­мас­тыру жұмыстары бізде «қыруар ша­руа атқарылып жат­қан» сыңайдағы көрнекілік си­патқа ғана ие болып қалды. За­уыттардың ашылуы көрсе­тілгенімен, олар ың-шыңсыз ғана жабылып қалып жатты. Бұл жолы да бұрынғы әдіс-тәсіл мен сол баяғы жобалардың басы-қасында болған адамдардан басқа ештеңе көріп тұрған жоқпын. Сондықтан да еш­те­ңе өзгермейді. Ақшаны шашып, бел­гілі бір үлесін өзара бөліп ала­ды да, сонымен ты­нады», – дейді эко­но­мист-сарапшы Рүстем Жансейітов.

Тұтынушылық модель – әлжуаз экономика

Бүгінде Қазақстан экономикасы үшін өзін-өзі қамтамасыз ету деген қағида өте қажет. Біз 90-жылдардағы материалдық өндірістен айырылып қалып, қазір тек қана тұтыну моде­ліне ауысып кеткен елміз. Соның кесірінен импорттаушы ел атанып, экономикамыз әлжуаз болып қалды. Оның бірден-бір көрсеткіші – екі жылдың ішінде Ресейден келетін импорт 27%-дан 40%-ға өсіп кеткені. Соның салдарынан Ресейдегі болып жатқан жағдайлар, яки санкциялар мен экономикалық дағдарыс бізге сыртқы фактор ретінде қатты әсер етіп отыр. Оның бірден-бір көрінісі – теңгеміздің 27%-ға құлдырап кет­ке­ні. Мұндай құнсыздану іргелес Өз­бек­станда да, Қырғыз елінде де бай­қалған жоқ. Себебі олар азық-түлік­пен өздерін өздері қамтамасыз етіп отыр. «Бізде бір әттегенайы, Үкімет деңгейінде құрылған жедел штаб экономикадағы теріс көріністерді алдын ала болжап алудың орнына олардың әсерін жоюмен ғана айна­лысып келеді. Ал бізге болып жатқан жағдайлардың салдарымен емес, себебімен күресу қажет. Сондықтан да бүгінде Үкімет міндетті түрде стра­тегиялық құжаттар қабылдап, елдің табыстылығын арттыру үшін мін­детті түрде үлкен бизнес пен орта бизнестің кооперациясын қолға алуы тиіс. Осы арқылы бірінші ке­зекте жұмыспен қамту пробле­ма­ларын шешуге мүмкіндік бар. Мә­селен, дүниежүзілік тәжірибе бо­йын­ша экономиканың тұрақты да­муы екі фактордан тұрады: алғаш­қысы, шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 50% болуы керек және соңғысы жұмыспен қам­тудың үлесі де 50% болуы керек. Яғни, біздегі 8,7 млн белсенді ха­лықтың 5-6 миллионын шағын және орта бизнестің үлкен бизнеспен кооперация жасауы негізінде жұ­мыспен қамтуға болады. Осылайша, мұндағы жалпы ішкі өнімдегі үлесті жоқ дегенде 40-45%-ға жеткізсек, сонда ғана барып, біз тұрақты даму рельсіне міне аламыз. Импорт ал­мас­тыруға да қол жеткізе аламыз. Осы мәселелерді едәуір шешкеннен кейін барып инновациялық алаңды құруға, технологиялық үрдіспен айналысуға болады. Өйткені бұл жерде бәсекеге қабілетті болу үшін шағын және орта бизнестің техно­логия мен инновацияға деген өзіндік мүддесі пайда болады», – дейді экономика ғылымының докторы Бауыржан Исабеков. Еуразия ұлттық университеті профессорының айтуынша, бізге экспортқа қарағанда импортал­мастыру мәселесінде қиналатындай себеп болмауы тиіс. Өйткені ішкі нарығымыз үлкен емес, халқымыз 19 ғана миллион, осы халықты бірінші кезекте қажетті төл өнімдерімізбен қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз то­лықтай жетеді. Себебі біздің шикі­заттық өнімдерімізге сұраныс бар. Мұнайды өндіріп қана қоймай, бі­рінші кезекте оның өндірісіне қа­жетті құрылғыларды, тауарларды, қызметтерді стратегиялық негізде 20-30 жылға келісімшартқа отырып, өзімізде жасар болсақ, осының өзі бұл секторға едәуір қозғау болмақ. Қалай болғанда да, біз ішкі фактор мен сыртқы фактордың тиімді қаты­насына міндетті түрде қол жеткізуі­міз керек. Әйтпесе, қазақстандық импорталмастыру дегеніміз ресурс бар, ұқсату жоқ олақ сектор болып қалып отыр.