Бензин бағасы қайда «бет алды»?
Бензин бағасы қайда «бет алды»?
© коллаж: Елдар Қаба
405
оқылды
Бензин бағасы арзандамайды. Қазақстанда бензин мен дизель отынын көтерме саудада өткізуге акциз мөлшерлемесі көтерілсе де, көрсеткіш төмендемейді. Энергетика министрі Болат Ақшолақовтың мәлімдемесі осындай. Ал енді арзанда­маса, қымбаттауы мүмкін бе? Мұнай бағасының құбылуы бен­зинге қалай әсер етеді? Қаңтардың 6-сында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың шешімімен жанар-жағармай бағасын көтеруге ма­раторий жарияланды. Президент сол кезде қалың бұқараның талабына орай Үкіметті жедел отставкаға жіберіп, ат­қа­рушы билікке газдан бөлек жанар-жағар­май бағасын реттеуді тапсырды. Нәти­жесінде Энергетика министрлігі жыл басында мұнай өнімдерін бөлшек саудада өткізудің 180 күнге арналған шекті баға­сын бекітті: Аи-92 маркілі жанармайдың бір литрі үшін – 182, Аи-95 маркілі жа­нар­майдың бір литр үшін – 215. Дегенмен бұл талап қаншалықты орындалып жа­тыр? Осыған байланысты кәсіпкерлік субъектілер мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін өндіру және бөлшек саудада сату саласындағы заңнама талаптарын сақта­уы және жанар-жағармайды белгіленген шектен асыра бағалауға жол бермеуі тиіс. Ал бөлшек саудада сұйық отынды шекті бағасынан асырып сататындар үшін әкім­шілік жаза қарастырылған. Оны қа­дағалауға Ұлттық экономика министр­лігінің Табиғи монополияны реттеу жөніндегі комитеті жауапты. Осы орайда жанармай бекеттеріндегі бағаларды бағамдап көрдік. Алматыда АИ-92 Petrol Asia жанармай бекетінде 169 теңге, ал Royal Petrol 182, Qazaq Oil 180, Compass 180 теңгеден сатуда. Ал АИ-95-ты Petrol Asia 199, Royal Petrol 215 Qazaq Oil 215, Compass 215. Елор­да­дағы Qazaqoil жанармай бе­кетінде АИ-92 – 180, АИ-95 литрі 213 тең­геден сау­да­ла­нып жатыр. Шым­кент­тегі Evro­Oil жа­нармай бекетінде АИ-92 бағасы 170 тең­ге, АИ-95 198 теңгеден болса, Қаз­Мұ­найГаз бойынша бағалар АИ -92 – 176, АИ-95 литрі 206 теңгеден болып тұр. Бағаның бақылауда болғаны көлік тізгіндегендерге жаққанмен жанар-жа­ғармай бекеттерінің иелеріне ауыртпалық салып отыр. Себебі баға жекелей саты­латын бензинге ғана төмендеді. Ал бен­зиннің көтерме бағасы төмендеген жоқ. Салдарынан елдегі жанармай құю стан­салары шығынға ұшырауы мүмкін. Мұны «Эталон Регион» серіктестігінің ди­ректоры Мәден Жұмағұлов та растап, бү­гіннің өзінде бірқатар компания бан­кроттықтың аз-ақ алдында тұр дейді. «Қаңтар айында біздің компаниямыз 70-80 млн теңге көлемінде шығындалды. Біз үшін 180 күн банкротқа ұшыраумен тең. Мұнай өңдеу зауыттары орналасқан Атырау, Шымкент пен Павлодар қала­ларында АИ-92-нің литрі 182 теңгеден сатылуда. Дәл осы шаһарлардан мыңда­ған шақырым жерде орналасқан Петро­павлда да бензин құны – 182 теңге. Яғни, АИ-92-нің логистикасы мүлдем есепке алынбаған. Іскер жандар Петропавлға мұ­най өңдеу зауыттарынан бензин жет­кізгенде әр тоннасы үшін 27 мың төлейді екен. Бүгінде бұл қаражат бизнес­мен­дер­дің өз қалталарынан шығып жатыр», – дейді М.Жұмағұлов. Елімізде жанар-жағармайдың көтер­ме саудадағы бағасы қымбаттауы мүмкін. Елдегі бензин (авиациялық бензинді қос­пағанда), дизель отыны, газохол, бен­занол мен мұнай еріткіші, жеңіл көмір­сулар қоспасы және экологиялық отын­ның көтерме саудадағы акциздік мөл­шер­лемесін ұлғайту туралы қаулыға өз­геріс енгізілмек. Отын құнын асқақ­татпауға мораторий жарияланғанмен долларды тізгіндеу мүмкін емес. Алғашқы айларда-ақ төл валютамыз төмендеп кетті. Еліміздің импортқа тәуелді екенін ескерсек, бензин өзімізде шығарылса да, оны жабдықтау, қызмет көрсету шетелдік валютаға тәуелді. Иә, бізде бензин шы­ғарылады. АҚШ валютасы қымбаттаған сайын оның өзіндік құны да өсіп жатыр. Сондықтан мұнай өнімін бір бағада ұстап тұру мүмкін болмайды. Ал енді арзандамаса, қымбаттай ма? Себебі бұған дейін Еуразиялық эконо­микалық одақ аясында мұнай өнімдерінің бағасын 2025 жылға қарай теңестіру мақ­сатында ішкі нарықтағы баға қымбат­тайтыны айтылған болатын. Бұл – Қазақ­станда сатылатын бензин бағасы Ресейде сатылатын бензин бағасымен теңеседі деген сөз. Дегенмен салық жағынан қа­расақ, Ресей Федерациясына қарағанда едәуір айырмашылығымыз бар. Акциз жағынан, жалпы салық жағынан да со­лай. Егер әр ел өз салығын қосатын бол­са, әрине бағада біраз айырмашылық болады. Егер де ЕАЭО аясында жанар-жа­ғармайдың біртұтас нарығына жетуіміз керек десек, түбінде бензин бағасы ша­рықтайтынын көрсетеді. Бірақ «қазіргі геосаяси жағдайларға байланысты ке­дендік одаққа кірудің қажеті бар ма?» де­ген сұрақ туындайды деп отыр Мұнай сер­вистік компаниялар одағының төра­ғасы Рашид Жақсылықов. «Ресейде, Өзбекстанда, Қырғыз Рес­публикасында бензин қымбат, бізде ба­ғасы арзан болғандықтан елімізде бензин тапшылығы туындап жатты. Себебі біздің арзан жанармайымызды сатып алып отырды. Сондықтан осы бір келеңсіздікті жою үшін Экономикалық одақ аймағында 2024-2025 жылға дейін бір бағаны ұстау келісімі болған. Одан бас тартсақ, сыртқы факторлар жанармай бағасының өсіміне әсер етпейді», – деді маман. Ол мәселе алдағы күннің еншісінде. Қазіргі өзекті мәселенің бірі – мұнайдың қымбаттауы. Атап айтқанда, Brent мар­калы мұнай бағасы барреліне 120 дол­лардан асты. Бұл бензин бағасына қан­шалықты әсер етеді? «Мұнайдың дүниежүзілік нарықтағы бағасы біздегі бензин бағасына әсері жоқ. Өйткені бізде шикі мұнайдың ішкі тұты­нушылыққа берілетін бағасы бекітіліп қойған. 600 доллар мен 25 доллардың арасы. Сондықтан әсер етпеуі тиіс. Жа­нармай бағасының құралуында мұнай бағасы бізде 30 пайыздан аспайды. Ал әлем елдерінде өндіретін мұнайдың баға­сы жанармай бағасының құралуына 70 пайыз ықпал етеді. Сондықтан оларда мұнай бағасының құбылуына қатты әсері бар. Қазір Ресейдің мұнайы өтпей жатыр. Оларда мұнай өңдеп, жанармай шыға­ратын зауыттары өте көп. Өнімі арзан бағада елімізге келеді. Ондайда отандық жанар-жағармай бағасы көтерілуі мүмкін емес», – дейді маман. Сонымен, бензин бағасының қым­баттауына сарапшы негіз жоқ десе де, 2021 жылғы сәуір айының соңындағы жағдай бойынша өндірістік қуаттарды ұлғайтуға бағытталған айналым қара­жатының 40 пайызы банк және банктік емес секторлардың қарыздарынан тұрды. Демек, кәсіпорындардың алған несиесі бензиннің өзіндік құнында міндетті түрде ескеріледі. Бұл біздің нарықты кез келген жергілікті және сыртқы факторларға жы­ғып беруі мүмкін. Бұл жағдайда кредиттік жүктеменің бензиннің өзіндік құнына қатысты әсерін азайту мәселесі алға шығады. Бұл ретте отандық мұнай өңдеу зауыттары сыртқы нарықтарға отын өткізу географиясын кеңейту арқылы капиталды ұлғайту маңызды. Бұл мақ­сатта Еуразиялық экономикалық одақ­тың бірыңғай кеңістігі бірден-бір жол болса, алдағы екі-үш жылда еліміздегі бен­зин бағасының жоғары бағыт ала­тынын жоққа шығара алмаймыз. Алайда ол бензин бағасының қымбат­тауына әкеп соқтырады. Ал енді бензин бағасының өсуі азық-түліктің құнына кері әсер етеді. Нәтижесінде елде баға тұрақсыздығы белең алуы мүмкін. Кез келген энергия тасымалдаушы бағасының көтерілуі барлық тауардың қымбаттауына әкеледі. Оған жанармай, мұнай, электр энергиясы жатады. Себебі кәсіп иесі өзіне шығын келмеу үшін тауар бағасын көтеруге мәжбүр. Қандай тауар айналымы болмасын, барлығы логистикамен тікелей байланысты. Бензин әлеуметтік маңызы жоғары өнім болғандықтан бағасы басқа тауарлардың құнына бірден әсер етеді. Яғни, бағаның өсуі халықтың тұтыну қабілетінің төмендеуіне алып келеді. Қорытындысында мемлекет қа­зы­насына түсер қаржыны көбейтумен бірге халықтың әлеуметтік төлем қабі­летін арттыру да қатар жүруі тиіс.