Еліне Елтаңба сыйлаған...
Еліне Елтаңба сыйлаған...
1,043
оқылды
Қазақстанның мемлекеттік рәміздері егемендік алған сәтте бірден пайда бола кеткен жоқ. Кеңестің атрибуттарынан арылып, тәуелсіз елдің нышандарын жасау үшін терең білімнен басқа, сергек сана мен сезімтал түйсік керек. Одан бөлек, қазақ халқының тарихы мен мәдениетін ашып көрсете алатын ұлттық ерекшеліктерді сомдау оңай шаруа емес. Міне, осы талаптардың үдесінен шығып, елдіктің нышанына айналған мемлекеттік рәміздердің бекітілгеніне биыл 30 жыл, ал Елтаңбаның авторы Жандарбек Мәлібеков 80 жасқа толып отыр. Наурыз мерекесі қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев сәулетшіні құттықтап, I дәрежелі «Барыс» орденімен марапаттады.

Қырық жылдан соң елге оралды

Мемлекеттік Елтаңбаның ав­торы Жандарбек Мәлібеков Қы­зылорда облысының алыстағы Ек­пінді ауылында 1942 жылдың 24 наурызында теміржолшы отбасында дүние есігін ашты. Болашақ сәулет­шінің балалық шағы Екінші дүние­жүзілік соғысқа тұспа-тұс келді. Ерте жасынан анасынан айырылып, жалғыз әкесінің қамқорлығында қалған бала Жандарбек 1949 жылы ауылындағы ескі «шпал мектептің» табалдырығын аттады. Бірақ тозығы жеткен оқу үйінің бұзылуына бай­ланысты 4 сыныпта №166 жеті жыл­­дық мектепке ауысады. Бұл білім ошағында Ресейдің эвакуа­цияланған аймақтарынан келген жетім балалар көп оқитын. Жеті жылдық мектепті 1956 жылы бітіріп, оқуын одан әрі жалғастыру үшін аудан орталығы Жаңақорғанға ауыс­ты. Ауылдан ұзап шығып көр­меген жеткіншектің өмір жолын­дағы алғашқы сапары осылай бас­талып еді. Аудан орталығында темір­жол­шы, малшы, сауыншы қауымы­ның балаларына арналып ашылған ин­тернатқа қабылданады. Мұнда 9 сыныпта оқып жүргенде Сыр өзені тасып, Жаңақорған мен Төменарық стансалары арасындағы Жайылма, Бөрітескен разъездерін су шайып кетеді. Сол себепті Ж.Мәлібековтің 9-10 сыныптарды Төменарық ауы­лындағы білім ошағынан оқуына тура келді. Мектеп бітірген 1959 жылы Таш­кентке оқуға аттанды. Пойызда жолшыбай өзі сияқты өнер-білім қуған бір топ қыз-жігітпен таныса­ды. Сапар барысында жастар әңгіме дүкен құрып, жақын араласып-құ­раласып кетеді. Бейтаныс шаһарға жеткенімен, мұнда оны күтіп тұрған ағасы жоқ екені о бастан белгілі. Сондықтан ол жаңа таныстарына ілесіп бір өзбектің үйіне келіп тү­седі. Сапарлас серігінің ағасына өзі­нің Сурет училищесіне түскісі ке­летінін айтады. Өйткені кейіп­керіміздің жастайынан сурет сала­тын қабілеті зор еді. Екеуі оқу орнына келсе емтихан бітіп, жатақханалардың бөлмелері беріліп қойылған екен. Енді не істерін білмей аңтарылып тұрғанда әлгі жігіт «егер оқуға түскің келсе, біздің политехникалық институтта құрылыс-сәулет факультеті бар, құжатыңды тапсыр», – дейді. Сөй­тіп Жандарбек Мәлібеков Ташкент политехникалық институтына қа­былданды. Соғыс аяқталғанына біршама өткенімен, халық шаруашылығы әлі түзеліп кете қоймаған ол замандарда білім алу оңай болмаған. Себебі сол кездің заңы бойынша студенттер күндіз құрылыс алаңдарында жұмыс істеп, тек кешкі жетіден кейін ғана институт партасына отырған. Еңбек пен оқуды қатар ұштастыра жүріп, оқуын да аяқтайды. Диплом алған­нан соң Алматыға бірден қайтып кетпек болған. Бірақ өзбек билігі оқудан кейін үш жыл сонда жұмыс істеуді шарт етіп қояды. Кейіп­ке­ріміз дәл сол сәтте табандатқан 40 жыл бойы Өзбекстанда тұрақтап қаламын деп ойламаса керек. Осы жылдар ішінде Ж.Мәлі­бе­ков талай қызметті абыройлы атқа­рып, жетістік биіктерінен көрінді. Өзбекстанның Ташкент, Наманган, Нүкіс секілді қалаларының сәулет тұрғысынан дамуына көп үлес қо­сып, өз қолтаңбасын қалдырды. Бұл еңбектері елеусіз қалмады, Өзбек­станның Еңбек сіңірген сәулетшісі атанды.

Елтаңба елдің арманын айшықтайды

Қазақстан тәуелсіздік алған тұста, 1991 жылы Тұңғыш Президент Н.Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекеттік рәміздерге халық­ара­лық байқау жарияланады. Шет жер­де жүріп, туған елді әбден са­ғын­ған сәулетші өзінің басқа арман-мұраттарының бәрін ысырып тас­тап, егемен елдің Елтаңбасын сом­дауға кіріседі. Сөйтіп, 1992 жылдың 27 наурызында Жоғарғы Кеңестің бәйге материалдарын қабылдай­тын бөліміне бұл да өз жобасын тапсырады. Құзырлы комиссия Мемлекеттік Елтаңба байқауына түскен 293 жұмыстың ішінен 6-ауын іріктеп алады. Оның ішінде Ж.Мәлібе­ков­тің де еңбегі бар-тын. Әрине, жо­баны талқылау оңай болған жоқ, таңертеңнен басталған талқылау тек кешке ғана шешім тапты. Елтаңба­ның тең авторы Шот-Аман Уәли­ханов екеуі жобаның бастапқы нұс­қасына біршама өзгертулер де енгізді, бірақ Елтаңбаның өзіндік идея­сы сақталып қалды. Ақыр со­ңында комиссия мүшелері академик Салық Зимановтың, Сұлтан Сар­таев­тың, жазушы Әбіш Кекілбаев­тың қолдауымен Ж.Мәлібеков жо­басы таңдап алынады. Сөйтіп, 1992 жылы 4 маусымда Жоғарғы Кеңес депутаттары 237 дауыспен Елтаң­баның жобасын қабылдады (Мем­лекеттік Ту да, Әнұран да сол кезде қабылданған еді – авт.). «Бұл сәттегі қуанышымды сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Менің жетекшілігіммен жасалған нұсқа қабылданды. Енді көп ұзамай Қазақстан азаматтығын аламын. Осында түбегейлі көшіп келіп, қалған өмірімді алаңсыз өз еліме арнаймын деген ой келді», – дейді Елтаңба авторы. Елтаңбада талай ұрпаққа кие қара шаңырақ, яки отау үй, ел мен жерді қорғаушы ерге қанат болған тұлпар, тосылғанда жол көрсеткен темірқазық жұлдыз бейнеленген. Қазақы үй – Ұлы даланың рәмізіне айналған сәулет туындысы. Киіз үйдің әр бөлігі ұлт дүниетанымын құрап отыр. Ал қарашаңырақ – әлемдік құндылық пен үйлесімге қосқан қазақтың үлесі. Ол туралы сәулетшінің өзі былай дейді: – Елтаңба идеясының алтын тұғыры – шаңырақ. Неге десеңіз, киiз үй осыдан 2500 жыл бұрын пайда болды. Сол заманнан Ұлы дала елінде өмір кешкен түркі ха­лықтары өзiнiң тұрмыс-тiршiлiгiн, салт-санасын осы үймен байланыс­тыра өмір сүрді. Киiз үй – қазақ үшiн баспана ғана емес, үлкен фи­лософиялық нысан, терең дүниета­нымдық көрсеткiш. Оның iшкi құ­рылысы, сыртқы көрiнiсi, пропор­ция­сы, оны кеңiстiкке орналастыру әдiсi – терең философияның жемiсi. Бұл тұрғыда киiз үй – шын мәнiнде әлi де толық зерттелмей келе жатқан тақырып. Мысалы, оның кейбiр өлшемдерi жұлдызнамаларға сәй­кестендiрiп жасалған деген мағлұмат бар. Тiптi, үйдiң орналастырылуы күннiң шығысы мен батысын ай­қындап, кiсiге бағыт көрсететiндей тәртiппен жасалады. Расында киіз үй баспана ғана емес, бүкiл қазақ халқының болмыс-бiтiмiн, салт-санасын, дәстүр-дағдысын көрсе­тетiн фактор. Қазақтың «шаңырағың биiк болсын, керегең кең болсын, босағаң берiк болсын» деп тiлек айтатыны – соның белгiсi, – деп ашыла сөйледі Ж.Мәлібеков. Сөйтіп, 6 маусым күні Абай атын­дағы Опера және балет теат­рында мемлекеттік рәміздердің тұ­саукесері өткізіліп, Ж.Мәлібековке ресми түрде «Қазақстан Респуб­ликасының Мемлекеттік Елтаң­басының авторы» деген Президент­тің қолы қойылған «Биік мәртебелі куәлік» табысталды. – Мен Алланың бұйырумен, Елбасының қолдауымен ел тари­хындағы ең маңызды шара – мем­лекеттік рәмізді даярлауға қа­тыстым. Мемлекеттік белгі немесе таңба – елдің арманы, ойы, фило­софиясы, тұжырымдамасы, қағи­даты. Сондықтан Елтаңбаның бір­ден-бір авторымын дей алмаймын. Оның иесі де, киесі де – халық. Оның демеушісі де, дем берушісі де – халық. Мен – сол халықтың бір баласымын. Ел мүддесін айқын­дайтын бейнелерді санамда жаң­ғыртқан Жаратқанға мың алғыс! – деп әңгімесін тыянақтады Жандар­бек Мәлібеков. Кейіннен, 2019 жылы кирил­лица әліпбиін латын графикасы­на ауыстыру бойынша Елтаңба­­дағы «ҚАЗАҚСТАН» жазуы QAZAQSTAN-ға өзгертілді, қаріптің жаңа стандарты бекітілді. Ол қаріптің геральдика, көркемдік және қазақы нақыш бойынша рәміздің ажырамас бөлшегіне айналды. Елтаңба стандартының өзгеруіне байланысты ҚР Прези­дентінің штандартының стандарты да қайта әзірленді. Автор осынау тарихи рәміздің стандарттық үлгісінің жасалу негіздерін, жүйесін баяндайтын «Қазақстан Елтаңбасы» кітабын үш тілде жарыққа шығарды.

Замандастар лебізі

Сәулетшіні замандастары да құрметтейді. Заң ғылымдарының докторы, профессор, Бақытжан Әбдірайымов сәулетшінің ерекше бір қасиетін бағалайтынын айтқаны бар. Жандарбек Мәлібеков – еңбегін бұлдамайтын жан. «Жандарбек ағамыз – ерекше азамат. Батыр атамыз Бауыржан Мо­мышұлының «Жұртым деп жұ­мылып, елім деп езіліп қызмет жа­са» деген сөзі осы кісінің өмірлік принципіне айналғандай. Себебі Жәкең – өте қарапайым адам, өзі­нің істеп жатқан жұмысын ешкімге насихаттамайды, еңбегін бұлда­май­ды. Ешқашан өзін өзгеден жоғары ұстамайды. Мүмкін осынша атақ­тар­ды алуының да бір себебі сол қарапайымдылығынан шығар. Мемлекетке мұншама еңбек сіңір­ген, Елтаңба арқылы елдік ныша­нымызды қалыптастырған Жан­дарбек Мәлібекұлы қай марапатқа болсын лайық. Тағы бір атап өтерлік жайт, Қазақстан тәуелсіздік алғалы елге 1 миллионнан астам қандас­та­рымыз оралса, солардың ішінде бұл ағамыздың алар орны ерекше», – деген еді Б.Әбдірайымов. Ал ғалым Өмірзақ Озғанбайұлы қоғамның кейде көз алдарында жүрген тұлға­ның қадір-қасиетін байқай бер­мейтінін айтқаны бар. «Біз кейде жанымыздағы тарихи тұлғаларға көңіл аудармаймыз, күн­де көріп жүрген қатардағы адамның бірі деп санаймыз. Шын мәнінде, біздің жанымызда керемет тұлғалар жүр, соның бірі – Жандарбек Мә­лібекұлы. Бұл кісі қазақ халқы үшін аса құнды, қымбатты Елтаңбаны жасап шығарды. Бұл Жәкең үшін де, қазақ халқы үшін де үлкен бақыт деп есептеймін. Осы ерен еңбегі үшін республикалық ардагерлер ұйымы ол кісіні қоғамдық ұйымның арнайы медалімен марапаттады», – деген еді Өмірзақ Озғанбайұлы. Біздің пайымдауымызша сек­сеннің сеңгіріне шыққан сәулет­шінің еңбегін ел білсе керек. За­мандастарының да оған деген құрметі бөлек.

Әсем қалаларда да қолтаңбасы бар тұлға

Жандарбек Мәлібеков қырық жылға жуық Өзбекстан Республи­касы ғылыми-инженерлік қала құрылысын жобалау институтында сәулетші, бас сәулетші болып еңбек етті. Қазақстан және Өзбекстан Сәулетшілер одағының мүшесі, Өзбекстанның еңбек сіңірген сәу­летшісі. 1982 жылы Қарақал­пақ­стан­ның астанасы Нүкіс қаласының орталығын абаттандыруға байла­нысты Кеңес Одағы бойынша өт­кі­зілген байқауда бірінші орын алған. 1985-1990 жылдары Кеңес Одағы бойынша өткізілген бірнеше сәулет өнері байқауларының жеңімпазы. Самарқанд, Әндіжан, Ферғана, Таш­кент қалаларының орталық­та­рын безендіру мақсатында өткі­зіл­ген байқауда жеке авторлық еңбегі үшін І және ІІ дәрежелі сыйлыққа ие болған. Ташкенттегі метроны са­лу құрылысына қатысып, ІІ дәре­желі сыйлықтың иегері атанған. Ташкенттегі Қазақстанның төрт қабатты елшілік ғимаратының және Қырғыз Республикасы елшілігі ғи­маратының жобасын сызған. Таш­кентте Төле бидің басына орна­тыл­ған мешіт жобасын жасаған. Ал елор­даға көшіп келгеннен кейін оның сызбасы бойынша «Нұр Ас­тана» мешіті салынды. Сондай-ақ сәулетшінің жобасы бойынша «Алатау» спорт кешені, «Егемен Қазақстан» газетінің ғимараты, Еу­разия университетінің оқу корпусы, қаланың бірқатар шағынаудан­да­рындағы тұрғын үйлер бой көтерді. Қазір Қытайда, Батыс Еуропада бі­раз жобалары жүзеге асырып жа­тыр. Яғни, ол өзінің дарынды сәулет­ші екенін өмір бойы паш етіп келеді. Әрине, көпшілік сәулетшілердің еңбегін көбіне байқай бермейтіні бар. Жандарбек ағаны да халық тек Елтаңба авторы ретінде таниды. Бірақ әріден толғасақ Орталық Азиядағы ең әдемі шаһарлардың, беріден айтсақ елорданың сәуле­тін­де қолының таңбасы қалған тұлға. Сәулетші ретінде қала құрылысы­ның қазаққа таңсық бағыттарында да еңбек сіңіргені бар. Оған Ташкент метросы құрылысына қатысуы дәлел болса керек. Бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан сәулетшінің ең­бегін елі бағалап келеді. Ол ел да­муына сіңірген еңбегі үшін «Құрмет» орденімен, «I дәрежелі «Барыс» ор­де­німен, «Тәуелсіздікке 10 жыл» медалімен марапатталды. Қазір ол Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің профессоры, ақ­сақалдар алқасының мүшесі. Ақ­сақал үшін бұдан асқан бақыт жоқ шығар, сірә.