Бір қора қойды ит қырып кетті
Бір қора қойды ит қырып кетті
637
оқылды
Ашыққан иттердің үй жануарларына шабуылы елдің әр өңірінде тіркеле бастады. Мысалы, Павлодар облысында қораға түскен бір топ ит соның ішіндегі қойларды қырып тастаған. Облыстағы Ақсу қаласының полициясына Айнакөл аулының Көктас бөлімінде бірнеше ит 3 қой мен 9 қозыны жарып кетті деген хабарлама түсті. Бұл ретте тамақ іздеген иттер қой қорасының ауыл тұрғыны үйінің аумағында тұрғанына да қарамаған, қаймықпаған. Оның ішіне түнгі сағат 3-4 аралығында еніп кетіп, үй жануарларын аяусыз қырған. Ертесіне мал иесінен түскен хабар бойынша оқиға орнына тәртіп сақшылары жетеді. Зардап шегушіге 400 мың теңге көлемінде залал келтірілді. Бұл ретте ол иттердің бәрі бірдей жабайы еместігі анықталды. – Учаскелік инспектор бір иттің иесін анықтады. Иттің 46 жастағы иесіне Әкімшілік кодекстің «Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу» деп аталатын 408-бабының 2-бөлігі бойынша әкімшілік іс қозғалды. Аталған бап бойынша 10 АЕК немесе 30 мың теңгеден астам айыппұл салынады. Хаттама көшірмесі бойынша зардап шеккен жақ енді залалды өтеу үшін өз бетінше сотқа жүгінуі керек, – деді Павлодар облысы Полиция департаменті баспасөз қызметі.