Конституциялық сот: заң үстемдігі үшін...
Конституциялық сот: заң үстемдігі үшін...
638
оқылды
Заң үстемдік ететін құқықтық мемлекет құру қарапайым халықтың сот билігіне сенімін арттырудан көрінеді. Әсіресе, азаматтардың Конституция кепілдік берген құқығын сақтау ісінде Конституциялық сот секілді жоғарғы құқықтық институтқа зор сенім артылмақ. Бұл орган заңға көз жұма қараған жоғары лауазым иелерінің қаулы-қарарын жоққа шығарып, өздерін жауапкершілікке тарта алады. Әйтсе де, оның қызметін ұйымдастыруда басымдық берер жайттар жеткілікті. Жақында Қазақстан халқына жасаған Жолдауында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев құқық қорғау институттарын кү­шейту мәселесіне ерекше тоқталып, Конс­титуциялық кеңесті Конституциялық сотқа алмастыру туралы бастама көтерді. Мұн­дағы басты мәселе жоғары құқықтық ор­ганға жүгінушілердің санатына байланысты болса керек. Өйткені бұған дейін елдегі құқық нормаларына кәсіби баға беріп, ол бойынша толыққанды түсіндірме жұмыс­тарын жүргізумен Конституциялық кеңес айналысып келді. Алайда бұл орган қарапа­йым азаматтардың талап-тілегін, уәжін тыңдамады. Міне, сондықтан Президент әлемдік тәжірибеге арқа сүйеп, кез келген қазақстандықтың құқық мәселесінде туындаған сауалдарына үн қатуға қабілетті Конституциялық сот құруды ұсынды. Бұл органның көмегіне жоғары лауазым иелері, заң шығарушы органдар, қарапайым аза­маттармен бірге Бас прокурор мен Адам құқығы жөніндегі уәкілдің де жүгінуіне мүмкіндік берілмек. Сәйкесінше, бұл тетік азаматтардың конституциялық құқығының қорғалуын қамтамасыз етеді. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушысы, заң ғылым­дарының кандидаты Қазыбек Дәуталиевтің пікірінше Конституциялық сот жоғары конституциялық мәдениет қалыптас­тырады. – Конституциялық соттың құзыретіне жататын сұрақтар болады. Бұл заңдардың, партиялардың, саяси қозғалыстардың әре­кеттерінің қолданыстағы заңнама сәйкес­тігін анықтайды. Сондай-ақ Президенттің жауапкершілігін қарайды. Сондай-ақ бүгінге дейін Жоғары Соттың шешімі бізде ең соңғы инстанция ретінде қаралып ке­леді. Ал Конституциялық сот құрылатын болса, азаматтар Жоғарғы Соттың шеші­міне арыздана алады. Ол үшін шағым­­данушы соттың барлық сатысынан өтуі керек, – дейді Қазыбек Дәуталиев. Әрине, осыншама мол жауапкершілік алатын Конституциялық сот мүшелеріне қойылар талаптың да жоғары болатыны айтпаса да түсінікті. Әрі олардың қара қылды қақ жарып, әділ шешім шығару үшін дербестік мәселесі туындайды. – Конституциялық сот мүшелерінің абсолюттік тәуелсіздігін қамтамасыз ету мүмкін емес. Мұнда екі мәселе ескеріледі: біріншісі сот мүшелерін жасақтау кімнің құзыретіне кіреді, соған байланысты, ал екін­шісі билігінің, яғни өкілеттігінің то­лықтығы. Мен Конституциялық сот мүше­лерінің жартысын Президент, жартысын Парламент қалыптастыруы керек деп ой­лаймын. Сондай-ақ Жоғары Сот, Бас про­ку­ратура сияқты жоғары құқықтық орган­нан да 1-2 мүшеден сайлануы ықтимал. Кандидаттарды заң мамандығын оқытатын ЖОО-да ұсына алған жөн. Конституциялық сот мүшелерінің саны 12 болуы керек. Бұл әлемдік тәжірибемен салыстырғанда көп те емес, аз да емес, оптималды корпус, сон­дай-ақ цифрдың тарихи негізі де бар. Жәң­гір ханның, Шыңғыс ханның жанында 12 биден тұратын құқықтық институттардың жұмыс істегені тарихтан белгілі, – дейді ғалым. Жалпы, отандық сот жүйесі үшін Конс­титуциялық сот ұғымы аса таңсық емес. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында Қа­зақстанда құқықтық-нормативтік актілер­дің Конституцияға сай келуін қадағалаумен айналысатын Конституциялық сот болды. Алайда бұл сот 1995 жылы таратылды да оның орнына қазіргі Конституциялық кеңес құрылды. Өз кезегінде бұл органға тек Тұңғыш Президент қана бірнеше рет кезектен тыс Президент, Парламент Мәжілісі депутат­тары сайлауын ұйымдастырудың құқықтық негіздерін қарастыру мәселесі бойынша қайырылған екен. Ал 2019 жылдың 23 сәуі­рінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Конституциялық кеңес мүшелерінің кө­мегі­не жүгінді. Бұл жолы кеңес мүшелері Мем­лекет басшысына шетелдік мекеме­лерде, халықаралық ұйымдарда қызмет еткен президенттікке кандидаттың Қазақ­станда тұру талабына қатысты құқықтық баға берді. Конституциялық кеңес мемлекет атынан дипломат ретінде халықаралық ұйымдарда қызмет атқаруға жіберіліп, шетелде тұрған азаматтар президенттікке кандидат ретінде тіркеле алатынын дә­лелдеді. Және бұл санаттағы азаматтардың болашақ президентке қойылатын соңғы 15 жылда Қазақстанда тұру талабына да сай келетіні расталды. Әлем елдерінде әрқилы аталғанымен Конституциялық сот деңгейіндегі органдар азаматтардың заңды құқықтарын сақтап, мемлекеттік мекемелердің, жоғары лауазым иелерінің Конституцияға әрекет етуіне бақылау жүргізеді. Тіпті, олардың кейбі­рінде Конституциялық сот Президенттің қаулы-қарарларының құқықтық күшін жойып, Мемлекет басшысының заңға қай­шы әрекетін әшкерелеп жатады. Мәселен, Молдованың Конституциялық соты 2017-2019 жылдар аралығында ел Президенті Игорь Доданды бірнеше рет өз қызметінен шеттетуге мәжбүр болған. Себебі Молдова басшысы Үкіметтің министрлерді таға­йындау туралы жарлығы мен Парламент қабылдаған бірнеше заңға қол қоюдан бас тартқан екен. Осынау араздықтың салда­рынан Конституциялық сот Кишиневтегі республикалық стадионды АҚШ елші­лігінің меншігіне беру туралы да шешім шығарған екен. Өз кезегінде Молдава Президенті жоғары органның бұл шешіміне наразылық білдіріп, оның саяси астарын жайып салды. Украина президенті Зеленский де Конституциялық сотпен жиі «ұстасып» қалады. Мәселен, 2020 жылы Конституция­лық сот Қылмыстық кодекстің табыс ту­ралы декларацияда жалған мәлімет ұсы­нып, заңсыз баюды көздейтіндерді жауап­кер­шілікке тартудың тетігі қарастырылған 366-1 бабынан бас тартып, Президенттің қаһарына ұшырады. Зеленский айдауына жүрмей, айтқанына көнбеген Конститу­циялық сотты тарату мақсатын көздейтін заң жобасын Жоғары Радаға ұсынды. Арада көп уақыт өтпей Президент Украинаның Конституциялық сотының төрағасы Александр Тупицкогоны 2 айға қызметінен шеттетті. Соған қарамастан кеңестің өзге мүшелері Президенттің тапсырмасын орын­даудан бас тартты. Ресейде де Конституциялық сот құ­ры­ла сала Президенттің өкілеттілігін тоқтату туралы шешім шығарды. Осынысы үшін Валерий Зорькин төрағалық ететін Конс­титуциялық соттың басына қара бұлт үйірілді. Президенттің шешімін жоққа шығарған орган тарап тынды. Бірақ арада көп уақыт өтпей азаматтардың Конституция кепілдік берген құқығын сақтауда мұндай институттың берері мол екенін биліктегілер қайта мойындады. Осылайша, Валерий Зорькиннің «командасы» елдің басты құ­қықтық құжатын көздің қарашығындай сақтау миссиясына қайта кірісті. Осы құ­раммен 2009 жылы Ресейдің Конститу­циялық соты өлім жазасын қолданудан түбегейлі бас тартты. АҚШ-та Конституциялық кеңестің қызметін Жоғары Сот атқарады. Тарихы ХІХ ғасырдан басталатын бұл құрылым ел президентіне қатысты қылмыстық істерді батыл көтеруімен ерекшеленеді. Әйгілі «Уотергейт ісі» бойынша күдікке ілінген Ричард Никсонның өзі Жоғары Соттың айғақтарды ұсыну туралы талабынан кейін отставкаға өтініш жазып, лауазымынан бас тартты. АҚШ-тың Жоғары Сотының тари­хында таңдай қақтырар мұндай істер жетіп жатыр. Мәселен, 1997 жылы аталған орган Вашингтон штатының өзіне-өзі қол сал­ғандарға көмек көрсетуге тыйым салу туралы заңын ел Конституциясына қарсы кел­мейді деп таныды. Ал 2003 жылы қыл­мыс жасаған кәмелетке толмағандарды өлім жазасына тартуға шектеу қойылды. 2015 жылы Жоғары Сот АҚШ Конс­титуциясына енгізілген түзетулерді алға тартып барлық штатта біржынысты некеге рұқсат етті. Әлем елдерінің тәжірибесінен Конс­титуциялық соттың заң алдында бәрінің бірдей екенін ұғындыратын құрылым екенін аңғаруға болады. Сәйкесінше біздегі бұл соттың қызметін ұйымдастыру бо­йынша қабылданатын заңда оны мейлінше дербес етудің тетігі қарастырылғаны дұрыс. Сонда ғана аталған орган заңды көзге ілмейтіндермен күресте, азаматтардың конституциялық құқығын қамтамасыз етудегі жоғарғы құқықтық институт мәр­тебесіне ие болмақ.