Тұрмысың қандай, театр?
Тұрмысың қандай, театр?
© коллаж: Әсел Балтақызы
811
оқылды
Жыл сайын 27 қаңтарда халықаралық театр күні атап өтіледі. Бұл – театрларды құттықтап, әртістер бір-біріне құрмет көрсетіп, мәре-сәре болатын күн. Осыдан 56 жыл бұрын Венада өткен конгресте халықаралық Театр институты 27 наурызда театр өнерін ұлықтауды мақсат тұтқан екен. Содан бері бұл мереке ұғымға сіңіп кетті. Күні кеше «Елде театр қызметі 26 пайызға қымбаттады» деген ақпарат тарады. Қалай қымбаттады? Қызмет пе? Қойылым бағасы ма? Әлде, репертуар ма? Бүгінге дейін құны қымбатқа түскен спектакльдің бірі – «Бөрте» қойылымы. «Түркістан музыкалық драма театры» МКҚК қойылымға 246 млн 750 мың теңге шығын­да­ғаны туралы Ulysmedia.kz жа­риялаған еді. Оған дейін мемлекет­тік театрларда қойылған спек­такль­дердің құны мұндай қымбат болған емес. Құны жоғары бол­ға­сын, спектакльдің мазмұны да жо­ғары болатыны сөзсіз. Киімі, сахналық безендіруі, режиссер мен актерлерге бөлінетін қаламақы мөлшері де артады. Алайда спек­такльдің бәріне бірдей мұндай көп қаржы бөліне бермейді. Театр аз қаржымен жақсы спектакль қоя ала ма? Репертуар неге жұтаң? Ре­жиссерлер әлемдік классикаға неге көбірек ұмтылады? Бұл жайында театр сыншысы Анар Еркебайдан сұраған едік. «Театр репертуары бірінші ке­зекте ұжымның бет бейнесін ай­қындайтын, ұстаған бағытын ашық, мүмкіндіктерін барынша жо­ғары деңгейде көрсететін қо­йылымдардан, екіншіден, жоғары кәсіби және көркемдік деңгейде жасалған көпшіліктің талғамынан шығатын «кассалық» спектакль­дерден құралады. Қазақ театр­ла­рында соңғы жылдары репертуар­ды жаңарту жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Жаңа отандық автор­лар (М.Қолғанат, А.Аламан, Ә.Ай­туаров, Ә.Байбол), шетелдік қа­зіргі авторлардан көбінесе О.Жа­найдаровтың пьесалары сахнада қойыла бастады», – дейді.

«Абай-Тоғжан» спектаклі 27 рет қойылған

Театр сыншысының айтуынша, Халықаралық театр сыншыла­ры­ның бірлестігі осымен үшінші рет ел театрларының мониторингін түзген. Мониторинг бойынша, елі­мізде ең көп қойылатын дра­­матургтер Шекспир, М.Әуезов, А.Че­хов пен Ш.Айтматовтың шығармалары. Бұл тақырыптар әлі де өзекті болып тұр. «Репертуардың жаңаруы, со­нымен қатар тек жаңа пьесаларды ғана емес, жалпы барлық қойы­лым­дарды заманауи формада сах­на­лауы, театрдың техникалық мүм­кіндіктерін барынша пайда­лануы, жаңа технологияларды енгізу арқылы да жүріп жатыр. Бұл үдерісті еліміздің Елік Нұрсұлтан, Жұлдызбек Жұманбай, Дина Жұ­мабаева, Фархад Молдағалиев, Айдын Салбанов, Аридаш Оспан­баева, Гауһар Адай, Әлібек Әмір­бекұлы сынды жас режиссер­ле­рі­мізбен қатар, шетелден шақыр­тыл­ған режиссерлердің жұмыста­ры­нан байқап жүрміз.Театрлар ай сайын­ғы репертуарды түзгенде қо­йылымның көрерменнің сұра­нысына және ұжымның ішкі жұ­мысына байла­ныс­ты құрады. Сон­дықтан бір қо­йы­лымның жы­лына бір рет емес, бірнеше рет жүруі де заңды­лық», – дейді Анар Еркебай. Мониторинг қазақ театр­ла­ры­ның көрермендері музыкалық және елге танымал тұлғаларға ар­налған спектакльдерге көп барса, орыс театрларының көрермен­де­ріне комедиялық қойылымдар жақын екенін көрсеткен. Сыншының айтуынша, 2021 жылы Нұр-Сұлтан қаласы әкім­дігінің «Музыкалық жас көрермен театрында» «Абай – Тоғжан» қо­йылымы 27 рет, «Шәмші» 15 рет, Семейдің «Дариға-ай» жастар теат­рында «Бар қазаққа ән сал­дырған – Шәмші!» 18 рет, Ілияс Омаров атындағы Қостанай об­лыс­тық қазақ драма театрындағы «Сыған серенадасы» 15 рет кө­рер­менге ұсынылған. «Көрерменнің талғамынан шыққан қойылымды қайталап көрсету – әлемдік театр­лардың тәжірибесінде бар нәр­се», – дейді сыншы. «Біріншіден, бұл театрдың экономикасына жақсы әсер тигізеді, екіншіден, бұл спектакльдер көрерменді эстети­калық тұрғыдан байытып, театр өнерінің мазмұнына тереңірек енуіне мүмкіндік берсе, үшіншіден, ұжымның басқа дүниелерін көруге итермелейтін саты болады. Және, керісінше, театр репертуарында жылына бір рет қана не болмаса тіпті қойылмаған қойылымдар да бар. Олардың тағдырын театрдың көркемдік кеңестері шешуге мін­детті деп ойлаймын. Сондай ақ қыруар қаражат жұмсап қойылған спектакльдің көркемдік деңгейі төмен болып жатқан жайттар да кездеседі. Мүндай дүниелерді көр­кемдік кеңестер қабылдамай, қай­та жұмыс жүргізуді талап етуі ке­рек», – дейді. Кей театрлар премьера күнін алдын ала хабарлап, сол күні қо­йы­лымның сапасына қарамай, сах­наға шығаратын кездері бола­ды. Бұл – қате шешім. Спектакль әбден жетіліп, бабына келмей, асығыс-үсігіс сахнаға шығарудың қажеті жоқ. Қазір көрерменнің тал­ғамы өзгерген. Шалажансар дү­ниені ұсынсаңыз, көрермен қабыл­дамай қоюы мүмкін.

Театрға жарнама жетіспейді

Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма теат­рының директоры Қайрат Қарға­баевтың айтуынша, театр – адам санасының оянуына ықпал ететін бірден-бір сала. «Біздің халық, оның ішінде мәдениеті мен салт-дәстүрі бойына жақсы сіңген оң­түстік халқының сана түсінігі ру­ха­ни жағынан басымырақ. Бұл өте жақсы, себебі ондай адамдар театрдың, шынайы өнердің қандай екенін жақсы түсінеді. Яғни, қазір театрға көрерменнің келуі көбейіп келеді. Ол әрине, театрдағы жақсы қойылымдардың сахналанып жат­қанының белгісі деп түсінемін. Кө­рермен қазіргі күні өз қалауын­ша билет алып келуде. Бұл деге­ні­міз – үлкен жетістік. Әлі де жар­на­малық жағынан, заманауи сұра­ныс­тағы қойылымдар сахналау жа­ғынан қарқынды жұмыстар ке­рек. Мұның себебі театрға келе­т­ін көрерменнің көбеюіне молы­рақ ықпал етеді деп санаймын», – дейді директор. Бұрынғыдай емес, қалалық театр­ға келетін көрерменнің де қа­тары көбейіпті. Бұрын қала ор­та­лығында болған кезде көрермен үзілмеген. Қазір Нұрсәт шағы­нау­данына ауысқалы көрермен саны әрқалай. «Бүгінде кешкілік қойы­лымнан шыққан соң, үйге қай­татын қоғамдық көліктер қатары көбейді. Әкімдіктің бұл бағыттағы жұмысы бізді қатты қуантуда. Сең қозғалды. www.ticketon.kz сайты­мен келісімшартқа отырдық. Енді билетті онлайн түрде сатып алуға мүмкіндік бар. Көрерменнің басты талабы – жақсы қойылым, жақсы режиссура, жақсы драматургия және әртістің жақсы ойнауы. Театр өнерінің синтездік табиғаты төрт жағы тең болса, көрермен қай уа­қытта болса да іздеп келеді деп ой­лаймын», – дейді театр директоры. Театрдың көбі жарнамаға зәру. Жақсы қойылымдарға насихат қа­жет. Актерлердің ойынын да жар­намалаған абзал. Осы орайда, ай­мақтық театр жетекшілері актер­лерді көпшілікке танымал ету мақ­сатында басқа да театрлармен, үлкен экрандық жобалар қолға алынса деген армандары барын айтады.

Актерлердің жалақысы өсті ме?

Театрсыз актер – актер емес. Ак­терсіз де театрдың күні қараң. Жақсы актер – театрдың жарты жүгін көтереді. Ендеше, театр ак­терге қандай жағдай жасап отыр? Жалақысы өсті ме? Қазір билет құны да өзгерген. Мәселен, Нұр-Сұлтандағы Қали­бек Қуанышбаев атындағы акаде­миялық драма театрда билет баға­сы оқушылар, зейнеткерлер, сту­денттерге жеңілдікпен 1000-1500 тг болса, үлкендерге 2000-2500 тең­геге дейін барады. Алғашқы орын­дар 3500 теңге тұрады. Ак­тер­лердің жалақысы да 30 пайызға көтерілген. Жаңа ғимаратқа кө­шіп, Мәдениет министрлігіне ауыс­қалы бері жалақы мәселесі де оң шешімін тапты деп отыр. Ал М.Әуезов атындағы акаде­миялық драма театрдың актері, Қазақстанның еңбек сіңірген әрті­с­і Бекжан Тұрыс «актерлердің ай­лығы ешқайсысының жыртығын жамамайтынын, бұрын 150 мың болса, қазір 190 мыңға көтеріл­генін» айтады. Н.Жантөрин атындағы Маң­ғыс­тау облыстық музыкалық драма театрының директоры Гүлсина Мерғалиева: «Театрдың жұмысы жақсы жүріп жатыр, репертуар толық. Қазір Б.Соқпақбаевтың «Ме­нің атым Қожасын» қоюға да­йындалып жатыр. Премьерасы 1 сәуір күні болады. Театр өте мықты актерлер қосынынан тұрады. Бізде кей спектакльдердің билеті бір ай бұрын сатылып кетеді. Әсіресе, «Әлиханның аманаты» спектакліне сұраныс көп. Үнемі аншлагпен өте­ді. Кей сұранысы жоғары спек­такльдерді бір айда екі рет қоюға тура келеді. Ал кей спектакльдер жылына екі-ақ рет қойылуы мүм­кін. Өйткені біздің репертуарымыз өте бай. М.Әуезов, Ғ. Мүсірепов, Ә.Ке­кілбаев және т. б. әлемдік классикалық шығармалар қамтыл­ған. Жалақысы да жаман емес. 120 мыңнан бастап, 200 мыңға дейін. Аз да емес, көп те емес», – дейді. Ж.Шанин атындағы Шымкент қалалық академиялық драма театр­дың директоры Қайрат Қар­ғабаев мырза: «Жалақы мәселесіне келсек, соңғы жылдарда айлық көптеген салаларда біршама па­йызға өсті, оның ішінде мәдениет саласы да қалыс қалған жоқ. Десек те, актерлердің, шығармашылық құрамның техникалық қызмет­кер­лерінің жалақысы әлі де көтерілсе екен деген арман-тілек бар. Себебі айлығы жақсы қызметкер жан-тәнімен қызмет ететіні бар емес пе? Осыған келсек, кадр мәселесі де қиындамас еді» деп отыр. Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 65 театр жұмыс істейді. Оның 52-сі – мемлекеттік театр. Оның үшеуі опера және ба­лет театры болса, бесеуі – балалар мен жасөспірімдер театры, 7-еуі қуыршақ, 24-і – драма театр. Одан бөлек, 11 музыкалық драма және ко­медия театры бар. Мұның бәрі қазақ руханиятына қызмет етіп келеді. Театрдың кинодан айыр­масы – тірі организм. Ол өзгеріп, толысып, жаңғырып отырады. 30 жыл бұрын қойылған «Қарагөзді» сол күйінде қайта сахналай ал­майсың. Өйткені көзқарас басқа, сахна басқа, таным-түсінік те бас­қа. Бұрын «теледидар пайда бол­ғанда, театр өледі» деген түсінік бол­ған. Театр өлген жоқ, телеар­намен қатар дамып келеді. Қазір әлеуметтік желінің дәурені жүріп тұр. «Айшы­лық алыс жерлерге» жылдам хабар таратып жатқан да солар. Ендеше, космостық жыл­дам­дықпен қарыш­тап дамып жат­қан уақытта «пойыз» күтіп отыра алмайтынымыз белгілі. Театрлар да үздіксіз даму үстінде болу керек. Бастысы, әрқайсының өз бағыт-бағдары бар. Көрермен әлеуметтік желіден жалыққанда, театрды із­дейді. Рухани нәр бере­тін шынайы өнерге сусындағысы ке­леді. Ал театр­ға жан бітіретін өнер адам­дары. Актерлердің «та­мағы тоқ, көйлегі көк болмай», «хас сұлу­дың көз жасындай» әсем өнер­ді дамыту мүмкін емес. Жақсы ак­тер – мық­ты драматург – талант­ты режиссер. Өнердің үштағаны. Мұнсыз өнер өнер бола ма? Сол себепті де театрал қауымға «Тұрмысың қандай?» деген сауал тастағымыз келеді...