Зейнетақы төлемі: қолымды мезгілінен кеш сермедім
Зейнетақы төлемі: қолымды мезгілінен кеш сермедім
283
оқылды
Зейнетақы жинағының артылған бөлігін ескі жеткіліктілік шегімен алуға бөлінген 3 айлық «мүмкіндік кезеңі» аяқталды. Енді біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану тек байлардың еншісінде қалмақ. Себебі 1 сәуірден бастап ЖШ бірнеше миллион теңгеге шарықтайды. Азаматтардың үлкен бөлігі бұл игілікті сол бойы пайдалана алмады. Наурыз айында «тал қармағандардың» біразы  дегеніне жетпеді. Өйткені Otbasy Bank тұғырнамасы жиі істен шықты.  Сонда бұл бастаманың алдын ала қорытындысы қандай?

Бір өкініш, бір жұбаныш...

2021 жылғы 2 қаңтарда Президент Қ.Тоқаев «Кейбір заңнамалық актілерге экономикалық өсуді қалпына келтіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңына қол қойған еді. Бұл құжат зейнетақы жинағының «жеткіліктілік шегінен» артылған бөлігін азаматтардың тұрғын үй жағдайын жақсартуға және емделуге жұмсауына жол ашты. ЖШ әйелдер мен ерлер үшін бірдей белгіленеді және әрбір жас үшін жеке есептеледі. Президенттік бастама елде кең қолдау тапты. Белгіленген ЖШ мөлшері, сарапшылардың бағалауынша, 1-2 миллион қазақстандыққа зейнетақы жинағының қызығын ертерек көруге мүмкіндік беретін. Алайда 2021 жылғы желтоқсанда мемлекет жеткіліктілік шегі 2022 жылғы 1 қаңтардан бастап күрт өсетінін жариялады. Бұл хабар қоғамға төбеден жай түскендей әсер етті. Өйткені ЖШ-ның жаңа шамасы бірден миллиондаған теңгеге өсіп шыға келген. Мысалы, бұған дейін 20 жастағылар үшін осы меже 1,7 млн теңге болса, енді 3,1 миллионға дейін шығандады. 25 жас­тағы­лар үшін бұрынғы 2 млн теңге орнына 3,7 млн теңге, 30 жастағыларға – 2,5 млн орнына 4,4 млн теңге, 40 жастағыларға 3,4 млн орнына 5,8 млн теңге, 50 жастағыларға 4,5 млн орнына 7,4 млн теңге, 59 және одан егде­лерге 5,5 млн емес, 9,1 миллион теңгеден астам жинақ жинауға тура келмек. Жұртшылықтың талап-тілегіне ден қойған Мемлекет басшысы жаңа шекті енгізуді 3 айға шегеруді тапсырды. Сол шегерілген мерзім 2022 жылғы 31 наурызда аяқталады. Алайда Otbasy Bank және өзге банктер ескі ЖШ бойынша өтініш қабылдауды 29 наурыздан кейін доғарған. Осылайша, жаңа ЖШ күшіне еніп отыр. Қазақстан халқында зейнетақы жинақтарын баспана алуға және емделуге жұмсау мүмкіндігі ары қарай сақталады. Алайда ол мүмкіндікті пайдалана алатындар қатары күрт азайды. Осының алдында «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ басқарма төрағасы Жанат Құрманов бағалағандай, 2022 жылы тек 582 мың қазақстандықтың ғана зейнетақы жинақтары жаңа ЖШ деңгейінен асатын болады. Бұл қатарға бірер мың теңге ғана артылатын жинағы барлар да қосылған. Әйткенмен, Еңбек және халықты әлеу­меттік қорғау вице-министрі Ержан Біржанов ЖШ көтерілгенде, аталған қызметке енді тек 180 мыңнан астам адам жүгіне алатынын мәлімдеді. Мұнысы барынша реалистік сценарий болса керек, өйткені «басы артық» бірер мың теңге не тұрғын үй жағдайын жақсартуға, не емделуге (рұқсат етілген тізімге қымбат емдеу қызметтері енгізілген) жетпейтіні даусыз. Демек, жүздеген мың азамат пен отбасы дағдарыс кезінде демеу болатын жап-жақсы мүмкіндіктен айырылып отыр. Сарапшылардың байламынша, әлемдегі геосаяси шиеленістер, санкциялық шайқастар, сондай-ақ ұзап кеткен экономикалық дағдарыс қазақстандықтар табысының төмендеуіне соқтырады. Тиісінше, олардың көбінің зейнетақы жинағы жаңа ЖШ деңгейіне жете алмайды. Бірақ бір жұбантатын жайт бар: Еңбекмині Қазақстанның зейнетақы жүйесін жаңғырту басталғанын, соның аясында алдағы 2023 жылдан жұмыс берушілер өз есебінен, штаттағы қызметкерлерінің жинақтарына оның жалақысының 5%-ы көлемінде міндетті зейнетақы жарналарын аудара бастауы тиіс. Әзірге қызметкерлердің басым көпшілігінің зейнетақы жинағы тек жалақысынан ұсталатын 10 пайыздық жарна есебінен ғана толығатыны белгілі. Олай болса, келесі жылдан бастап штатта жұмыс істейтін азаматтардың зейнетақы жинағының молаю қарқыны шамалы болса да артуы ықтимал.

Үлгерген ұтады, кешіккен тамсанумен өтеді

Сонымен, ЖШ ұлғайған соң нақты қанша адамның біржолғы зейнетақы төлемін (БЗТ) пайдалана алатыны әзірге беймәлім. Оның үстіне, елімізде баспана құны да, медқызметтер құны да қымбаттап жатыр. Дегенмен ескі ЖШ аясында қанша адамның осы игіліктің жемісін тере алғаны белгілі. Алдымен «тұрғын үй жағдайларын жақсарту» бағытына тоқталсақ. Бұл бағыт бойынша уәкілетті оператор мәртебесіне Otbasy Bank АҚ, Altyn Bank АҚ, «ЦентрКредит банкі» АҚ, «Фридом Финанс Қазақстан» АҚ және «Қазақстанның Халық банкі» АҚ ие болды. Олар халықтан өтініш қабылдап, өңдеумен, клиенттің төл жинағын жұмсауға лайықты-лайықсыздығын тексеріп, бағалаумен және зейнетақы қорынан түскен БЗТ-ны бөлумен айналысты. 2021 жылдың басынан 2022 жылғы 29 наурызға дейінгі аралықта осы бес оператордан БЖЗҚ-ға жалпы саны 2 029 652 өтініш келіп түсіпті. 737 120 адамның өтінішін қанағаттандырудан түрлі себеппен бас тартылған. Нәтижесінде, 1 279 878 өтініш бойынша әлгі банктердегі арнайы есепшоттарға жалпы сомасы 3 трлн 68,2 млрд теңге аударылған. Өкінішке қарай, өтініші мақұлданып, шотына жинағы түскенімен, 171 353 адам 420 млрд 66 млн теңге қаржысын пайдалана алмады. Сондықтан осы 420 миллиард БЖЗҚ-ға кері қайтты. Берілген мүмкіндікті жіберіп алып, сан соққан азаматтардың үлкен бөлігі нарықтан жинағы жетерліктей арзан баспана таба алмапты. Тағы бір бөлігімен баспана сатушылар мәмілесін бұзған, пәтерін сатудан бас тартқан. Оның орнына жаңа пәтер іздеп тапқанша, белгіленген мерзім аяқталған. Ереже бойынша арнайы шотқа түскен қаражат «10 жұмыс күні ішінде таңдалған мақсатқа сәйкес пайдаланылмалса, бөлінген ақша БЖЗҚ-ға қайтарылады». Сондай-ақ әу баста жинағын туысына беруге келіскенімен, кейін ол ниетінен қайтып, қаражатты арнайы шоттан зейнетақы жинағына кері аудару туралы БЖЗҚ-ға өтініш жазғандар да бар көрінеді. Қорыта айтқанда, 2021 жылдан күні кешеге дейін жалпы саны 1 108 525 өтініш бойынша қазақстандықтар 2 трлн 648 млрд 213 млн теңге жинағын қажетіне жарата алды. Әйтпесе, белгілі экономистердің өзі «Қазақстан халқы БЖЗҚ-дан 4 триллион теңгесін шешіп алды» деген ақпарат таратқан. Мұны қор растамады. Бұл ретте 1 өтініш 1 адамға тең емесін ескеру қажет, себебі жалғыз өзі 1 және одан көп өтініш беріп, БЗТ-сын бөліп-бөліп алған адамдар жетерлік. БЗТ-ны емделу мақсатында қолдану бағытында уәкілетті оператор – біреу, ол – Otbasy Bank. Оған жұрттан 561 758 өтініш келіп түсіпті, оның ішінде 190 181 өтінішті қанағаттандырудан бірден бас тартылған. Нәтижесінде, 366 964 өтініш негізінде 284,5 млрд теңге аударылды. Алайда 48 327 өтініш иесі 26 млрд 515 млн теңгесін пайдалана алмады. Сөйтіп, былтырғы жыл басынан бері жалпы саны 318 637 өтініш иесі 257 млрд 992 млн теңге БЗТ-сына емделе алған екен.

Кедергі көп, уақыт жоқ

Қазақстандықтар зейнетақы жинақтарындағы артық соманы алып қалу үшін түрлі амал-тәсілдерді пайдаланды. Өңірлерде стоматологтермен келісіп, тіс емдеу ақысын өсіріп көрсетіп, сол арқылы БЗТ-сын шешіп алғандар болған деседі. Нәтижесінде, стоматологиялық қызметтер көрсеткені үшін кейбір клиникаларға бірнеше миллион теңгеге дейін сомада жинақ аударылған. Билікке арыз жазған азаматтар БЗТ әкетуге көмектесетін стоматологтер оның 20-30%-ын алып қоятынын айтады. Бірақ Otbasy Bank емделген әрбір клиенттің тісіне үңіліп жүре алмайтынын жеткізіп, клиникалар ұсынған түбіртекке сенуге мәжбүр екенін түсіндірді. Әрине, мұндай деректер бірен-саран ғана, жаппай сипатқа ие болмаса керек. Азаматтардың көбі баспана іздеп сандалды. Олар, әсіресе соңғы айда өтініш беріп үлгеруге тырысты. Сонымен бірге Otbasy Bank өтініш легінің тым көп болуы кесірінен наурыз айында enpf-otbasy.kz платформасының және Otbasy Bank мобильді қосымшасының істен шыға бергенін мойындап, кешірім өтінді. Өйткені тек 3 күн ішінде enpf-otbasy.kz тұғырнамасына 157 мың өтініш түсіпті. Otbasy Bank дерегінше, қазақстандықтар тіпті БЖЗҚ-дағы артылған 200 теңгесін де алып кетпек болып, өтініш беріпті. Негізі, өтініш иелерінің орташа жасы 36-45 жасты құрайды. Көбі – ерлер. Сайт-платформаның, ұялы қосымшаның жұмыс істемеуі кесірінен көп адам өтініш беріп үлгермей қалғанын айтады. «1 сәуірден ЖШ өзгереді дегесін, біраздан лайықты баспана іздегенмін. Таяуда әзер тауып, соңғы мүмкіндікті пайдаланып қалайын деп ұмтылдым. Otbasy Bank өтінішті 29 наурызға дейін беріп үлгеру керек деп хабарлады. Алайда өтінішті қарауға 3 жұмыс күні кетеді, одан кейін банк тағы 3 күн құжаттарды қарайды. Содан соң шот ашып, өтініш иесін тексеруге тағы 1 жұмыс күні талап етіледі. Өтінішті мақұлдауға да уақыт керек. Ал наурызда 19 жұмыс күні ғана бар. Бұған Otbasy Bank сайтының істен шығып, жұмыс істемей тұрған күн­дерін қосыңыз. Үлгеру қиын болды» деп қамығады Алмат есімді елорда тұрғыны. Әйтсе де, Otbasy Bank: «Келіп түскен өтініштерді өңдеуге және жаңаларын қабылдауға үлгеру үшін қызметкерлеріміз Наурыз мерекесі күндері де жұмыс істеді» деп сендіреді. Айтқандай, жеткіліктілік шегі көтерілгенімен, соның өзі қазақстандықтарды қартайғанда лайықты зейнетақымен қамтамасыз етуге жетпейтінге ұқсайды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі осы себепті Қазақстанның зейнетақы жүйесіне реформа жүргізілетінін жария етті. Ведомство «Қазақстанның зейнетақы жүйесін одан ары жаңғыртудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасына» өзгерістер мен толықтырулар әзірледі. Түзетулерді Президент жанындағы реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңес қарапты. «Бүгінде Қазақстанда 2 миллионнан астам зейнеткер бар, әрқайсысына еңбекке қабілетті жастағы 7 адамнан келеді. Әлемдегі халықтың қартаю үрдісі Қазақстанға да әсер етеді. БҰҰ болжамынша, 2050 жылға қарай еңбекке қабілетті халыққа жүктеме екі есе артады: зейнеткерлер саны 3 миллионнан асады. Зейнеткерлер саны еңбекке қабілетті жастағылардан 3,5 есе артық болады. Ынтымақты жүйе жойылғанда, 2028 жылға қарай зейнетақы орташа айлық жалақының шамамен 47,4%-ына ғана теңеледі. 2040 жылға қарай бұл көрсеткіш небәрі 39,2% болады. Кейінгі ұрпақ үшін жағдай одан да нашарлай түседі: 2060 жылы зейнетақы жоғалған табыстың 29,5%-ына ғана теңеседі» деп түсіндірді министрлік. Сол себепті Қазақстан біріншіден, 2028 жылдан бастап қазіргі базалық зейнетақыдан бас тартып, «ең төменгі кепілдендірілген зейнетақыға» көшпек. Екіншіден, 2023 жылы жұмыс берушілер өз есебінен 5% зейнетақы жарнасын (ЖМЗЖ) аударуға міндеттеледі. Бірақ бұл шаралар зейнетақының орташа көлемін орташа жалақының 40%-ы деңгейіне дейін ғана көтере алмақ. Осыған орай экономистер жеткіліктілік шегі кейінгі жылдары тағы көтерілуі мүмкін деген пікір айтып жүр.