Тұрақтандыру қоры тиімді ме?
Тұрақтандыру қоры тиімді ме?
© коллаж: Еркебұлан Дуйсеболатов
572
оқылды
Әдетте азық-түліктің бағасы өсіп немесе оның тапшы­лығы сезіле бастаса, жауаптылардың аузынан тұрақтандыру қоры деген тіркес түс­пейді. Әрине, бұдан бағаны бақылауға, азық-түлік қауіп­сіздігіне жауапты органдардың «қауіпсіздік жастығына» айналған қордың жұмысы тиімді деген байлам жасауға болмайды. Тәуелсіз сарапшылар да бұл институт бағаны реттеуде іске татитын механизм құра алмай келе жатқанын айтады. Оған мысалды алыстан іздеудің қажеті шамалы. Дүкен сөресіндегі азық-түлік бағасының күн сайын мың құбылуы баға тек тұрақтандыру қорына арқа сүйеудің абырой әпере қоймайтынын дәлелдеп берді. Басқаны былай қойғанда, қор қоймаларында қап-қабымен, тонналап сақталатын әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлерінің бағасы әл бермей барады. Статистика өткен жылдың өзінде аталған санатқа жататын азық-түліктің құны 11 пайызға дейін қымбаттағанын растады. Осыдан кейін-ақ тұрақ­тандыру қорларының тиімділігі турасында сөз қозғаудың өзі артық. Пандемияның алғашқы толқыны кезінде де азық-түлік тапшы­лығы сезіліп, баға бақылаудан шыққан тұста қор жұмысы Президенттің сынына ілікті. Сауда және интеграция министрлігі де қордың қажетті тауармен қамти алмай, ішкі нарықта дүрбелең тудырғандардың жұмысындағы жүйесіздікті тілге тиек еткен. Осылайша, әлемнен оқшаулану, азық-түлікке сұраныстың күрт артуынан ішкі нарықта тұрақсыздық пайда болды. Бұл 2012 жылдан бері бағаны реттеу қызметі жүктелген институт жұмысына се­нім­сіздік туғызды. Мәжіліс депутаты Айқын Қо­ңы­ров та қазақстандық отбасылар табысының 54,3 пайызын азық-түлік сатып алуға жұмсайтынын айтып, елдегі тұрақтандыру қорларының жұмысына объективті баға беру мәселесін көтерген. Әйтсе де, бұл мәселе айтылған жерінде қал­ған сыңайлы. Өйткені осы аралықта елдегі тұрақтандыру қорларының тиімділігін таразыға салынғанын естіген жоқпыз. Есесіне,  соңғы 1 ай ішінде Ресейге бірінен кейін бірі салынған санкциялар біздің нарықты да есеңгіретіп тастады. Осы бір сәтте жауаптылар қайтадан «тұрақтандыру қорында қажетті азық-түлік қоры бар» деп сендірді. Әйтсе де, бір ғана қанттың тапшылығынан туған дүрбелең жергілікті жердегі бұл бағыттағы жұмыстың қай деңгейде жолға қойыл­ғанына көптің көзін жеткізді. Бір сөзбен айтқанда, тұрақтандыру қорларының жұмысына шын­дап мән беретін шақ туған секілді. Қоғамдық мониторинг бойынша сарапшы Руслан Асаубаев тұрақтандыру қорлары іс жүзінде өзінің тиімділігін дәлелдей алмағанын алға тартады. Есесіне, рес­публика аумағындағы барлық облыстар мен ірі қалалардағы тұ­рақ­тандыру қорларын  толықтыруға бөлінген қыруар қаржының нәтижесі байқалмай тұр. –  Қазір тұрақтандыру қорлары қала тұрғындары үшін әлеуметтік маңызға ие азық-түлік түрлеріне қолжетімділікті қамтамасыз ету міндетін мойнына алғаны жөн.  Бірақ халық тұрақтандыру қорлары жұмысының тиімділігіне сенбейді. Салдарынан бәріміз бағаның көктем шығар-шықпастан күрт өсіп, күзгі жиын-терім науқанына дейін тербеліп тұратынына үйреніп қалдық. Оған қоса, тұрақтандыру қорларының жұмысы туралы мардымды ақпарат табу қиын. Заңға сай тұрақтандыру қорлары бұқаралық ақпарат құралдары қоймадағы азық-түліктің көлемі туралы ақпарат беруі керек. Алайда бұл талап орындалмай келеді, – дейді Р.Асаубаев. Мамандар егіс алқаптары мен тауар өндірушілермен нәтижелі келіссөз жүргізуден басталып, дүкен сөрелерін қолжетімді бағадағы азық-түлікпен қамтуға жауапты қор жұмысының тиімділігінен бұрын ашықтығын қамтамасыз ету қажеттігіне назар аударады. Өйткені тұрақтандыру қорларын қалыптастыру, жұмысын үйлестіру жөніндегі комиссияға «бөтен» адамдар мүше бола алмайды. Қо­ғам­дық мониторинг жөніндегі сарапшы Руслан Асаубаев та осындай комиссияға мүше болып, ондағы шешім қабылдау процесіне қатысуға бірнеше рет талап қылғанын айтады. Алайда одан түк шықпаған. Себебі белгілі баға реттеу мақсатында қыруар қаржының тағдырын шешетіндерге артық «көзді» қажет қылмайды. Оған қоса, тұрақтандыру қорларының екі тізгін бір шылбырын қолына ұстаған жергілікті жердегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияларының да бағаны реттеу ісіндегі әрекеттері нәтижесіз қалып келеді. –  Бағаны тұрақтандыруда үлкен тәжірибесі бар әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялары бұл бағытта тиісті механизмдерді іске асыра алмады. Азық-түліктің мол қорын сақтау, жеткізу, қайта өңдеумен айналысатын инфра­құрылым өз деңгейінде жасақталмады. Осыдан барып тұрақтандыру қорлары мәселені жылдам шешіп,  бизнесті бағамен күреске шақыру мақсатында сауда желілеріне жеңілдетілген несие беруге көшті. Ал ол сауда орталықтарының көбі отандық тауар өндірушілермен жұмыс істеуге құлық таныта қоймайды. Салдарынан әлеуметтік маңызға ие азық-түліктің бағасын тұрақтандыруды желеу етіп, шетелдік тауар өндірушілерге қолдау  білдіріп жүрміз, – дейді Р.Асаубаев. Қалай десек те, жоғарыда келтірілген мысалдар тұрақтандыру қорларының тиімділігін арттыруда ескеруге тұратын жайттың көптігін көрсетеді. Әрине, «ертеңіміз үшін» жинақталған қордың қамбасының толы болғаны өзімізге де жақсы. Әйтсе де, оның жұмысының ашық­тығын қамтамасыз ету, қойманы отандық тауар өндірушілердің өнімі­мен жасақтауды ұмыт қалдырмаған жөн. Оның үстіне, әлеуметтік маңызға ие азық-түлік тауарларының дені шекара асып келетін біздің ел үшін мұндай институттың қажеттілігі дау тудырмайды. Мәселе – оның тиімділігін арттыруда. –  Өзін-өзі өніммен 100 пайызға қамтамасыз ете алмайтын, ши­кі­­затқа тәуелді мемлекетте тұ­рақ­тандыру  қоры болуы керек. Алайда мұндай қорлар арқылы азық-түлік бағасын реттеу қысқамерзім­ді  шараға жатады. Былтырғыдай сәбіз тапшылығы секілді дүрбелең қайталанбас үшін қор жұмысы қатан бақылауда болғаны жөн. Сонымен қатар өнімдерді өткерудің барлық механизмін мұқият ойластырмай, істің алға басуы екіталай, – дейді экономист Азамат Көпжанов. Бір сөзбен айтқанда, тұрақтандыру қорларының жұмысы жүйелендірмей, базардағы бағаның ырыққа көнуі қиын. Әрі дәл осы мақсатта жұмсалған қыруар қаржы­ның нәтижелігі үшін де аталған институттың қызметіне көңіл бө­лінуі керек-ақ.