«Тәулік бойы тамақсыз, сусыз, жылусыз»: Қосшыда жүздеген үй жарықсыз қалды
«Тәулік бойы тамақсыз, сусыз, жылусыз»: Қосшыда жүздеген үй жарықсыз қалды
365
оқылды
Елорданың түбіндегі Қосшы қаласы тәулік бойы жарықсыз, сусыз әрі жылусыз отырды. Кешегі дүлей дауылдың салдарынан апатты жағдайда электр жарығы өшкен, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Тұрғындардың айтуынша қаланың біршама бөлігі кешеден бері жарықсыз отырған. Әбден қысылған тұрғындар әлеуметтік желілерде өз мәселелерін көтерді. «Кешеден бері жарық жоқ. Қайтерімізді білмей дал болып отырмыз. Тезірек шешуін сұрап әкімдікке хабарластық. Бірақ әлі еш нәтиже жоқ», – дейді қала тұрғыны Қымбат Сыздықова. Сондай-ақ тұрғындардың айтуынша Қарқаралыға шығатын 300 метр жолдың тазартылмауы салдарынан жүздеген адам көлік кептелісінде қалған. Ал Қосшы қаласының әкімдігі ресми жауабында қатты желге байланысты жөндеу жұмыстарының ұзақ уақытқа созылып жатқанын алға тартты. Материал дайындалып жатқанда Қосшы қаласы тұтастай жарыққа қосылды.
 «Ауа райының бұзылуынан 29 наурыз күні кешке электр жарығы апатты жағдайда өшті. 495 абонент жеке тұлға мен 35 абонент заңды тұлға жарықсыз қалды. Қатты желдің салдарынан жекелеген учаскелердегі жөндеу жұмыстары бүгінгі күнге ауыстырылған. Қазіргі уақытта электр желілерінде апаттың салдарын жою жұмыстары жүргізілді. Жарық, міне, толықтай қосылды», – дейді Қосшы қаласының әкімдігінен.
Қала әкімдігінің мәліметінше 29 наурыз күнгі ауа райының қолайсыздығына байланысты кешкі сағат 20.30-да төтенше жағдайларды реттеу бойынша жедел штаб құрылған. Қаланың барлық қызметтері штаб тәуліктік режимде үзіліссіз жұмыс істеген.
 «Қарқаралы трассасы аумақтық және қызмет көрсету бойынша Қосшы қаласының шекарасына кірмесе де Қосшы қаласы әкімдігімен Қарқаралы трассасын ашуға 8 бірлік техника жұмылдырылып, негізгі бағыттар бойынша аршу жұмыстары жүргізілді», – деп толықтырды Қосшы әкімдігінен.