Қарағандыда жарылғыш зат туралы жалған ақпарат берген күдікті анықталды.
Қарағанды облыстық Полиция департаменті Экстремизмге қарсы күрес басқармасы қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру шаралары барысында жалған ақпарат берді деген күдікпен 29 жастағы ер адам анықталып, ұсталған.
"Ол өз ісін мойындап, айғақ зат ретінде ұялы телефон тәркіленді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 31 наурызда сағат 9.00-де "102" телефонына Қарағандыдағы Мұқанов көшесіндегі ХҚКО ғимаратына "жарылғыш зат қойылған" деген ақпарат түскен. Ғимараттан 31 адам эвакуацияланды. Ғимаратты қарау барысында ешқандай жарылғыш зат табылған жоқ.