Көп отаудың қоршауында ақ отау
Көп отаудың қоршауында ақ отау
© коллаж: Әсел Балтақызы
534
оқылды
Халқының 60 пайызы қалада тұратын біздің елде қала құрылысын жүйелі жоспарлау өзекті мәселе саналады. Әсіресе, қала тұрғын­дарының өмір сүруіне қолайлы жағдай жасау ісіне басымдық беру құпталады. Әйтсе де, тұрғындар саны жыл санап өскен елордада біріне-бірі іркес-тіркес салынған тұрғын үй кешендері көбейді. Құмырсқаның илеуіндей мұндай кешендерде күн кешетіндерді толғандыратын мәселелер жеткілікті. Бір ғана елорданың өзінде соңғы 2 жылда жалпы көлемі 6 миллион шаршы метр болатын тұрғын үй бой көтерген. Осыған қарап-ақ шаһардағы көпқабатты үйлердің қаншалықты тығыз салынатынын аңғару қиын емес. Жалпы аумағы 800 шаршы шақырымға жуықтайтын бас қалада тығыздықтан бөлек үйлерді тым биік етіп салу тенденциясы да қалыптаса бастады. Салдарынан қаланың сәулеттік ерекшелігі мен құрылыстың өзге де нор­маларын сақтау мәселелері кейінге ысы­рылып қалды. Есесіне тұрғындар біріне-бірі иық теңестіре бой көтерген көпқабатты үйлердің ауласына жеңіл көлікпен кіріп шығудың жолын іздеп әлек. Бірнеше тұр­ғын үйге ортақ шағын ауладағы балалардың ойын алаңдары мен спорттық нысанд­а­рының қолжетімділігі де өз алдына бөлек әңгіме. Сондай-ақ бір-бірімен бой жарыс­тырып тұрған әлгі ғимараттарда оқыс оқиға болса, шұғыл қызмет өкілдерінің апат орнына дереу жетуі екіталай. Ең бас­тысы, мыңдаған пәтерден тұратын әлгін­дей нысандар қаланың инженерлік-ин­фрақұрылым желілеріне түсетін жүктемені де бірнеше есеге арттырады. Осыдан барып тұтас бір ауылдың хал­қы тұратын мұндай үйлердің тығыз орна­ласуы қала тұрғындарының бас ауруына айналды. Тіпті, олардың кейбірі наразы­лықтарын ашық білдіруге көшкен. 2020 жыл­дың маусымында Есіл ауданындағы бірнеше тұрғын үй кешенінің тұрғындары бас көтерді. Олар Қабанбай батыр мен Сы­ғанақ көшелерінің қиылысында жаңа көпқабатты тұрғын үй кешенінің құрылы­сына қарсылық білдірді. Мердігер компа­ния өкілдері бұл нысанның қаланың бас жоспарына сай келетінін айтады. Солай бола тұра тұрғындар аумақта онсыз да балабақша, мектеп сияқты әлеуметтік нысандар мен демалыс орындарының тапшы екенін алға тартады. Бұл мәселе елордадағы құрылысы енді-енді жанданып келе жатқан барлық ауданға ортақ. Ал қала әкімдігі тұрғын үйлердің тығыз орналасуын мегополистердегі халық санымен бірге баспанаға да сұраныстың күрт артуымен байланыстырады. Әйтсе де, наурыз айының басында бұл мәселеге Президент назар аударып, Нұр-Сұлтан мен Алматы қаласының әкіміне тұрғын үй кешендерінің жанынан биік үйлерді тығыз салуды тоқтатуды тапсыр­ғаны есте. Мемлекет басшысы сол жолы мегаполис басшыларының назарын бұл аумақтарда әлеуметтік нысандарды, бала­ларға арналған ойын және спорт алаң­дарын салуға аударған. Елдегі құрылыс саласына жауапты Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев та тығыз­дықтан көп түйткіл туындағанын тілге тиек етеді. Ведомство басшысының ай­туын­ша, елорда тұрғындары ғимарат­тар­дың бір-біріне тым жақын орналасуына жиі шағымданады екен. Сәйкесінше, елор­далықтар өз ауласынан биік үйлерден гөрі демалыс орындары мен әлеуметтік нысандардың құрылысын көптеп қолға алуды құптайды. «Бәйтерек» Астана құрылысшылар ода­ғы заңды тұлғалар бірлестігінің прези­денті Жамбыл Мелдебай тұрғын үйлердің тығыз салынуы құрылыс саласындағы көп мәселенің бір парасы ғана екенін айтады. – Бізде қазір құрылысты жобалаумен сәулетшілер айналысады. Бірақ жауапты органдар сәулеттік жоба қабылданғаннан кейін сәулетшіні ұмытады. Негізінен, құрылысты жоспарлаған маман оның соңғы шегесі қағылғанға дейін нысанның басы-қасында жүруі керек. Одан соң тұрғын үйлердің тығыз са­лынуы бас жоспарды әзірлеу кезінде қала­ның өсуі, тұрғындардың көбеюі сынды факторлардың ескерілмегенін көрседі. Са­ладағы ең басты мәселе – бізде құры­лыс­пен кім көрінген айналысады. Ал сол құрылыстың барлығындағы нормалардың, стандарттардың сақталуын есепке алатын Құрылыс министрлігі жоқ, – дейді Жам­был Мелдебай. Әрине, тұрғын үйлердің тығыз салы­нуы тұтас министрлік құрып шешетін ша­руа емес. Мұндай түйткілдің түйінін шын­дап айналысса, жергілікті биліктің өзі де тарқата алады. Әрі Президент пәрмен беріп, министр мықтап қолға алуға бекін­ген соң жағдай өзгерер деген үміт бар. Десе де, урбанистер тұрғын үйлердің тығыздығы мәселесінен гөрі оны нығайту өзекті деген пікірде. Яғни, белгілі бір аумаққа халықты көптеп шоғырландыру ондағы әлеуметтік нысандарының, қоғамдық кеңістердің салынуына негіз болады. – Жай ғана тұрғын үйлердің тығызды­ғы және биік салынуы мәселесіне осын­ша­лықты байбалам салудың қажеті шама­лы. Бұл – әлемдік тәжірибеде бар тенден­ция. Әрі Алматы қаласындағы ең тығыз са­лын­ған Алмалы ауданын қараңыз. Кеңес Одағы кезінде бой көтерсе де, аумақта қажетті ин­женерлік-инфрақұрылым және көлік-ло­гистикалық жүйе бар. Демек, қала құры­лысында, оның қажетті ресурстары­мен қамтамасыз етуде тұрғын үйлердің тығыз орналасуы белгілі бір деңгейде ше­шуші мәнге ие, – дейді Urban Forum Kazakhstan қоғамдық қорының өкілі Диас Маратұлы. Қысқасы, қала құрылысы және жос­парлау ісімен етене таныс мамандар үшін үйлердің тығыз орналасуы анау айтар­лық­тай мәселе емес. Олар керісінше билік қа­­ланың жекелеген аумақтарындағы ты­ғыз­­дықты арттыруға көңіл бөлгенін құптайды. – Тұрғын үйлердің тығыздығы төмен аудандарда әлеуметтік нысандар бір-бірінен шалғай орналасады. Ал тұрғын үй­лер тығыз орналасқан сайын толық­қанды инфрақұрылым құру мүмкіндігі пайда болады. Қаланың тұрақты дамуы мен тұрғындарға ыңғайлылық тұрғысынан келер болсақ, тұрғын үйлерді тығыз салу­дан бұрын оларды мейлінше нығайтудың жолын ойластырғанымыз жөн, – дейді Диас Маратұлы. Әрине, қала құрылысын жоспарлау және оны қарапайым тұрғындарға оң­тай­лы ету тұрғысынан алып қарағанда, маман сөзінің де жаны бар шығар. Дегенмен оның әлеуметтік инфрақұрылыммен қам­тудағы тиімділігіне иін тірескен үйлердегі тынысы тарылған тұрғындар түсіне қой­масы анық. Сондықтан бұл мәселеде ше­шім шығаруда қос тараптың да пікірі ес­керілгені керек. Индустрия және инфра­құрылымдық даму министрлігі 2025 жылға дейін жалпы көлемі 62 миллион шаршы метр баспана салу жоспарланғанын мә­лімдеді. Ал оның барлығында әлгінде айтылған реттелген тығыздық қағидаты ескерілсе құба-құп.