Жаңа Қазақстан жемқорлардан арыла ма?
Жаңа Қазақстан жемқорлардан арыла ма?
© коллаж: Елдар Қаба
494
оқылды
Қазақстанда парақорлық кеселі өршіп барады. Бұл ретте аса ауыр коррупциялық қылмыстар саны өскен, яғни аса ірі қар­­­жыны «қылқылдата жұтатындар» көбейді. Ұсталған және сот­талған жемқорлар саны да артты. Мұның бәрін сырт көз сарап­­­шылар емес, Антикордың өзі айтып отыр. Сыбайлас жем­­қорлықпен күресуші орган кейінгі жылдардағы ісінің қоры­тын­дысын шығарды. Күрестің біраз нашарлағаны байқалады. Енді агенттік күрес тактикасын өзгертпек. Салада реформа қол­ға алынады.

Торда шортандар шоршып жатыр...

Кейінгі 1 жылда Сыбайлас жем­қор­лыққа қарсы іс-қимыл агент­ті­гі­нің басшысы 3 рет ауы­сып­ты. Осы ор­ганның тізгінін жеті жыл үздіксіз ұста­ған Алик Шпекбаев 2021 жылғы 16 сәуірде қызметінен кетті. Сол күні Президенттің Жар­лығымен бұл лауазымға Марат Ах­метжанов та­ғайындалған еді. Алай­да ол 2022 жыл­ғы 15 ақпанда орнын босатып, Ішкі істер министрі крес­лосына ауы­сып отырды. Cыбайлас жем­қор­лық­қа қарсы іс-қимыл агент­­тігінің қа­зіргі төрағасы Олжас Бектенов. 30 наурызда Антикор Шым­кент­тің Жолаушылар көлігі және ав­томобиль жолдары басқарма­сының лауазымды тұлғалары мен «Ария-Жаңа Астана» ЖШС бас­шы­лығына – Гүлмира Сатыбалдыға қа­тысты 2021 жылы нақты орын­дал­маған құрылыс-монтаждау жұ­мыс­тары үшін аса ірі мөлшерде – 747 млн теңге бюджет қаражатын жым­қыру фактісі бойынша сотқа де­йінгі тергеу басталғанын ресми жария етті. 13 наурызда Антикор лауазым­дық өкілеттіктерін асыра пайдалану және «Қазақтелеком» АҚ-ның қа­ра­жатын аса ірі көлемде ұрлау фак­тілері бойынша қылмыстық іс ашып, осы қылмыстарды жасады де­ген күдікпен Қайрат Саты­бал­дыұлының тұтқындалғанын хабар­лады. Қ.Сатыбалдыұлының мемле­кеттің қауіпсіздігіне нұқсан келті­ретін басқа қылмыстарға қатыс­ты­лығы тексеріліп жатыр. Осыдан-ақ «жемқорлықпен күрес торына тек шабақтар тұты­лып, шортандар құтылады» деген сын ескіріп қалғандай. Ел басшы­лығы қойған міндетке сәйкес, енді Жаңа Қазақстан өз бойындағы «жем­қорлықтың іріңді жаралары­нан» тазарады деген үміт пайда болды. Оқа-погонына, салмақ-мәр­тебесіне, шығу тегіне қарамас­тан, коррупционерлерге қарсы ымы­расыз күрес майданы ашыл­ғанға ұқсайды. 3 наурызда ведомство «Са­мұрық-Қазына» ұлттық әл-ау­қат қоры, «Самұрық-Энерго» және «Қа­­­зақстан темір жолы» ұлт­тық компанияларының басшылы­ғына қа­тысты тергеу басталғаны хабар­ланды. Нақты аты-жөндері тер­­геу мүд­десі үшін айтылмады. Де­­генмен кей­бір дерек бойынша, квази­мемлекеттік сектордың осы атал­ған алпауыттарына қатысы бар көп­теген ірі тұлғаның шетелге шы­ғуы­на тыйым салынған. Бір анығы, «Самұрық-Қазына», «Самұрық-Энерго», ҚТЖ-ның басшылығы қыз­­меттік өкілеттіктерін теріс пай­далану арқылы жекеменшік ком­па­ния­лардан пайда алып келген де­лін­ді. Алдын ала есептің өзі мем­ле­кет­­ке аса ірі мөлшерде – 3,8 мил­лиард теңге залал келтірілгенін әш­­­­кереледі. Бұл тек басы ғана.

Ерік болса, былық жойылады

Осының алдында, 28 ақпанда антикоррупционерлер Қытаймен шекарадағы «Нұр Жолы» кеден бекетін жылдар бойы заңсыз баю көзіне айналдырып келген бірқатар лауазымды тұлғаларының қыл­мыс­тық әрекетінің жолын кесті. Жем­қорлар ірі көлемде тауар контра­бан­дасын жасыру үшін тексеру­ші­лерге ондаған мың доллар пара беретін болған. Қытай жақ кедендегі жемқор­лықтың ауқымын келесіден білуге болады. «Жыл сайын еліміздің сыртқы сауда статистикасының ҚХР ста­тистикасынан айтарлықтай алшақ­тығы тіркеледі. 2018 жылы Қытай­дан жіберілген тауарлар экспорты және тиісінше Қазақстанға енген қытай импортының арасындағы алшақтық 5,9 млрд, 2019 жылы 6,1 млрд долларды құрады. 2020 жылы 5,3 млрд долларға төмендегенімен, 2021 жылы қайтадан 5,6 млрд дол­ларға өсіп шыға келді. Мұның негізгі себептерінің бірі – эконо­микалық контрабанда. Қазынаға миллиардтаған кедендік төлемдер мен салықтар түспейді», – деп түсі­ніктеме берді Ұлттық экономика министрлігі. Миллиардтаған дол­лар кімдердің қалтасына түскен? Мұны құзырлы органдарға анық­тауға тура келеді. Сарапшылар осы орайда екі жайт­қа назар аудартады. Бір жағы­нан мұндай батыл күрес үшін ел басшылығының саяси ерік-жігері болуы керек. Ондай ерік қазір бар. Биылғы 25 ақпанда Сыбайлас жем­қорлыққа қарсы іс-қимыл агентті­гінің жаңа төрағасын өзі таныс­тырған Қасым-Жомарт Кемелұлы ведомство активімен жеке, жабық жүздесті. Жиында Мемлекет бас­шы­сы О.Бектеновке ең ірі жемқор­лардың да қылмыстары үшін жа­уап­кершіліктен жалтарып кетпеуін қамтамасыз етуді жүктеген көрінеді. Бұған қоса, ел Президенті елден ұр­ланып кеткен активтерді қайта­руды Антикордың басымдығы ре­тінде белгілеген. Тұтастай алғанда, қалыптасқан ахуалды сапалы өзгер­туді тапсырған. Басқа жағынан алғанда, бұ­рын­ғы жылдарда күрес әлсірегендіктен, биылғы іс-қимылдар таңданар­лық болып көрінуі мүмкін. Мыса­лы, Алик Шпекбаев тұсында, 2020 жылы антикоррупциялық орган бірде-бір (0) ұйымдасқан қылмыс­тық топты құрықтай алмапты. Ал 2021 жылы М.Ахметжанов тұсында 3 ҰҚТ қызметі әшкереленіп, ты­йылды. О.Бектенов «Самұрық-Қа­зына» қорынан, ұлттық компа­ния­лардан, ауыл-аймақтан қанша ҰҚТ табатынын (таппайтынын) тек уа­қыт көрсетеді. Президент Қ.Тоқаевтың қатаң сы­нынан кейін Ахметжанов елі­міз­де біраздан бері мил­лиардтаған тең­ге көлеңкелі табыс тауып келген, Қа­зақстанды энер­гетикалық дағ­дарыс­қа ұшырата жаздаған майнинг фермаларымен пәрменді күресті бастаған еді. Мы­салы, олар биылғы ақпанда Алматы облысының Жам­был ауданында, бұрынғы мата зауы­ты болған «Қар­ғалы» АҚ аумағында ірі заңсыз майнинг фермасын әш­кере­леді. Арасында шетелдіктері бар ұйым­дастырушылар тоқыма өн­дірісінің атын қалқан тұтып, тұ­тынылған электр қуатына жеңіл­де­тіл­ген та­риф бойынша төлеген. Тінту ке­зінде антикоррупционерлер құны 1 миллиард теңгеден асатын крип­­товалюта өндіретін ірі шиф­р­лау кешенін, 2 800 бірліктен астам жаб­­дықты тәркіледі. Майнинг фер­ма­сының қожайындары «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мен Жам­был ЭТА-ның қызметкерлеріне 1,5 млн теңгеге дейінгі пара беріп отырған. О.Бектенов бұл күресті ары қа­рай жалғастырғандай. Аса ірі заң­сыз май­нинг кешендерінің тұрғын үй­лерде, электр стансалары аума­ғын­да, арнайы экономикалық ай­мақ­тар мен индустриялық аймақ­тарда заңсыз жұмыс істеп келгені белгілі болды. Олар тіпті стартап тері­сін жамылып, елордадағы EXPO-2017 кешеніндегі Astana Hub IT-ста­р­таптардың халықаралық технопар­кінде мемлекеттен қолдау алып оты­рыпты.

Жемқор органдар рейтингі жарияланды

2022 жыл­дың 2 айында кор­руп­ция­­лық қыл­мысымен 240 тұлға әш­кере­ленді, оның 40-ы – рес­пуб­ли­­­калық және облыстық деңгейдегі ірі бас­шылар. Оның ішінде 1 вице-ми­нистр, 1 қала әкімі, сондай-ақ 11 об­лыстық басқармалардың бас­шы­лары бар. Келтірілген залалды өтеу үшін күдіктілердің 5,4 млрд теңге тұратын мүлкіне бұғат салынды. Нақтылай кетсек, Антикор 25 ақ­панда Түркістан облысының Кен­тау қаласының әкімі Дәурен Махажановтың аса ірі көлемде пара алды деген күдікке ілінгенін ха­барлады. Тергеу мәліметінше, Кен­тау әкімі 2022 жылғы 23 ақпанда сенімді тұлғалары арқылы МЖӘ тетігімен Кентаудағы жолдарды жөндеумен айналысатын серіктес­тік директорынан 98,5 мың доллар (42,5 млн теңгедей) пара алған көрінеді. Күдікті сот санкциясымен қамауға алынды. Әкімге қатысты сотқа дейінгі тергеуді Алматы қаласының жемқорлыққа қарсы қызметі жүргізіп жатыр. Ресми статистикаға сәйкес, жыл сайын тіркелген сыбайлас жем­қорлық фактілерінің саны үне­мі азайып келеді: 2018 жылы – 2 375, 2019 жылы – 2 245, 2020 жылы – 2 193, 2021 жылы 1 557 іс тіркелді. Сыбайлас жемқорлық қылмыс­тарына ары мен қолын былғағаны үшін 2021 жылы 892 адам сотталды (2020 жылы 1 021 адам). Жемқор­лығы үшін сотталғандар арасында бірінші орында полицейлер, ішкі істер органдарының өкілдері тұр: былтыр 207-сі (254) түрмеге отыр­ды. Әкімдіктердің және олардың құрылымдық бөлімшелерінің 150 (2020 жылы 211) қызметкері бос­тан­дығынан айырылды. Соның ішінде былтыр 5 әкім жемқорлығы үшін сотталды. 2020 жылы 19 әкім ұзақ мерзімге абақтыға жабылған-тын. Қаржы министрлігінің 34 (67) қызметкері, Ауыл шаруашылығы министрлігінің 19 (18), Денсаулық сақтау министрлігінің – 16 (5), ұлт­тық қауіпсіздік органдарының – 10 (5), экономикалық тергеу қызметі­нің – 4 (7), прокуратураның – 3 (6) қызметкері сотталды. Былтыр пара алғаны үшін 3 судья (2020 жылы 5 судья) түрмеге аттанған.

Реформа жаңалықтары қандай?

«Сыбайлас жемқорлық қыл­мыс­тар құрылымында жыл сайын парақорлық үлесі өсіп барады! Оған пара алу және беру, парақорлыққа делдал болу кіреді. Мысалы, 2015 жылы әрбір үшінші қылмыс қана парақорлыққа қатысты болса (2 733 істің 895-еуі), ал 2021 жылы – бар­лық істің 67%-дан астамы немесе 1 557 істің 1 053-ы парақорлыққа қатысты болды. Бұл мемаппараттың жұмысында «қауіпті аймақтардың» бар екені, олар бюрократия және күрделі рәсімдерден бастау алатыны туралы белгі береді», – деп дабыл қақты Антикор. Сондықтан антикоррупциялық орган күреске бірқатар өзгеріс енгі­зуді жоспарлапты. Оның жаңа­лықтарына тоқталсақ, біріншіден бұл қызметтің өз қатарын «таза­лауға» бағытталған шаралар қа­былданды. Екіншіден, follow the mo­ney қағидаты бойынша қаржы­лық тергеу дамытылады. Яғни, қыл­мыстық жолмен алынған мү­лік­ті іздеп табу және тәркілеу ісі Батыс елдерінде қолданылатын осы жаңа қағидатқа көшіріледі. Оған сәйкес, қаржылық тергеу жемқорды соттаумен бітпейді, ол талан-тараж еткен қаржылар табылғанша жалға­сады. Бұрын тергеушілер оны қай­таруға бас қатырмайтын, тиісінше коррупционер босап шыққан соң ол мүлкін пайдалана алатын. Енді Антикор жұмысында мемлекеттен ұрланған қаржы-мүлікті қайтару міндеті басым болуы тиіс. Үшіншіден, мониторинг жүргі­зіліп, байлықтың шығу тегі анық­талады. Бұл мысалы, Ұлыбри­та­ния­да өріс алған тәжірибе. Ірі ше­неу­ніктердің, әкімқаралардың, квази­мемсектор басшыларының шығы­сы кірісінен асып кетпеуі қадаға­лан­бақ. Тиісті заң жобасы Пар­ла­ментке енгізілді. Төртіншіден, пара беруге уәде бергені не ұсынғаны үшін қыл­мыс­тық жауапкершілік енгізілмек. Сондай-ақ жемқорлық үшін заңды тұлғалардың, компаниялардың жауапкершілігін күшейтуге бағыт­талған заңнамалық түзетулердің тағы бір топтамасы пысық­та­ла­ды. Бұдан бөлек, жаңашылдықтар қатарында Қазақстанда батыста­ғыдай лоббистік қызметті реттеу, бір көзден сатып алу үшін негіздерді қыс­­қарту, жемқорлықты зерттеу жә­не талдау мәселелерімен айна­лы­са­тын ғылыми орталық құру, кор­руп­ция­мен күреске үлес қоса­тын жур­налистердің құқығын қор­ғау ша­ра­ларын қабылдау және басқасы бар. Сонымен, салада ауқымда ре­форма басталды. Ол «қоғам өзегіне түскен жегіқұртты» жоюға ықпал етсе, игі.