«Иттің көзі жойылды» – алабай иттің иесі 2 жылға қамалуы мүмкін
«Иттің көзі жойылды» – алабай иттің иесі 2 жылға қамалуы мүмкін
717
оқылды
Атбасарда көршісінің алабай иті талап, қапыда аяғынан айырылған әйелдің оқиғасында жаңа мәліметтер пайда болды. Полиция иттің иесіне қатысты қылмыстық іс қозғап, адамға шапқан алабай иттің көзін жойды, – деп хабарлайды Aikyn.kz порталының тілшісі. Естеріңізге сала кетсек 57 жастағы әйелді қауып, талап тастаған иттің 40 жастағы иесіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылық кодексі бойынша іс қозғалған. Бұдан бөлек ит иесіне Қылмыстық кодекстің 119-бабымен «Қауіп-қатерге қалдыру» бойынша қылмыстық іс те қозғалды. Аталған бап бойынша аңдаусызда көмексіз қалдырылған адам денсаулығына орта және ауыр залал келуіне әкеліп соқса, онда оған екі мың айлық көрсеткіш мөлшерінде айыппұл немесе осы мөлшерде түзету жұмыстары, яки екі жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе дәл сол мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін. Аталған мәселе бойынша жергілікті Атбасар ауданының әкімдігінің баспасөз қызметі ит иелерін тек әкімшілік айыппұлмен жазалаудың жеткіліксіз екенін алға тартты. Ведомство оқиғаның әріқарай қалай жалғасатынын бақылайтынын мәлімдеді. Бүгін алабай талап, аяғынан айырылған әйелдің ұлы бізге жайсыз оқиғадан кейін 10 күн өткен соң иттің өлтірілгенін хабарлады. Әлеуметтік желілерде  аталған оқиғаға әлі де пікірталас қызу жүріп жатыр. Бірі иттің иесін кінәләса, бірі иттің жауыздығына жаға ұстап жатыр. Дегенмен, аталған жағдай бейсауат қаңғыбас иттердің мәселесі ушығып тұрғанын тағы бір мәрте дәлелдеді. Дереу іске кірісіп, тиісті құзырлы органдар шара қабылдамаса жағдайдың одан әрі күрделене түсетіні түсінікті.