Ғылымның дамуына кедергі көп
Ғылымның  дамуына кедергі көп
© коллаж: Әсел Балтақызы
962
оқылды
Күн өткен сайын жоғары технологиялық өнімнің қаншалық құнды екеніне көз жетіп келеді. Ондайды өзіміз де өндіруді қалаймыз. Алайда оған берік ғылыми платформа қажет. Шетелде ірі корпорациялар ғылыми жобаларға ақша құйса, біздің ғалымдар әлі де бюджеттің қаражатынан үмітті. Үміті ақталып, Үкімет оларды жарылқап қалса да, алақанды толтырып бермейтіні тағы бар. Мұндай жағдайда отандық ғылымды өркендету мүмкін бе? Әлде дайын тауарды шетелден импорттауды жалғастыра береміз бе? Өркениеті озық елдерде ғалымдардың бәсі қашанда жоғары. Соған сай олардың еңбектерін жеткілікті дәрежеде бағалап, өздеріне де құрмет көрсетіледі. Қайсы мемлекеттің де ғылымға деген көзқарасы оның бұл салаға салған қаржысының мөлшерімен өлшенеді. Осы есепке салсақ, ғылымға ЖІӨ-нің Израильде 4,6%-ын, Швецияда 4%-ын, Жапонияда 3,4%-ын, АҚШ-та 2,7%-ын, Германия да 2,5%-ын, Ресейде 1,25%-ын бөлсе, Қазақстанда – 0,16%. Қазақстан ғылым бойынша әлемдік рейтингте 61-орында. Яғни, өркениет көшіндегі елдерден 24 есе төмен. Халықаралық академиялық кеңестің дерегіне сүйенсек, мемлекеттің ғылымға бөлетін қаражаты 1,5 пайыз дан артық болған жағдайда ғана бұл сала дами алады екен. Сондай-ақ біздің ғылыми қызметкерлердің айлық жалақысы да шетелдік әріптестерінен көп төмен. Осыдан болар, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында республикада 42 мың адам ғылыммен шұ­ғылданса, қазір олардың саны 8 мыңнан сәл асады. Бұл 1 млн тұрғынға шаққан есеп бойынша АҚШ-тан 6,4 есеге, Ресейден 4,3 есеге, Беларусьтен 2,7 есеге аз.

Ғылым экономикаға қызмет етуі тиіс

Осындай қиын қаржылық жағдайға қарамастан Қазақстанда аты әлемге әйгілі ғалымдар аз емес. Бірақ ел ішінде олардың ашқан жаңалықтарын  өндіріске енгізу оңайға соғып тұрған жоқ. Үкімет қаулы­сында: «Қолданбалы зерттеулер бағдар­ламасы бойынша ұсынылған жобаның кем дегенде 1%-ы жекеменшік қаржыландыру болу керек» делінген. Осыдан келіп зерт­теуді қаржыландыруға қатысқан кез кел­ген тұлға ғалымның өнертабысына ортақ­таса кетеді. Ал ғылыми ұйымдар зерттеу­дің одан да көп бөлігін өздері қаржы­лан­дырып, жұмыстың нәтижесін өздерінің құзырында қалдырайын десе, оған заң рұқсат бермейді. Ол ол ма,бүгінде ғылыми-зерттеу ұйым­дарының өмір сүруі де қиындап кетті. Бұрынырақта ғылыми мекемелер меха­никалық құрылғыларды, қажетті аппарат­тарды өз шеберханаларында жасап алатын. Одан бөлек, сырттан да коммерциялық тапсырыстар алып, қосымша қаржы тауып тұрған. Бұл ақша мұндай мекемелердің әлдебір керек-жарақтарының шығынын еркін өтеп келген еді. Қазір ондай мүм­кіндік жоқ. Мемлекеттік мекемелерге қа­тыс­ты жаңа заң ережесі бойынша енді ғы­лыми ұйымдардың жанама табыс та­буына тыйым салынған. Тіпті, тапқанның өзінде ол қаражатты бюджетке аударуға міндетті. Сондықтан ғылыми инсти­тут­тардың қосалқы шаруашылықтармен қош айтысуына тура келді. Енді ғылыми жұ­мыстарына қажетті жабдықтарды сырттан әлденеше есе қымбат бағаға, әлденеше есе көп уақыт жоғалта отырып, сатып алуға мәж­бүр болды. Сондай-ақ оқу орында­ры­нан өзге ғылыми мекемелер маман да­йындау құқығынан айырылды. Бұл да жас мамандарды даярлауға кесірін тигізіп тұр. Бүгінде Қазақстанда 383 ғылыми-зерт­теу мекемесі болса, олар әртүрлі ми­нистрлікке бағынады. Дені Білім және ғылым министрлігінің қарамағында, енді бірі Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Денсаулық сақтау, Ауыл шаруашы­лығы министрлігіне бағынышты. Бұл – бұрыннан бар үрдіс. Бірақ қазір қай сала­дағы, қай министрлікке қарайтын ғылым арнасы болмасын, барлығының бағдар­ламасы Білім және ғылым министрлігі арқылы өтеді. Аталған министрлік мем­ле­кеттік сараптаманы Ұлттық ғылыми ке­ңес­тің, Жоғарғы ғылыми-техникалық ко­миссияның талдауынан өткізіп барып салалық министрлікке ғылыми жобаны қаржыландыруға рұқсат береді. Ал ғылыми жұмыстарды сараптау осы ведомствоның жанынан құрылған институттарға басы бүтін берілгендіктен, ақша бөлу кезінде ол ең бірінші өз мүддесін көздейтіні түсінікті. Яғни, мемлекет тарапынан ғылымға бө­лін­ген қаржы шын мәнінде озық танылған жобалардан бұрын БҒМ қарамағындағы өз мекемелеріне бұйыруы ықтимал. Мәселен, «Агроөндіріс кешені түрле­рінің дамуы және ауыл шаруашылығының қауіпсіздігі» бағыты бойынша алдыңғы жылы өткен конкурста қаражатты бөлуде өрескел қателіктерге жол берілгені анық­талған. Ол туралы Мәжілісте мәселе көте­рілгені де есімізде. Ұлттық ғылыми кеңес бірінші кезеңде 16-19 балл алған жұмыс­тарды өткізіп, 30-дан артық балл жинаған зерттеулерді өткізбеген. Жетекшісі ҰҒК мүшесі болған бір жоба 20 балл алса да, қаржыландыру тізіміне іліккен, керісінше кейбір 30-дан артық балы барлардың жұмысы өтпей қалған. Мұндай әрекеттер қайталанбас үшін Ұлттық ғылыми кеңес пен Мемлекеттік ғылыми-сараптау Білім және ғылым министрлігінің құрамында емес, өз алдына бөлек тікелей Үкіметке қарайтын ұйым болғаны дұрыс. Ал енді «жұмыстарға мін­детті түрде шетелдік ғалымдардың са­рап­тамасы керек» деген қағида Қазақстан ғылымындағы жетістіктерді басқа елдердің пайдаланып кетуіне жол ашып отыр. Ондай талап басқа ешбір елде жоқ.

Бар мәселе қаржыға тіреліп тұр

«Ғылымды қаржыландыру мәселесі – бүгінде ең үлкен проблемалардың бірі. Әр ғылыми тақырыпқа Білім және ғылым министрлігі тарапынан қойылатын та­лаптар бар. Сол талаптар қазір абсурдқа жақын. Яғни, ғылымның дамуына еш­қандай да оң әсер етпейді. Себебі бүкіл зерттеу жұмыстарының нәтижесі тек  «ғы­лыми мақалалардың жариялануы» прин­ципімен анықталады. Бағалау «Бұған дейін қандай ғылыми мақалаларың қайда жарияланды?» деген сұрақ аясында ғана жүргізіледі. Мұның түбегейлі дұрыс емес екенін осы талаптар пайда болғалы бері айтып келе жатырмыз, бірақ құлақ асатын жан жоқ», – дейді Мемлекеттік сыйлықтың иегері, профессор Әбдірәсіл Жәрменов. Оның айтуынша, осындай түрлі ке­дергінің салдарынан ға­лымдар өзінің өнертабысын патенттей алмай, қиналып жүр. Былтыр мемлекеттік ғылыми са­раптауға түскен 1 700 жобаның тек 200-не ғана толыққанды патент бе­рілген. Ол бір жағынан патенттеудің қым­бат­тығына да байланысты. Ғылымға бөлінген ақша­ның едәуір бөлігі ғылыми-зерттеуге жат­пайтын басқа шығындар  коммуналдық төлемдерге, электр энергия­сына, қон­дырғыны пайдалануға, мате­риал­дарды сатып алуға, жұмысшылар айлы­ғына төлеуге шығындалатындықтан, жобаны қаржыландыруға ақша жетпей жатады. Тіпті, патенті бар көптеген инс­титут өз жобасын қолдауға мүмкіндік таба алмайды. Сондықтан қазақ ғалымы әлемге аса қажет жаңалық ашуы мүмкін, бірақ ол өндіріске алынбағандықтан және өнім ретінде нарыққа шығарылмағандықтан, ешкімге пайдасыз сызба күйінде жұмыс үстелінің тартпасында ұзақ жылдар шаң басып жатуы әбден кәдік. Өркениетті елдерде интеллектуалдық меншікке өте құрметпен қарайды және оны өз мемлекеттерінің өнімі ретінде сыртқы нарыққа сатылымға шығаруға күш салады. Мәселен, АҚШ пен Ұлыбритания өз өнертабысының сыртқы нарықты жаулауына және кең таралуы үшін мем­лекеттен субсидия қарастырған. Сол ар­қылы басқа елдердің болашағы бар на­рығын өз өнімдерімен жаулап алуға тыры­сады. Сөйтіп, олардың сол бағыттағы өн­­дірісін жөргегінде тұншықтырып жібе­ру­ге тырысады. Тек күштілер ғана өмір сү­­ру­ге қақылы нарықтың қатал заңы – осы. Осындай келеңсіздіктің салдарынан тәуелсіздік алғаннан бері қазақтың талай дарыны қолдау таппай, қыр асып кетті. Мысалы, АҚШ-тың Массачусетс техноло­гиялар институтының ғылыми қызметкері Қуат Есенов, Калифорниядағы Oracle Corporation компаниясының иесі Нұртас Мәкімов, Жапонияның Нагасаки Ұлттық медицина орталығының дәрігер-генотомы Қаһарман Еменбетов, тағы басқа ондаған ғалым шетелден бақытын тапқан.  Физика-математика ғылымдарының докторы, АҚШ-тағы университет профессоры Бақытжан Әлімбековті де америкалықтар алақанына салып отыр. Сондай-ақ кейінгі 5 жыл ішінде құзыр­лы комиссияның сараптауынан өтіп, ма­құлданған жас ғалымдардың 200-ге тарта жобаның қаншасы өндіріске енгізілгені туралы да дерек жоқ. Бірақ бізге керек болмаған осы жобалардың шетелдіктердің қызығушылығын тудыруы мүмкін. Ондай мысал да жетерлік. Егер бүгін бұл кем­шіліктер жойылмаса, ертең қазақ жерінде туған құнды идеялар шекара асып жатса, оған кімді кінәларсың?!  
Р.S. Айта кету керек, Үкімет кейінгі жылдары ғылым мен білімге көп көңіл бөле бастады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отыры­сында 2025 жылы ғылымды қаржы­ландыру көлемін жалпы ішкі өнімнің 1 %-на жеткізу қажет екенін айтты. Егер Қазақстан 2019 жылы ғылымға 43 миллиард теңге жұмсалса, 2025 жылға қарай бұл көрсеткіш 431 мил­лиард теңгеге дейін өсетін болды. Яғни, ғылымды қаржыландыру осы алты жылда он есеге ұлғая түспек. Міне, қазақ ғылы­мы­ның тұсаулы адымы сол кезде еркін ашыла түсер деп үміттенеміз.