Ауыр жұмыстағылар да ауыз бекітеді
Ауыр жұмыстағылар да ауыз бекітеді
765
оқылды
Биыл Рамазан айы 2 сәуірде басталып, 1 мамырда бітеді. 14-16 са­ғатқа де­йін су мен тағамнан бас тарту оңай емес. Әсіресе, ауыр жұ­мысты арқалап жүргендерге қиын тиетіні анық. Алайда соған қара­мастан әркез мұсылмандық парызын бірінші орынға қоятындар бар. Ниет болса, алынбайтын қамал жоқ. Дәл осы ұстаным оразада да байқалады. Мұсылман парызы адамзаттың алуан түрлі мамандығына қарамайды, қасиетті Рамазан айында ауыз бекіту – барлық мұсылманға парыз. Көптеген жандар оразаның мәнісін түсініп, қасиеттілігін сезіне алса да, күннің ыстығын, жұмысының қиындығын сыл­тау­ратып, 30 күн ауыз бекітуге шыдай ал­майтындай күй кешеді. Ал мыңдаған жо­лаушы мен миллиондаған жүк тасымалын жүзеге асыратын машинист Бауыр­жан Лияс керісінше парыз етілген құлшылықты кейінгі қалдырмау керек деп отыр. «39 жастамын. Ораза ұстағаныма 15 жыл болды. 17 жасымда бастадым. Темір­жолшы ма­мандығының жауапкершілігі ауыр. Себебі пойыз жүргізу оңай емес. Осы салада жүргеніме 19 жыл болды. Кез келген уақытта жұмысқа шақырып алуы мүмкін. Қатып қалған уақыт жоқ. Түнгі 3-те кейде таңғы 6-да шақырту келсе, жұмысқа жетіп баруымыз қажет. Ораза ұста­уға үйрен­гендіктен, аса қиындық тумайды. Қатты шөлдейміз, де­ген­мен оған да шыдауға болады. Егер жұмысының ауырлығына бай­ланысты ораза ұстай алмаймын десе, еңбек демалысын алу керек. Себебі бұл – мұсыл­манның пары­зы», – дейді ол. Таң бозарып ата бастағаннан топ-тобымен мұнай ұңғымаларына беттейтін мұнайшылар бар. Соның бірі – 34 жастағы Асқар Ноғаев «Өзен­мұнайгаз» акционерлік қоғамында мұ­найшы технолог болып қыз­мет етеді. Жер асты байлығын іздеп, кең дала төсінде, ашық аспан астында, аптап ыстық пен үскірік аяздарда жұ­мыс істеп, сол жанқиярлықпен жетістіктерге жетіп жүр. Үлкен еңбекпен жер қойнауынан қара алтынды игеріп, экономиканың дамуына өз үлестерін қосып жатқан бұл мамандық иесі де жылда ауыз бекітеді екен. «Жаңаөзеннің тумасымын. 20 жасым­нан бері ораза ұстап келе жатырмын. Қазір 34 жас­тамын. Мұнай өндірудің әрине өзін­дік ауырт­палығы бар. Ораза ұстап жүрсем де қиындығын сезінбеймін. Маңғыстауды білесіз, күннің аптап ыс­тығы мен қаһарлы суығына қара­мастан, та­бан­дылықпен тер төгеміз. Бәрі­не шыдап, ма­мандық қызық болса, қиы­нын сезбейді екенсің. Ора­заның өзіндік жеңілдіктері бар. Қанша сапарға шықсам да, оразамды үзбеуге тыры­самын. Ауыз бекітерде көбіне жеңіл тағамдар жеген дұрыс деп есептеймін», – дейді ол. Қыстың қақаған сары аязы мен шілің­гір шілденің аптап ыстығын да, сары ала күздің сыл­быр жауыны мен даланың жаз­ғытұрым со­ғатын дауылды желін де еле­мес­тен бар ынта-шын­тасымен жұмысын са­палы жасауға ұмты­ла­тын тағы бір ма­мандық иесі – құрылысшы. Бо­йындағы бар күш-жігерін, құрыш білектің қуа­тын зәулім ғимараттардың бой көтеруіне ар­найтын құрылыс саласының қайсар жұ­мысшысы Бегжан Рысқұлбек сәресінде береке бар, сәресін ішкен кезде әлсіздік болмайды деген пікірде. «Құрылыс саласы соншалықты адам төзбей­тін жұмыс емес. Әр істің өзіндік ауырт­палығы мен рахаты бар. Алла жо­лында ауыз бекіту – адам нәпсісін тыйып, рухани өсуге, өз бойын­дағы жаман әдет­тер­ден арылып, көркем мінез қалып­тас­ты­руға мүмкіндік береді. Сондықтан Ра­ма­зан айын асыға күтемін. Иә, ауыр заттар көтереміз. Шаңның арасында жұмыс іс­тей­сің. Әлің құрып, бір жұтым суды аң­сай­тын кездер болады. Алайда шыдамдылық танытсаң, Алла ниетіңді қабыл етеді. Өз басым сәресін міндетті түрде ішемін. Біріншіден, сәресінде береке бар, екін­шіден, расымен 2-3 дана құрма жесең де, күш-қуат аласың», дейді Б.Рысқұлбек. «Әзірет Сұлтан» мешітінің бас аспазы Сұлтан Сабырұлы күндіз көбірек ас әзір­лейтініне қарамастан Алла разылығы үшін жылда ауыз бекітеді. Ислам дінінде адам­ның шамасы жетпейтін, орындалуы мүм­кін емес нәрсе жоқ дейді ол. «Аспаз болып жүргеніме 15 жылдан асты. Дәм-тұзын біле алмайсың. Тағамдарға тұзға дейін өлшеп саламыз. Әрқайсының бел­гіленген мөл­ше­рі болады. Күніне 10 шақты тағам түрін әзір­леймін. Ұжым­да белгілі бір себептермен ауыз бе­кіт­пеген кісі­лер бо­лады. Солар тұзын көріп бе­реді. Шамаң кел­ге­нін ғана істейсің. Шама кел­мейтін істі Алла Та­ғала бұйырмаған. Көппен бірге ораза ұс­таған жеңіл», – деді Сұлтан Сабырұлы. «Нәпсінің тізгіні – ашығу» деген бар. Де­генмен ораза бірінші кезекте нәпсімен күрес. Көзбен, сөзбен жасайтын көп күнә­дан тыйылу. Рамазан – Алланың сыйы. Осы айда қаншама жақсылық пен сауап бар. Оның барлығы есе­ленеді. 83 жылдың сауабын сыйлайтын Қадір түні де Рама­зан­да. Ұстаған оразаларыңыз, дұға-тілек­те­ріңіз қабыл болғай! Рамазан айында жаса­ған игі істеріңіз сауаптан жазылып, Алла Тағала елімізге, жерімізге береке жаудырсын!