Ақтауда жалақы көтеруді талап еткен наразы қызметкерлер жұмыстан қуылды
Ақтауда жалақы көтеруді талап еткен наразы қызметкерлер жұмыстан қуылды
431
оқылды

Ақтауда Petro retail компаниясының отызға жуық қызметкері "басшылықтан жалақыны 100 пайызға көтеруді талап етеміз деп, бір күннің ішінде жұмыссыз қалдық" дейді. Бензин, газ тасымалдайтын көлік жүргізушілері мен операторлар осыншама адамды жұмыстан шығаруы негізсіз деп отыр. Айтуларынша, даудың басы тек жалақыны көтеруден басталған. Әйтпесе ешқандай наразылыққа шықпай, жұмысты да тоқтатпай, тек заңды түрде талап қойдық дейді. Қызметкерлер шенеуніктерден араша сұрап, облыстық әкімдіктің алдына жиналды, деп хабарлайды 31-арнаның "Информбюро" ақпараттық бағдарламасы. 

Petro retail серіктестігінің бір топ жұмысшысы бір күнде жұмыссыз қалдық деп ашулы. Бензин мен газ таситын көлік жүргізушілері және операторлар басшылықтың бұл шешімі негізсіз дейді. Өйткені еңбекақыны көтерсін деген талаптан кейін жұмыстан шығару ойға қонымсыз екенін айтады.
"Айлығымызды 100 пайыз көтерсін деп арыз бергенбіз. Нарыққа байланысты ақшамыз аз дегендей. 24 наурыз күні еңбек шартың аяқталды деп хат жіберді. Еңбек кодексінде келісімшарттың екі рет ұзартылатыны туралы жазылған. Олар осымен үшінші рет ұзартып, бізді жұмыстан шығарып жіберіп отыр. Соған біз келісімімізді берген емеспіз. Негізсіз деп санаймыз", - деді жұмысшы Роман Сәтбаев. "Зейнетке шығуға алты жылдай уақыт қалды. Соның өзінде келісімшарт бітті деп негізсіз шығарып отыр. Отыз адамды бір күнде шығарып жіберді. Біздің келісімшартта жазылғанды сұрадық. Біз соны талап еттік. Даудың түбі сол болып тұр", - деді жұмысшы Қуанышбай Шүренов.
Жиналғандар осы күнге дейін жұмыс барысында еш салғырттық жібермегендерін айтады. Әрқайсымыз өз ісіміздің маманымыз дегендер бір күнде нәпақасыз қаламыз деп ойламадық дейді. Ал Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясында қызметкерлер жалақы мәселесі бойынша арыз жазды, дегенмен заңсыз жұмыстан шығару бойынша көмекке жүгінбеді деп отыр.
"Жұмысшыларға бірнеше рет кездесулер өткізіп, жұмысшыларға тәртіптері түсіндірілді заңды шешу жолдары. Заңдылығын тексеру үшін бізге, еңбек инспекциясына арыздану қажеттігін. Алайда қазіргі таңда ондай түскен жоқ. Сонымен қатар, келісім комиссиясына мекемеге жүгінуге, келісім комиссиясына келіспеген жағдайда сот органдарына бару қажеттілігі түсіндірілді", - деді Маңғыстау облыстық мемлекеттік еңбек инспекциясының инспекторы Мерей Мәжитов.
Түсірілім тобы Petro retail компаниясының кеңсесіне барып, мәселеге байланысты жауап сұраған еді, компания директорының міндетін атқарушы жауап беруден бас тартты. Ал жұмыссыз қалған азаматтар бұл істі аяқсыз қалдырмаймыз деп отыр. Енді олар сотқа жүгінбек.